Атырау әкімдігі қала көшелеріндегі жол шұңқырларын жөндейтін мердігерді анықтауға тендер жариялады. Ал әзірге «АЖ» тілшісі мұнайлы астананы аралап шығып, ойдым-ойдым болған жолдың «үздік ондығын» белгіледі.
1. Бұл әуежайға апаратын көше. Осындай шұңқырлы жолмен ұшаққа да кешігуге болады... Жанашыр біреулер ойылған шұңқырды бірнеше кеспе таспен бітепті.
2. Құрманғазы мен Әлиев көшелерінің қиылысында бағдаршамдар үздіксіз жұмыс жасап тұрса да, бұл жерде үнемі кептелістер болады. Себебі - жолдың қақ ортасы шұңқыр. Жүргізушілер, әрине, оны айналып өтуге тырысады, сөйтіп кептеліс туындайды.
3. Құрманғазы көшесінің «Мерей» базары маңындағы учаскесі ешқашан мінсіз болған емес. Бірақ бұрын мұндай шұңқырлар болмады. Өткен жылдың мамыр айында кәріз жүйесі жарылғаннан кейін жөндеушілер жол төсемінің бетін бірнеше жерден ашқан болатын. Содан кейін олар қайта асфальтталды, бірақ «сапалы» болғаны сондай алғашқы жаңбырдан кейін бұзылды.
Қалалық ТКШ бөлімінде жол төсемі қайта жасалады деп уәде берді, бірақ әзірге сол күйде қалған.
- Жақында оң жақ дөңгелегіммен ойылған шұңқырға түсіп, көлігімді бүлдіріп алдым. Жөндеу жұмыстарына 20 мың теңгеден астам ақшам кетті, - дейді жүргізуші Асқар.
4. Бұл Дина базарына қарай кететін Әлиев көшесінің екінші жағы. Жолдың ортасында жаңбыр суымен толатын шұңқырлар пайда болған, жауын күндері көрінбей, көліктер осы шұңқырға түсіп кетіп жатыр. Осы маңнан бірнеше көлік жөндеу орындарының ашылғаны да кездейсоқ емес шығар.
5. Өткен жылы Амандосов көшесінің бір бөлігіне жаңа асфальт төселді. Бірақ Канцев көшесінің бас жағында шұңқырлар бітелмей, қалып қойды. Айтпақшы, сәуірде жаңбыр мен қар жауғанда бұл учаске теңізге айналды.
6. Құрманғазы-Луговая қиылысында (Лесхоз ықшамауданы маңындағы) да жол бұдырлары мен шұңқырлар пайда болған. Көзге кішкентай болып көрінгенмен жүргізушілерге үлкен проблемалар тудырып отыр. Айтпақшы, осы шұңқырларға жақын жерде жылдамдық өлшеуіш бар. Бүгінде ол бюджетке айыппұл түрінде табыс әкеледі деп ойламаймын.
7. Өнер ордасына апарар жол қандай болуы керек? Облыстық Халық шығармашылығы орталығына апаратын Қожақаев көшесіндегі енсіз әрі шоқалақты жол сияқты емес шығар.
8. Привокзальный – мұнайлы астананың көлік көп жүретін ықшамаудандарының бірі. Аудандардан келетін көліктердің барлығы жаңбырдан кейін суға толатын шұңқырлары көп Амандосов көшесі арқылы өтеді.
9. Әскери бөлімше жанындағы жол жүргізушілерге жақсы таныс. Жаңбырда бұл жерде асфальт кесектері суда жүзіп жүреді. Бәлкім биыл жөндеп қалар?
10. Редакцияға келе жатып, «Дина» базарының жанындағы көлікке лық толы алаңға назар аудардым. Жарты жыл бұрын бұл жағдай Қоғамдық кеңестің отырысында қызу талқыға түскен болатын. Содан бері қарай ештеңе өзгерген жоқ.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор