21 маусымда Атыраудағы Алмагүл ықшамауданындағы №19 үйдің 15-қабатындағы 14-15 жастағы екі жасөспірім жұмыс істемей тұрған жүк лифтісінің шахтасына құлаған. Біреуі оқиға орнында бірден көз жұмса, екіншісін ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады. Осы үйдің тұрғындарының айтуынша, қайғылы оқиға сағат 22 шамасында болған.
Осы үйге қызмет ететін ПИК директоры Зухра ИЛЬЯСОВАНЫҢ айтуынша, аталған үйдегі лифтілер «Касспий лифт» ЖШС-і балансында. Бұрын үйде жүк және адам тасуға арналған екі лифт болған. Кейін терможаңғыру өткеннен кейін жүк лифтісі демонтаждалып, адам таситын жаңа лифт қойылған.
Куәгерлердің сөзінше, жүк лифтісін қолмен күштеп ашуға ғана болады. Бірақ құзырлы органдар зерттеу жұмыстарына байланысты оған жасөспірімдердің қалай мінгені туралы ақпарат берілмейтінін айтты.
Естеріңізге салсақ, 2013 жылы осы ықшамауданда осындай қайғылы оқиға болған еді. 16 қабатты №23 үйде шілденің кешкі уақытында лифт 7 және 8 қатар аралығында тұрып қалған. Лифт ішінен өз бетінше шығуға әрекет жасаған 24 жастағы шахтаға құлап, мерт болған еді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор