Оң жақ Төменгі Перетаска тұрғындары наразылық білдіруде. Фото: Ақ Жайық мұрағатынан алындыАМӨЗ басшылығы Оң жақ Төменгі Перетаска тұрғындарының кешіктіріліп жатқан зауыттың санитарлық қорғаныс аймағы (СҚА) аумағынан көшіру туралы сұрақтарының барлығына жауап бермеді.
ҚУАНҒАНЫМЫЗ БЕКЕР БОЛДЫ
Осы елді мекеннің көптеген тұрғындарының өз үйлерін бұзу үшін алатын өтемақыларының сомасымен келіспейтіндіктері жөнінде талай рет жазғанбыз («АМӨЗ – Перетаска: күлтөбенің басында күнде жиын», «Перетаска: тығырыққа тірелу ме?», «Сарсаңға түскен Перетаска» мақалаларын қараңыз).
Тұрғындар редакцияға келесідей мәтіндегі хат жолдады.
«2011 жылы «АМӨЗ» АҚ мұнай өнімдерін терең өңдеу кешенін (МТӨК) салу туралы шешім қабылдады және бұл құрылыс, құжаттарға сәйкес, 2016 жылы аяқталуы тиіс еді. 2011 жылдан бері кеңейтілген санитарлық-қорғаныс аймағын қалыптастыру жұмыстары басталды және оған Оң және Сол жақ Төменгі Перетаска елді мекенінің 208 үйі мен жер учаскесі кірді. «Қала құрылысы туралы» заң бойынша СҚА қалыптастыру алдында зауыт тұрғындармен кездесу өткізіп, жер учаскелерін сатып алу шарттарын жасау керек еді. Бұл жасалмады. 2013 жылы осы үйлер мен жер учаскелері иелеріне қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімінен бұл аумақ «АМӨЗ» ЖШС-нің санитарлық қорғаныс аймағына кіретінін және 2014 жылы тұрғындардың көшірілетіні туралы хабарлама келді.
Үнемі мұнай өнімдерінің иісі мүңкіп тұратын ауданнан көшетіндеріне қуанған көптеген тұрғындар несие ресімдеп, қаланың басқа аудандарынан жер алып, үй салды.
Алайда 2014 жылы үйлерді бұзбады және тұрғындарды көшірмеді. Қалалық әкімдікке барғанымызда бұл мәселені шешуді қалалық әкімдік толықтай АМӨЗ-ге жүктегенін айтты. 2015 жылдың наурызында біз «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ атына үйлер қашан сүрілетінін анықтап беруді өтінген хат жаздық, алайда кері жауап болмады. Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТІЛЕУОВАҒА хабарласып, біз АМӨЗ өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырып, мұнда зауыт қызметкерлері арасынан көшіру мен жылжымайтын мүлікті бағалауға жауапты тұлғалар тағайындалды. Біз 2011 жылы қалалық әкімдіктің тапсырысымен және АМӨЗ қаржысымен бағалау фирмасы жүргізген бағамен келіспейміз. Бұл нарықтық бағадан екі есе төмен деп есептейміз. 2015 жылы біз тәуелсіз бағалау жүргіздік және мұның қорытындысы бойынша жылжымайтын мүлігіміз екі есе қымбат тұратынын көрсетті. ал АМӨЗ өкілдері ескі бағаға жармасып алып, осыны негізге алғылары келеді. Зауыттың бас инженері Денис КОЗЫРЕВ Орхусс орталығында болған отырыста «Сіздер өздеріңіз сараптама жүргізе аласыздар, егер сот мұны негізге алса, біз сол бойынша ақша төлейміз» деген болатын.
Хош иісті көмірсутегі өндіру кешенін (ХКӨК) салу жобасы аясында АМӨЗ-дің санитарлық-қорғаныс аймағына бес үй кірді. Оларды 2014 жылы бұзуы керек еді. Төрт үй сүрілді, бір үй қалды. Үй иелерінің айтуынша, зауыт ұсынған ақшамен бұларды қанағаттандырмаған.
Біз ҚР президенті кеңсесіне, парламентке, энергетика министрлігіне, облыстық және қалалық әкімдіктерге хат жаздық және үйлер 2016 жылы сүріледі деген жауап алдық. Бес үйді толықтай көшіре алмай отырған АМӨЗ қалған үш жүз күнде 208 үйді бұза алады деп ойлайсыздар ма?
Бір-екі күн турасында біз үйлеріміздің жанынан аспаптары бар жұмысшыларды көрдік. Олар қысқартуға байланысты СҚА-ның жаңа координаттарын анықтап жатырмыз деді. Жақында өткен АМӨЗ-дің еңбек ұжымының «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Асқар МЫРЗАХМЕТОВПЕН кездесуінде зауыттың МТӨК және ХКӨК жобаларын техникалық реттеу департаментінің директоры Әділет ШОШАНБАЕВ АМӨЗ-ді кеңейту аясында мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін күштеп алу мүмкіндігі туралы сұрады. Ол заң жобасының дайын екенін және жоғары тұрған инстанциялардың қарауына берілгендігі туралы мәлімдеді. Шошанбаев осы мәселені шешуді жеделдетуге қолдау білдіруді өтінді».
ҚАЙДАҒЫ ҚҰЖАТ?
АМӨЗ басшылығына жіберген редакциялық сұранысымызда біз Шошанбаевтың сөзіне түсінік беруді және осы жылдың қараша-желтоқсан айларында бітууі тиіс МТӨК құрылысын жандандыруға байланысты елді көшіру күнін атауды өтіндік. Зауыт басшылығының жауабында Шошанбаевтың мәлімдемесі туралы ештеңе жазылмаған. Дегенмен, 19 ақпанда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВТІҢ Атырауға іссапары кезінде АМӨЗ бас директоры Оң жақ Төменгі Перетасканы көшіруге байланысты ахуалды баяндағанда парламентте қаралып, сенатқа тапсырылған белгісіз бір заңнама туралы айтқан еді.
«Тұрғындарды МТӨК СҚА аумағынан көшіру ҚР қолданыстағы заңнамаларына сәйкес (СҚА көлемін өзгертпей), меншік иелерінің заңды құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып жүргізіледі»,- деп жазылған АМӨЗ басшылығы хатының соңында.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ