Медициналық көмек облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоймаларында шаң басып жатқан

689 рет қаралды
Көрнекі сурет

Атырауда демеушілерден келген медициналық көмек қоймаларда қатталып жатқан. Ал аудандық ауруханалар бұл көмекке мұқтаж боп жатқан еді. Бұл прокурорлық тексеру барысында белгілі болды.

- 25 маусымда Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасына «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ-нан демеушілік көмек ретінде жеке қорғаныс құралдары берілген, соның ішінде қорғаныс көзілдірігі – 1500 дана, қолғап – 6000 дана, бір рет қолданылатын медициналық маска – 7000 дана, бір рет киілетін комбинезон – 1750 дана, қорғаныс экраны – 1750 дана, - деп хабарлайды Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі. – Алайда басқарма бұл көмекті медицина мекемелеріне таратпай, бүкіл мекемеде үш аптаға жеткілікті қорғаныс құралдары бар деген желеумен ұзақ уақыт қоймада сақтаған.

Прокуратура жүргізген тексеру жұмыстары шілде айында Исатай аудандық орталық ауруханасында 2 млн теңгеге 500 дана қорғаныс комбинезоны мен 5000 дана медициналық маска сатып алғанын, ал Жылыой аудандық орталық ауруханасында 50 000 дана маска, 5000 дана қорғаныс комбинезоны, 30 000 дана қолғап пен 100 қорғаныс көзілдірігі жетіспегенін анықтады.

- Осылайша басқарманың әрекетсіздігі бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына және ауруханалардың аса қажетті құралдарды толық алмауына жеткізді, – деп атап өтті прокуратура.

Осы дерек бойынша материалдар тергеу жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

Фархат ӘБІЛОВ

30 шілде, 11:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.