Атырауда облыстық перзентхана тоңазытқышына салынған сәби өліміне қатысты сот басталды

Сурет Бейнежазба
2 122 рет қаралды
Прокурорлар Магомед Есенболатов пен Нұржан Жангереев

Бүгін, 27 мамырда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен жылдың қыркүйегіндегі облыстық перинаталды орталықта жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты тергеу жүргізілген қылмыстық істі қарау басталды.

Төрағалық етуші судья - Гүлмира ДӘУЛЕТОВА.

Сотталушылар - перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ, акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН, неонатолог дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАНБЕТОВ және Дариға ЖҰМАБАЕВА, акушер-мейірбике Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА.

Адвокат Бақберген Айтмамбетов
Неонатологтарға ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша айып тағылуда. Нысанбаев – ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы («Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам не оған теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуы»), 361-баптың 1-тармағы («Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану»), 366-баптың 3-тармағының 4-тармақшасы («Бірнеше рет пара алу»), 367-баптың 2-тармағы Айтарлықтай мөлшерде пара беру»), 190-баптың 3-тармағының 2-тармақшасы («Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам жасаған алаяқтық»), 370-баптың 4-тармағы («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік») және 99-баптың 2-тармағының 3,5,7,10,14-тармақшалары («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру») бойынша, Қайыржан мен Құлбатырова – 99-баптың 2-тармағының 3,5,7,10,14-тармақшалары бойынша айыпталып отыр.
Адвокат Талғат Мұқатанов

Сот отырысына айыпталушылардың қорғаушысы ретінде адвокаттар Жамбыл МҰҚАШЕВ, Талғат МҰҚАТАНОВ, Аслан ЖОЛБОЛОВ, Бақберген АЙТМАМБЕТОВ және Жанар МОЛДАШЕВА қатысуда. Айыптаушы тарап - прокурорлар Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ пен Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ.

Бұл жерде судьяның, адвокаттар мен прокурорлардың сот залында отырғанын, ал сотталушылардың тергеу изоляторынан бейнебайланыс арқылы сотқа қатысқанын айта кеткен жөн.

Сотқа қатысушылар

Қайыржанның адвокаты Айтмамбетов судьяға прокурор Есенболатовтан бас тартуға өтініш білдірді.

- Тергеу барысында менің қорғалушым Қайыржанды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратына алып келіп, мәжбүрлі түрде көзбе-көз беттестірмек болған. Асқар наразылық білдіріп, тамырын кесіп тастады. Сол кезде қасымызда прокурор Есенболатов отырды, ол әрекет етпеді, заң бұзылған іс-әрекетті тоқтатпады, - деп түсіндірді ол маған кейінірек.

Бірақ екінші прокурор Жангереев Есенболатовтың бұл іспен жақсы таныс екенін мәлімдеп, оның сот процесіне қатысқаны дұрыс болар еді деді. Судья онымен келісті.

Одан әрі отырыс барысында бейнебайланыс нашарлады: айыпталушылардың не айтқанын есту қиын болды, олардың өздері де залда не айтылғанын түсінбей жатқандарын мәлімдеді. Адвокат Мұқашев судьядан отырысты басқа күнге - техникалық байланыс құралдары ретке келтірілгенше кейінге шегеруді сұрады. Ал Айтмамбетов судьядан сотталушыларды сот залына әкелуді немесе мәжілісті акт залы бар тергеу изоляторына ауыстыруды сұрады.

Судья Дәулетова коронавирусқа байланысты тараптардың денсаулығын қорғау мақсатында сот процесінің осылай өткізіліп жатқанын айтты. Тергеу изоляторында сот отырысын өткізу мүмкін емес, өйткені аудио және бейне жазба жүргізу мүмкіндігі жоқ, ал тергеу изоляторының басшылығы карантинге байланысты сотталушыларды сот ғимаратына әкелуден бас тартқан.

Бірақ содан кейін Дәулетова осы техникалық проблемаларға байланысты сот отырысын аяқтап, сотталушыларды сот залына жеткізу мәселесіне қайта оралатынын айтты.

Процесс 2 маусымда жалғасады.

Айнұр САПАРОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген авто

28 мамыр, 03:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.