Оң жақ Перетаска тұрғындары митингте. Фото "АЖ" мұрағатынан.10 наурызда ҚР парламентінің Сенаты ҚР «Рұқсат беру құжаттары мен рұқсат беру процедураларын қысқарту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын мақұлдады. Енді тек елбасының қол қойылуы ғана қалды.
Мұндағы ең қызықтысы - өзгерістер жекелей алғанда, ҚР Жер кодексінің 84-бабына енгізілген және ол тікелей Атырау қаласындағы АМӨЗ-ді жаңарту барысындағы санитарлық қорғаныс аймағына (СҚА) енетін Оң жақ Төменгі Перетаскадағы жағдайға қатысты болып шықты. Және бұл өзгерістердің енгізілуіне парламенттегі ақпарат көзінің мәлімдеуінше бастамашы болған «ҚазМұнайгаз».
Әңгіме не туралы? Бұрынғы Жер кодексінің 84-бабы, 2-тармақ, 4-тармақшасы «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару» былай деп оқылды: «Автомобиль және темір жолдардың құрылысы (реконструкциясы), әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация объектілері және авиатехникалық орталықтар, теміржол көлігі объектілері, көпірлер, метрополитендер, тоннельдер, энергетика жүйесі мен электр тарату желілері, байланыс желiлерi объектілері, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілер, магистральдық құбырлар, инженерлiк-коммуникациялық желiлер, концессиялық жобаларды іске асыру, елдi мекендердiң ортақ пайдалануындағы объектiлердiң құрылысы (реконструкциясы)» Енді бұл тізімдегі «концессиялық жобаларды іске асыру» деген жолдың алдына - «мұнай өнімдерін өндірушілер (аз қуатты мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда)» деген жолдар қосылды.
Заң жобасына жалғанған түсіндірме жазбада былай делінген: «2015 жылы 14 мамырда мұнай-газ және энергетика саласын дамыту жөніндегі ведомство аралық комиссия (ВАК) мәжілісі өтті. Осы мәжілісте ҚР жер кодексіне мұнай өндіру зауыттарының (қайта жарақтау, жаңарту) құрылысы барысында жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару мүмкіндігіне қатысты өзгерістер енгізу қажеттілігі жөніндегі мәселе қаралды. «АМӨЗ-ді қайта жарақтау және жаңарту» стратегиялық-инновациялық жобасы екі кезең – хош иісті көмірсутегін өндіру жөніндегі кешен құрылысы және мұнайды тереңдетіп қайта өңдеу кешені бойынша жүзеге асырылады. Жоба 2020 жылға дейінгі ҚР Стратегиялық даму жоспары жобасына және басқа да бағдарламалық құжаттарға енгізілді. Бұл жобаны жүзеге асыруға байланысты АМӨЗ санитарлық қорғаныс аймағының шекарасы 740 гектардан 805 гектарға дейін кеңейеді. Дәл қазіргі уақытта СҚА аумағында жеке тұлғаларға тиесілі жер телімдері мен тұрғын үйлер орналасқан. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес 2012 жылғы 17 қаңтардағы үкімет бекіткен өндірістік нысандарға СҚА белгіленуі жөніндегі қаулы бойынша СҚА шекарасына тұрғын үй құрылысы, оның ішінде жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ, бағбандық серіктестік аумақтары енгізілмейді. Сондықтан да СҚА еніп тұрған аумақтардан тұрғындарды көшіру шаралары жүргізілуі тиіс. Тұрғындардың көшіруден және жылжымайтын мүліктерді сатудан бас тартуы АМӨЗ-ді жаңартуды және жобаның іске асырылуына жол бермеуді білдіреді. Қазіргі заңдылық бойынша Үкімет пен облыстық әкімдік және АМӨЗ қолында СҚА аумағында орналасқан мүлікті тәркілеп алу және мәжбүрлеп көшіру мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты жер кодексіне мұнай өңдеуші зауыттардың құрылысы (қайта жарақтау, жаңарту) барысында мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін мәжбүрлі түрде иесіздендіруге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізу қажет болды.
Айта кету керек, Оң жақ Төменгі Перетаска тұрғындарының өздері АМӨЗ-ден көшіруді жеделдетуді сұрайды. Алайда, олар мүлік үшін берілетін өтемақы қалалық әкімдіктің 2011 жылғы жүргізілген бағалау актісі бойынша емес, 2015 жылғы тәуелсіз бағалаушылар жүргізген акт бойынша төленуін талап етіп отыр. Ондағы бағалар айырмашылығы екі есе («АМӨЗ-Перетаска: «Күлтөбенің басында күнде жиын», «Перетаска: тығырыққа тірелу ме?», «Оң жақ Төменгі Перетаска тұрғындары: «Мүліктеріміздің бағасы екі есе төмендетілген» мақалаларын қараңыз).
Әзірге заңға енгізілген өзгерістерді АМӨЗ-дің қалай қолданатындығы белгісіз. Үйлер мен жер телімдерінің құнына қатысты келіссөздер одан әрі жүргізіле ме, әлде бірден мәжбүрлі түрде жерлерді алу жөніндегі сотқа талап-арыздар жолдана ма? Біз редакция атынан «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВҚА сауалнама жолдадық.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ