Атырау, 22 қараша 10:22
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Лифтідегі жасөспірімдердің өлімі: тергеп біткенше, мерзімі ескірді

3 640 просмотра

Атырау қалалық №2 сотында Алмагүл ықшамаудандағы №19 үйдің лифт шахтасына екі жасөспірімнің құлап, қаза болуына қатысты іс бойынша үкім шықты. Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы (Адам өліміне соқтырған басқарушының өз мiндеттерiн орындамауы) бойынша «Каспий Лифт» ЖШС-нің 53 жастағы бұрынғы директоры Қаныбек МҰРАТБАЕВТЫ кінәлі деп таныды. Бірақ мерзімнің ескіруіне байланысты оны жазадан босатты. Толығырақ «AЖ» материалынан оқыңыз.

Сот тергеуі сотталушы Мұратбаевтың №19 үйдегі лифтілердің жұмыс істемейтіндігін білгендігін, бірақ ақауларды жойып, тұрғындарды қауіпсіз етуге нақты мүмкіндігі болғанын анықтады. Ол сондай-ақ қызметіне немқұрайлы қарап, шартты түрде сотталуына байланысты бірнеше жыл бойы Алматыда болғанда, Атыраудағы лифтілердің жұмысына бақылау жасамаған. Мұның бәрі оқиға болған кезде лифтілердің істен шыққан, есіктері бекітілмеген, ашық күйде болуына әкелді.


ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ТЕРГЕУ 

Сот ісі процессуалдық прокурорлардың, жәбірленушілердің, сотталушының және оның адвокатының қатысуымен онлайн режимінде қаралды. Прокурор Анар АБДОЛЛА Қаныбек Мұратбаевты кінәлі деп тануды және оны ескіру мерзімінің бітуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыны нақты мерзіммен жазалауды, ал адвокат пен сотталушы ақтау үкімін шығаруды сұрады.

№2 қалалық сотының төрағалық еткен судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ Мұратбаевты кінәлі деп тапты. Бірақ ол өз кінәсін мойындамады, енді сот үкіміне шағымданбақ. Бұдан басқа, сот «Каспий Лифт» ЖШС-не дейін Алмагүл ықшамауданындағы лифтілерге қызмет көрсеткен «Тату» ЖК-іне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешімді заңсыз деп санап, облыс прокурорының атына жеке қаулы шығарды. Сондай-ақ, қылмыстық істі тергеудің созылуына (екі жылдан астам) қатысты Атырау облысының полиция департаментіне қатысты жеке қаулы шығарды.


НЕГЕ МҰНДАЙ ҮКІМ ШЫҚТЫ?

Бұл туралы «AЖ» судья Зәуре Қазақбайдың өзінен сұрады.

- Қылмыстық кодекстің 11-бабының 2-тармағы бойынша, бұл қылмыс онша ауыр емес қылмыс ретінде белгіленген, оның бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан аспайды. Сот үкімі шыққанға дейін екі жылдан астам уақыт өтті, заң бойынша бұл санаттағы қылмыстың ескіру мерзімі өтіп кетті. Сондықтан сот Мұратбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп тапты, бірақ оны қылмыстық жазадан босатты, - деді судья.

Бұдан басқа, сот сотталушыдан процессуалдық шығындарды өндіріп алды. Сот жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлем өндірмеді, өйткені бұл төлем 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін өндіріліп алынады. Жәбірленушілер тарапынан азаматтық талап арыз түспеді.

Естеріңізге салсақ, 2018 жылдың 21 мамырында Алмагүл ықшам ауданындағы №19 үйде жұмыс істемей тұрған жүк лифтісінің шахтасына құлап, екі жасөспірім қаза болған еді. Бұл іс бойынша қылмыстық істі тергеу екі жылдан астам уақытқа созылды. Сотта жасөспірімдердің ата-аналарынан басқа, 2018 жылы Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған және коммуналдық секторға жетекшілік еткен Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТАН жауап алынды.

Фархат ӘБІЛОВ

16 қараша 2020, 11:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.