Атырау, 25 қараша 18:32
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жеделсатылар қауіпсіз бе?

Сурет Бейнежазба
2 789 просмотра


16 қыркүйекте Алмагүл ықшамауданындағы №23 үйдің үшінші қабатынан лифт құлап, ішінде болған әйел мен бала жарақат алды. Биылғы мамырда осы ықшам ауданда №19 үйдегі жұмыс істемейтін жүк лифтісінің шахтасында екі жасөспірімнің мерт болғаны көпшіліктің есінде шығар. Ал одан бұрын 2013 жылы сол Алмагүлдегі №23 үйде тұрып қалған лифтіден шығуға әрекеттенген 24 жастағы қыз көз жұмды. «АЖ» тілшісі осы кабинамен көтеріліп-түсу адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тұрғын үй массивіне барған еді.

Қыркүйектегі оқиғадан кейін №23 үйдегі лифт әлі жөндеуден өтпеген, сондықтан подъезд тұрғындарына жаяу көтерілуге тура келеді, ал бұл үй 16 қабатты.

- Біз осы үйде 9 жылдан бері тұрамыз, лифтіге қатысты үнемі проблема туындайды, - дейді Айгүл ЖАНТОҚОВА. - Қызым екі рет ішінде қалып қойды, содан кейін ұзақ уақыт ішіне кіруге қорқып жүрді.

ТЖД берген ақпарат бойынша, 16 қыркүйекте «артық салмақтан лифтінің күрт тежелуі» орын алған. Оның кабинасында: «Максималдық жүк көтергіштік 630 кг, 6 адамға арналған» деп жазылған. Ал Алмагүл тұрғыны Батыржан ТАБЫЛДИЕВ артық салмақ кезінде автоматика іске қосылып, лифт есіктері жабылмайтынын және ешқайда жүрмейтінін өз тәжірибесінен жақсы біледі.


Біз 19-үйге де бардық: шахтасында екі жасөспірім қаза болған жүк лифтісінің есігі енді мықтап дәнекерленген.

- Біз жыл сайын жоспарлы жұмыстарды атқарамыз: бөлшектерді ауыстырамыз, жөндеу жүргіземіз. Осыдан кейін бізді ТЖД тексереді, егер бәрі жақсы болса, қол қояды, - дейді «КаспийЛифт» ЖШС өкілі Нұрдәулет САПИЕВ. - Бұдан басқа, қызметкерлеріміз тұрғындардың шағымдары бойынша барып қызмет етеді.

- Біз Алмагүлдегі бірде бір үйде жүк лифтісі жұмыс істемейтінін байқадық.

- Ол былай. Стандарттарға сәйкес, 16 қабатты тұрғын үйлерде екі лифт: жолаушылар мен жүк лифтісі болуы тиіс. Ал бізде екінші лифт жұмыс жасамайды. Айтпақшы, егер жүк лифтісі жұмыс істесе, онда бізге жолаушылар лифтісінің жоспарлы профилактика кестесін сақтау оңай болар еді: бұл үшін оларды бір күнге тоқтату керек, ал адамдар уақытша жүк тасымалдау лифтісін пайдаланар еді.

- Ал жүк лифтісін қосуға не кедергі?

- Бұл әкімдік тарапынан қомақты қаржылық салымдарды қажет ететін үлкен жұмыс көлемі. Келесі жылы қаржыландыруға уәде етіп отыр.

Қайрат ХАБИЕВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Мамырдағы төтенше жағдайдан кейін Атырау әкімінің бұйрығымен комиссия құрылды, ол үш апта бойы қаладағы барлық лифтіні тексерді. Көп қабатты 114 үйде 301 лифт бар: 266 жолаушы және 35 жүк тасымалдаушы. 54-і жұмыс істемейді.

- Жұмыс істеп тұрған лифтілерден қандай бұзушылықтар анықталды?

- Статикалық және динамикалық сынақтарды арнайы сертификаты жоқ ұйымдар жүргізді. Жүрген кезде шуыл естіледі, кабиналар шайқалады, лифтілердің көбі өте қатты тежеледі. Қозғалтқыш моторынан май ағып тұрады, тростар созылып кеткен. Барлық осы бұзушылықтар бойынша қызмет көрсетуші 6 ұйымға оларды жою туралы ұсыныстар жіберілді.

- Лифтілер ауыстырыла ма?

- 2019 жылы 6 үйдегі лифтіні ауыстыру жоспарланған.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

24 қыркүйек 2018, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.