Атырауда өткен жылдың қыркүйегінде Каспий теңізінен 264 келі бекіре тұқымдас балықпен ұсталған екі браконьерге қатысты сот процесі аяқталды. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес оларға екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі тиіс еді.
№2 қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, 31 және 32 жастағы Атырау тұрғындары ҚР ҚК 335-бабы 4-тармағы («Ірi залал келтiре отырып, балық ресурстарын заңсыз аулау») бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Бұдан басқа, олар келтірілген шығын үшін өте ірі көлемде – 226,7 млн теңге төлеуі тиіс.
Еске сала кетейік, ұсталғаннан кейін тергеу соты бастапқыда олардың бұрын сотталмағанын, тұрақты мекенжайларына тіркелгендігін және асырауында кішкене балалары мен қарт ата-анасы бар екендігін ескеріп, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Алайда облыстық прокуратура бұл шешімге қарсылық білдіріп, айыпталушылардың екеуі де тергеу абақтысына қамалды. Олар мұнда сотқа дейін үш ай отырды.
Фархат ӘБІЛОВ