Атырау, 24 қараша 21:43
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудағы автокөлік тұрақтары туралы

Сурет Бейнежазба
3 827 просмотра


Атырауда Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, негізінен мұнайлы астанадағы көлік тұрағы мәселесі қозғалды. Бұл тақырып қатысушылардың қызығушылығын тудырып, тіпті, дауыс көтергендер де болды.

«АҚЫЛЫ ТҰРАҚТАР ҰРЛЫҚҚА ЖАУАП БЕРМЕЙДІ»

- Дұрыс тұрақтардың болмауы қала тұрғындары үшін үлкен мәселеге айналды, - деп бастады Атырау облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат ӨТЕШОВ. – Ал бүгінгі таңда Атырауда 156 мың автокөлік тіркелген.

Қоғамдық кеңестің жұмыс тобы жүргізген тексеру барысында анықталғандай, ең көп көлік тұрақтайтын жерлер - Нұрсая ықшамауданында, «Дина», «Көктем» базарларында. Базарға келушілер көліктерін жол бойына қалдырып кетеді, соның салдарынан жол қозғалысы кідіріп, автобустар мен жедел жәрдем көліктері өте алмайды.

- Неліктен екені белгісіз, бұл жерлерден автоинспекторларды  кездестіре алмайсың, - дейді М.Өтешов. – Базар қожайындары көп деңгейлі автотұрақ салғылары келмейді, ал бұл мәселенің шешімі болар еді. «Дина» базарындағы автотұрақ мүшкіл күйде: жабындары бүлінген, жол белгілері стандарты бойынша белгілер, бақылау камералары жоқ. Егер машинадан бір нәрсе ұрланса, әкімшілік жауапты емес. Ендеше олар базар аумағына кіру үшін неліктен ақша алады?

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім КАЛАУИДЫҢ айтуынша, «Насиха» базарының қожайындары сауда үйінің жанына екі деңгейлі автотұрақ салған. Бірақ қалалық әкімдік тексерген кезде оның екінші қабатының пайдаланылмайтындығы анықталған. Оның үстіне, Калауидің айтуынша, қожайындары автотұрақты сауда ғимараты етпекші екен:

- Бірақ біз рұқсат бермейміз, себебі бұл ғимараттың құжаттарында оның мақсаттық қолданылуы тұрақ деп көрсетілген. Сондықтан оны лайықты күйге жеткізіп жасасын.

«ӘНЕ, АЙТТЫМ ҒОЙ!»

Әнес БИСЕНОВ, Қоғамдық кеңес мүшесі:

- Біз мәжілістерімізге сауда үйлерінің қожайындарын шақырамыз, ал олар бізбен сөйлескілері келмейді, үнемі сұрақтарға нақты жауап бере алмайтын өздерінің «бала-шағаларын» жібереді.

Содан кейін Бисенов пен «Дина» базарының әкімшісі Баян ИСКАКОВА арасында қызу диалог жүрді:

Бисенов: Сіздер келушілерді ойламайсыздар. Сіздерде үнемі «бардак» боп жатады. Мен сізге сұрақ қойсам, сіз жауап бере алмайсыз, өйткені білмейсіз, ал біз сіздің қожайыныңызды шақырдық. Ол қайда?

Искакова: Мен оның орнына келдім. Сіз сұрақ қойыңыз, мен жауап беремін.

Бисенов: Тұраққа кіретін жолды және тұрақтың өзінің жабынын қашан жөндейсіздер? Кіру төлемақысынан түсетін табыс қандай? Дұрыс тұрақ жасау үшін бұл ақшаның жеткіліксіз болғаны ма?

Искакова: Қанша табыс табатынымыз - коммерциялық құпия. Сондықтан, сіздің сұрағыңызға жауап бере алмаймын.

Бисенов: Әне, айттым ғой, жауап бере алмайсыз деп!

Искакова: Көліктер бізге ғана емес, теміржол вокзалына және «Лимон» сауда үйіне барады. Егер вокзалға баратын жол кеңейтілсе, онда мәселе шешіледі деп ойлаймыз.

Осы жерде Атырау әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ әңгімеге араласты. Оның айтуынша, «Дина» базарының көтерме бөлігі Атырау маңындағы жүк көліктерінің санын және кептелістерді азайту мақсатында қала сыртына көшіріледі екен.

ПОЛИЦИЯДАН ҰСЫНЫСТАР

- Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыстарды мақсаттық қолданылуына қатысты неге тексермейді? - деп сұрады М.Өтешов. – Міне, «Насиха» соның  мысалы: тұрақ салуға рұқсат алып, енді сол жерден базар ашқылары келеді. Техникалық және авторлық қадағалау қайда?

- Біздің техникалық қадағалауды жүзеге асыруға енді құқығымыз жоқ, өйткені бізден бұл функцияны алып тастады, - деп жауап берді МСҚБ басқармасының өкілі Абзал КӨШМЫРЗАЕВ.

Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, жыл басынан бері Атырауда 50 084 әкімшілік хаттама толтырылған, оның 4022-сі көлік жолындағы жол белгілерімен немесе жол таңбаларымен белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін рәсімделіпті.

- Тайманов пен Сәтпаев көшелеріндегі кептелісті азайту үшін сол жерде оң жаққа бұрылу қозғалысы жасалған. Бұл оңға бұрылуы керек жүргізушілерге бағдаршамға тұрмауға болады дегенді білдіреді, - деді Өтеғалиев. - Бұдан басқа, қалалық әкімдікке: Нұрсаяға баратын жолды кеңейту, Елшібек (Қара депо) ықшамауданындағы пайдаланылмайтын рельстерді алып тастау, Самал ықшамауданынан Атырау-Доссор трассасына дейін тіке жол салу секілді ұсынымдар берілді. «Дина» базарына қатысты: тұрақ үшін төлемақыны алып тастау керек деп есептейміз, себебі көлік кептелісі көбінесе ақы төлегісі келмейтін жүргізушілердің өз көліктерін жол бойына қалдырып кетуіне байланысты туындайды.

Айта кету керек, шара соңында Қоғамдық кеңестің мәжілісі өтіп жатқан қалалық әкімдік ғимаратының алдындағы көлік тұрағына назар аудардым: көліктер қалай-солай, ретсіз орналасыпты. «Әуелі өзіңнен баста» дегенді текке айтпаған ғой.


Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттер мен бейнежазбаланы түсірген автор

16 қараша 2018, 15:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.