2 шілдеде кешкісін Алмагүл ықшамауданындағы көп қабатты үйлердің бірінде 24 жастағы әйел лифт шахтасына құлап, мерт болды. Бұл туралы Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА хабарлады.
Қайғылы оқиға №23 үйдің 16-қабатының 1-подъезінде орын алды. Лифт 7-ші қабат пен 8-қабаттың ортасына тұрып қалған екен. Өздігінен лифтіден шықпақ боп әрекеттенген жас әйел өте жоғары биіктіктен төменге құлап кеткен.
Үй тұрғындарының айтуынша, тұрып қалған лифті ішінде бірнеше адам болған. Көмекті күтпестен олар есікті ығыстырып ашып, баспалдақ алаңқайына шығып кеткен. Ең соңында қалған әйел көршілеріне баласын ұстатып, енді өзі шықпақ болғанда, өте жоғарыдағы биіктіктен шахтаға құлап түскен... Ауылдан қалаға келген әйел сіңлісімен және бір жастағы қызымен бірге осы подъезден үй жалдап тұрған екен.
...Алмагүлдегі апатты лифтілер проблемасы көптен бері шешілмей келеді. Олар жиі істен шығып қалатындықтан, 2 шілдеде орын алған «эвакуация» жергілікті тұрғындарға таңсық емес. 2012 жылдың тамызында облыстық ТЖ департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері 9 қабатты үйлердегі лифтілерді пайдалану қауіпті болғандықтан үйлерге қызмет көрсетуші «Эпиташвили» ЖК-не жағдайды түзетуге 15 күн беру үшін оларды 1 айға тоқтатуға қол жеткізген болатын («АЖ», №33, 16.08.12 ж., «Алмагүлдегі “альпинизм”» жарияланымын қараңыз). Коммуналдық қызметкерлер қауіпсіздік инспекторларының талаптарын орындады. «Атырау лифт» ЖШС директоры Жандос ЖАКУАЛИЕВТІҢ айтуынша, қазір 9 қабатты үйлердегі лифтілер дұрыс жұмыс жасап тұр екен.
Биылғы жылдың қаңтарында қаланы аралап жүрген кезінде облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атырауға Алмагүлдегі көп қабатты үйлердегі жарамсыз лифтілерді ауыстыру үшін жаңа лифтілердің алғашқы партиясы түскенін хабарлаған еді («АЖ», №4, 24.01.13 ж., «Билікке жеткен наз» жарияланымын қараңыз). Сонда өңір басшысына қате ақпараттың берілгені ме?
Қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ айтуынша, іс жүзінде 2012 жылы Алмагүлдегі 16 қабатты бес үйдің лифтілері ауыстырылған. Жоба терможаңғырту бағдарламасының аясында жүзеге асырылып, осы үйлердің тұрғындары жаңа лифтілер үшін 7 жыл бойына айына 2 577 теңгеден төлеуге келісім беріпті. Қалған 16 қабатты - №17, 19 және 23 үйлердің тұрғындары қол қоюдан бас тартты (олар пәтерлерді бар болғаны 5 жыл бұрын ипотекалық несие бойынша алған болатын). Үстіміздегі жылы «келісім бермеген» үй тұрғындарымен жиналыстар өткізіліп, осыдан екі ай бұрын үш үйдің тұрғындары, ақырында қажетті құжаттарға қолдарын қойған. 2 ай ішінде олар үшін жаңа лифтілер құрастырылып, орнатылмақ. Түркиядан жеткізілген лифтілерге «Каспий Лифт» ЖШС қызмет көрсетеді.
Бірақ олар өлген адамды тірілте алмайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ