Атырау, 20 сәуір 09:18
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атыраудағы тергеу изоляторында бүлік шықты

Толықтырылды Сурет Бейнежазба
6 819 просмотра

Бүгін, 3 маусымда Атыраудағы тергеу изоляторында тұтқынға алынғандар камера терезелерінен қан боялған киімдерін шығарып, «құтқарыңдар, көмектесіңдер, жедел жәрдем!» деп айқайлай бастаған. Арнайы мекеменің жанына абыржыған туыстары жиналып қалды. Ол жерге «АЖ» тілшісі де барған еді.

Ғимарат қақпасының алдына 40 шақты адам жиналған, олар тұтқындардың ата-аналары, басқа да туыстары екен.

Лаура:

- Бұл жерге таңғы 5-те келдім, бізге терезеден қанға боялған футболкасын көрсетті. Жедел жәрдем шақыруды өтінген едік, бірақ бізге санитарлық бөлім бар екенін айтты. Ештеңе біле алмай отырмыз.

Надежда:

- Осы жерде інім жатыр. 30 мамырда оған қоңырау шалуға мүмкіндік берді. Ол маған өздерін күн сайын ұрып-соғатынын айтты. Бүгін түнде інімді және камерада бірге жатқандардың бәрін ұрып-соққаны туралы құпия қоңырау келіп түсті. Таңертең облыстық прокуратураға барып, шағым жаздым. Көмектесулеріңізді сұраймыз, бұл жерде ешкім бізге ештеңе түсіндіргісі де, көрсеткісі де келмейді. Оларды көзімізбен көруге рұқсат беріңіздерші, ана жақтан жедел жәрдем шақырып, айқайлап жатыр, бірақ ешкім шақырып жатқан жоқ. Біз өзіміз шақырдық, бірақ тергеу изоляторының шақыртуын қабылдамайды екен. Қызметкерлердің өздері шақыруы тиіс дейді.

Осы кезде ғимараттан прокуратура қызметкерлері шықты. Облыстық прокуратура басқармасының бастығы Сәкен ЖАНДЫРБАЕВ:

- Мен ішке кіріп, жағдайды көріп шықтым. Бірнеше сотталғандар мен тергеудегілер ішкі тәртіпке бағынбаған. Қазір тексеру жүріп жатыр. Іште жеке қабылдауыма сұранғандарды қабылдадым. Дене жарақаты бойынша сараптама тағайындалады. 

Жиналғандардың өтініші бойынша әйелдердің бірі бәрін өз көзімен көру үшін түрменің ішіне кіруге рұқсат алды. Қалғандары оған сонда отырғандардың атын қағазға жазып берді.

Сәл кейінірек біз ішке кірген Лаурамен хабарластық.

- Мені өткізбеді, сол жерде тұрып күттім. Маған тергеу изоляторының бастығы, прокурор шығып, інімді телефон арқылы көрсететіндігін айтты. Мен ондай ұсыныстан бас тарттым, өйткені сыртта мені көп адам күтіп тұр. Мен оларға бәрін біліп берем деп уәде бердім ғой. Бірақ мені ешқайда жібермеді, тек тергеудегі тұтқындардың қасақана ішкі тәртіпті сақтамай, трамадол талап етіп жатқандарын айтты. Содан соң мені сыртқа шығарып жіберді.

Ол сағат 16-да ғимараттың маңында адамдардың әлі жүргенін, терезеден айқайлаған дауыстардың шығып жатқанын айтты. Жедел жәрдем келген, бірақ ол да қақпа алдында тұр екен. Тергеу абақтысына апаратын жол жабылған.

Тергеу абақтысындағы бүлікке қатысты ҚАЖ комитеті комментарий берді.

«2 маусымда Атырау қаласының тергеу изоляторындағы кешкі тексеруден кейін бес сотталушы қамау режимін бұзып, тергеудегі басқа тұтқындарды жаппай тәртіпсіздікке шақырды.

Құқыққа қайшы әрекеттерді болдырмау үшін тергеу изоляторының қызметкерлері оларды тәртіптік камераға орналастырды.

Бес сотталушыр ауыр және аса ауыр қылмыстар, атап айтқанда адам өлтіру, қасақана ауыр дене жарақатын салу, ірі көлемде ұрлық жасағандар екенін атап өткен жөн.

Оқиға орнында ҚАЖД басшылығы, прокуратура және ұлттық превентивті тетігі (азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалардың алдын алу жүйесі) өкілдері барды, олар сотталғандардан сұрақ-жауап алып жатыр.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 428-бабы («ҚАЖ әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, тексеру жүргізілуде. Қазір мекемедегі жағдай тұрақты, қамауда ұстау режимін бұзу фактілері тіркелген жоқ», - деп хабарлайды ҚАЖ. 

Жаңалық жаңартылады.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

3 маусым 2020, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.