Атырау, 20 сәуір 14:17
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Тоңазытқыштағы нәресте өлімі туралы іс: сотталушылар тергеу абақтысындағы тәртіпсіздікке байланысты қатыса алмады

Бейнежазба
4 819 просмотра
Артындағы сол жақта - перзентхананың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев

Атырауда облыстық перинаталдық орталығында жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасуда. 2 маусымда мемлекеттік айыптаушылар 14 эпизодтан тұратын 150 беттік айыптау актісін оқуға кірісті.

Бұл күні олар 70 бетті оқып үлгерді. Содан кейін судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА келесі сот отырысын 3 маусым сағат 10-ға белгіледі. Бірақ таңертең 3 маусымда сотталушылар тергеу абақтысынан сотқа әкелінбеді. Г. Дәулетова себебін анықтау үшін 5 минутқа отырысты үзіп, қайтып келген соң себебін анықтау мүмкін еместігін айтып, отырысты сағат 15.00-ге ауыстырды. Сол арада тергеу изоляторында таңертең тәртіпсіздіктердің орын алғанын айтып жатты. Кейін бұл жағдай расталды. Сондықтан сағат 15.00-ге белгіленген отырыс та өтпеді.

Дегенмен 2 маусымдағы отырысқа оралайық. Ол адвокаттардың өтінішінен басталды. Акушер Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВАНЫҢ мүддесін қорғаушы Талғат МҰҚАТАНОВ сот ісін жүргізу тәртібі бұзылғандығын, атап айтқанда, дәлелдерге байланысты істер тізімдемесінде бірнеше парақтың дұрыс толтырылмағанын айтты.

Оның екінші өтініші қылмыстық іс материалдарына тіркелген жаңа құжаттармен танысу туралы болды. Үшіншісі - облыстық перинаталды орталық қызметкерлерінің кезекшілік кестесін және қызметтік міндеттері туралы нұсқаулықтың көшірмелерін іске тіркеу туралы. Ал төртінші өтініші сотқа дейінгі сотқа дейінгі тергеу барысында және олар жауап берген кезде заң бұзушылықтардың болғаны туралы облыстық прокурор мен ҚР Бас Прокурорының атына жолданған бірқатар шағымдарды сот ісіне тіркеу жөнінде еді.

Судья бірінші өтінішті қабыл алмады, екіншісін ашық қалдырып, қалған екеуін қанағаттандырды.

Адвокат Жанар МОЛДАШЕВА қорғалушыларын жауап алуға шақыру тәртібінің бұзылғанын айтты - судья бұл өтінішті ашық қалдырды.

Содан кейін мемлекеттік айыптаушылар Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ пен Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ айыптау актісін кезекпен оқи бастады. Олар оқып үлгерген айыптаулардың арасынан, облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігерін ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы (Лауазымды өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша айыптауға байланысты эпизодқа тоқталайық. Бұл деректерді бұрмалау туралы болып отыр.

Өткен жылдың 13 қыркүйегінде пациенттердің бірі Даун синдромы және трисомия диагнозы бар нәрестені дүниеге әкеледі. Туылған кезде оның жүрегі соқпайды, бірақ содан кейін тіршілік нышанын білдіріп, 29 минуттан кейін шетінейді. Сол кезде, Нысанбаев сырқатнамаға «ұрықтың антенатальды өлімі» (ұрықтың құрсақішілік даму кезіндегі өлімі, яғни, туылғанға дейін) деп жазуды бұйырады. Ал іс жүзінде журналда «интранатальды өлім», яғни, туылу кезіндегі өлім деген диагноз көрсетілуі тиіс. Сол 29 минут ішінде нәрестеге ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген, жансақтау шаралары алынбаған.

Прокурорлар өткен жылдың 29 қыркүйегінде облыстық перзентхананың тоңазытқышында әдейі қалдырылған нәрестенің өліміне қатысты басты эпизодқа әлі жеткен жоқ.


Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

4 маусым 2020, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.