Атырау, 22 желтоқсан 10:57
 бұлттыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Билік коронавируспен күресте сынақтан неге сүрінді

3 834 рет қаралды

Мамыр айының соңында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пандемиямен күресуге дайынбыз деп мәлімдеген еді. Алайда бір айдан кейін биліктің бұл сынақтан өте алмағаны белгілі болды.

Жасалған есепке сәйкес, қомақты қаржы бөлініп, жұмысты ұйымдастыру жолдарын қалыптастырып, коронавирус инфекциясымен (КВИ) күресуге Атырау облысы көктемде-ақ дайын болған. Мамырдың аяғында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сәуір-мамыр айларында үлкен жұмыс жасалып, аурудың алдын алуға және КВИ-ге дайындық жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд 500 млн теңге жұмсалғаны және сондай қаражат жергілікті бюджеттен де шыққаны туралы брифингте хабарлаған еді.

- Бұл қаражаттар мақсатты түрде жұмсалды, - деді М.Досмұхамбетов. – Осы жерде демеушілердің, кәсіпкерлер сондай-ақ кәсіпорын мен компаниялардың көмегі зор болғанын айта кеткен жөн. Демеушілік қолдау нәтижесінде қажетті медициналық құрал-жабдықтар, жеке қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмек сатылып алынды. Сондай-ақ қаражат КВИ-мен күрескен медицина қызметкерлері мен науқаспен байланыста болып, карантинге жіберілген адамдар орналасқан қонақ үйлерге төленді.

Осыдан кейін «АЖ» тілшісі Атырау облысы әкімдігінің баспасөз-қызметіне хабарласып, 1 млрд теңгенің қайда және қалай жұмсалғандығы жөнінде қысқаша есеп беруді сұрады. Жауап әлі күнге келген жоқ. Ендеше, өзіміз есептеп көрелік.

МИЛЛИАРД КӨКТЕМДЕ ИГЕРІЛДІ

Сонымен, әкім Досмұхамбетовтың айтуынша, ақша медицина қызметкерлері мен карантинде болғандарды жатқызу үшін қонақүйге төленген. Бірақ көптеген кәсіпкер елдегі қысылтаяңда жомарттық танытып, өз қонақүйлерін медицина қызметкерлеріне тегін ұсынса, коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болғандар «Береке» ықшамауданындағы жаңа үйлер мен мемлекеттік университеттердің және колледж жатақханаларына орналастырылған еді.

«АЖ» әкімдік университеттің студенттік жатақханасын қаншаға жалдағанын білу үшін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Саламат ИДРИСОВКЕ жолыққан еді.

- Ақша туралы ешқандай әңгіме болған жоқ. Карантин орталығы ретінде пайдалану үшін жатақхананы тегін ұсындық. 200-ден астам орын болды, онда әр елден келген студенттер орналасты, - дейді С.Идрисов.

- Коммуналдық шығындарды әкімдік өтеген болар?

- Жоқ, өзіміз төледік. Басында өзіміз төлейміз деп уәде берді, кейін өзіміз бұл қызметтердің ақысын төлесін деп әкімдікке хат жолдадық. Бірақ кейін індет күшейіп кеткесін, онсыз да шаруасы шаш тетектен болған билікті біз өтініш беріп мазаламайық деп шештік. Алайда облыс әкімдігі тамақтандыру мен төсек орын жабдықтарымен қамтамасыз етті.

«Береке» ықшамауданындағы көпқабатты үйлер карантиндік орталыққа дайын болмай шықты – жылу мен газы, тіпті қажетті жиһаз жоқ. Бұл пәтерлерді стационар ретінде жабдықтау үшін қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз. Тек мамырдың соңында 540 инфекциялық орын, 300 провизорлық және 2000 карантиндік орын дайындалғаны белгілі болды. Карантинде жатқан бір адамның тәулік бойы тамақтануы 2600 теңгеге есептелді.

Дәрі-дәрмек пен қажетті медициналық құралдарға қатысты әкім демеушілік көмек есебінен барлық қажетті дәрі, медициналық құралдар мен жеке қорғаныс заттары сатып алынды деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу сайтында мамыр-маусым айларында қалалық ТКШ бөлімі тротуар мен жағажай жолдарына 100 миллион теңгеге залалсыздандыру жұмыстарын атқарғаны туралы ақпарат жарияланды.

АТЫРАУЛЫҚТАР ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ ЖОЛДАДЫ

Осы мәлімдеме жасалғаннан кейін тура бір ай өткенде жедел шақырылған кеңесте облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА жергілікті кәсіпкерлерден ИВЛ аппаратын сатып алу үшін көмектесуге өтініш жасайды. Өңірде неше ИВЛ аппараты бар екені де түсініксіз. Алдымен наурыздың аяғында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ИВЛ-дың 12 аппараты бар деп хабарлады, кейін ол санды 104 деп көрсетті. Маусымның аяғында небәрі 111 ИВЛ аппараты есепте болып және оның жеткіліксіз екені айқындалды.

Әрі қарай шілде айы да келіп жетті – аурудың нағыз өршіп тұрған кезеңі. Облыста санитар дәрігер бірінен соң бірі ауысты, дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болды, ауруханада орын жеткіліксіз, дәрі мен кислород аппараты жетпей адамдар өмірмен қош айтысып жатты. Жағдай ырқынан шығып кетуге шақ қалды. Әбден қажы болған атыраулықтар президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА ашық хат жолдап, әлеуметтік желіде жариялады. Президент Twitter арқылы жауап беріп, қоғам өкілдерінің хатымен танысқанын жеткізіп, көмектесуге уәде береді.

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ҚОЙМАДА ЖАТТЫ

Маусымның аяғында бізге қажетті демеушілік және гуманитарлық көмек келе бастады. Оның қалай таратылғанын мемлекет басшысы облыс әкімі Досмұхамбетовке көпшілік алдында сөгіс жариялап, біздің облысқа үкіметтік комиссия жібергеннен кейін білдік.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысына карантин кезінде әртүрлі ел мен әр түрлі компаниядан 9 жүк гуманитарлық көмек жөнелтілгенін хабарлады. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы Атырау халықаралық әуежайы жеткізген демеушілік көмекті ешқайда бөлмегені анықталды. Ауылдың дәрігерлері амалсыздан  өздері іздестіріп, өз ақшаларына жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға мәжбүр болған кезде, демеушілерден келген он мыңдаған көзілдірік, маска және комбинезон облыстық денсаулық сақтау қоймасында шаң басып жатқан.

Шілдеде президент шықпыртып алғаннан кейін  КВИ-мен күресте артта қалған әкім Досмұхамбетов Атырау облысына 220 млн-ға дәрі-дәрмек жеткізілді деп хабарлады. Өңірге елдің түкпір-түкпірінен көмек келе бастады. Алайда, Атырауда дәрі-дәрмек жетіспей, алыпсатарлық белең алды. Тек биліктің күшімен дәріханадағы баға мен дәрі-дәрмектердің дұрыс таратылуы бақылауға алынды.

Жергілікті мұнай компанияларына келетін болсақ, мәселен, НКОК пен «Теңізшевройл»  шілде айына дейін әрқайсысы 2 млрд теңгеден көмек көрсетті.

- Наурыз айынан бастап компания облыстың жұқпалы аурулар ауруханасының қарқынды терапия бөлімдеріне көп функциялы кереуеттерді, дефибрилляторларды, сонымен қатар дезинфекциялау құралдары мен медициналық персоналға арналған жеке қорғану құралдарын, антибиотик, инфузиялық ерітінділерді, залалсыздандыру құралдарын табыстаған еді. Сондай-ақ шілде айына дейін 20 ИВЛ аппаратын сыйға тарттық, - деп жауап берді НКОК баспасөз қызметі. Айта кетсек, әкімдік өмірге аса қажетті аппараттарды шілденің аяғында сатып алуға кірісті, дәл сол кезде олар Мәжліс депутаты Азат ПЕРУАШЕВТІҢ кейін жемқорлыққа қарсы күрек қызметінің назарына ілінді.

ЕКІНШІ ТОЛҚЫНҒА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Қазір ауру көрсеткіші төмендеген кезде Атырау облысының әкімдігі КВИ-мен күресте қай жағынан да осалдық танытты деуге болады.

Атырау облысының әкімі ауруды жақсы анықтағанның арқасында көрсеткіштер саны бізде көп дегенімен, бұған ауру жұқтырып, емделіп шыққан немесе осы ауыр індеттен өзінің жақын туыстарынан айырылып, қара жамылған мыңдаған атыраулық куә. Оның себебі – төтенше жағдайда әрекет ету тәжірибесі жоқ,  ұйымдастырудың нашарлығы, мамандардың құзыретсіздігі ме? Бұл сұрақтың жауабы жергілікті атқарушы биліктің мойнында қалсын. Ал, әзірге, әкім «тосылып қалмаймыз» деп уәде еткендей, пандемияның екінші толқынына дайындаламыз.

Фархат ӘБІЛОВ

ӨКҚ ұсынған суреттер 

17 тамыз 2020, 10:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.