Атырау, 25 сәуір 05:11
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Таубаевтан сотта жауап алынды

3 636 просмотра

Бүгін, 19 қазанда, СИЗО-да қамауда отырған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев Алмагүлдегі №19 үйдің лифт шахтасына құлаған 2 жасөспірімнің өліміне қатысты сот отырысында куәгер ретінде жауап берді.

Коронавирус пандемиясына байланысты сот отырысы Whats Аpp мессенджері арқылы бейнеконференция түрінде өтті. Бұл істе Таубаев куәгер ретінде жауапталды, себебі 2018 жылы ол Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып, шаруашылық саласына жетекшілік етті.

Төрағалық етуші №2 қалалық сотының судьясы Зәуре ҚАЗАҚБАЙ, сот отырысының ашық екенін және БАҚ өкілдері қатыса алатынын ескертті.

Прокурор Анар АБДОЛЛА Таубаевқа сұрақ қойды:

- Алмагүл мөлтек ауданындағы лифтілер кімнің балансында болды?

- Оны нақты білмеймін. Бірақ өткенде енді лифтілерге Тұрғын үй шаруашылығы басқармасы жауап беретінін газеттен оқып едім, - деп жауап берді ол.

- Қазақстанда лифттің құлап кетуі жиілегеннен кейін, Атырау қаласы әкімдігіне қалалық прокуратура лифтілерді тексеру жөнінде хат жолдаған. Алайда лифтілердің жұмысын тексеру бойынша жұмыстар кешігіп басталды. Неге? – деп сұрады прокурор.

- Бұл сұрақты қала әкіміне қойыңыздар. Өйткені әкім ғана комиссия құру жөнінде тапсырма бере алады, - деп жауап берді Таубаев.

Прокурордың қала лифтілері туралы басқа да сұрақтарына «Мен ол жерде тек 3 ай ғана жұмыс істедім» деп қысқа қайырды. Жапа шегуші жақтың адвокаты қойған сұраққа да Таубаев мардымды жауап бере алмады. Бұған қайтыс болған жасөспірімнің бірінің анасы ашуланып:

- Сіз қала әкімдігінде жұмыс жасай тұра, ешқандай сұраққа нақты жауап бере алмадыңыз. «Білмеймін», «Ана кісіден сұраңыз» деп қана жауап беріп отырсыз, -деді.

- Сотқа қатысатынымды бүгін ғана білдім. Әйтпесе дайындалатын едім, - деді Таубаев.

- Сіздің осы сот отырысына қатысатыныңыз туралы УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесіне хат жолданған болатын. Сол себепті сізге алдын-ала ескертілді, - деп атап кетті судья. Осыдан кейін сот екінші куәгерден жауап алуға көшті.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 21 мамырында Алмагүл ықшамауданындағы №19 үйдің жүк тасу лифтінің шахтасына 2 жасөспірім құлап, қайтыс болды. Бұл қылмыстық істі тергеу екі жылға созылды. Айыпталушы орындығында – 53 жастағы «Каспий Лифт» ЖШС директоры Қаныбек МҰРАТБАЕВ.

Фархат ӘБІЛОВ

19 қазан 2020, 16:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.