Атырау, 7 мамыр 21:10
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

​Перетаска: тығырыққа тірелу ме?

2 329 просмотра

Image 0«АМӨЗ» ЖШС өкілдері мен зауыттың санитарлық-қорғаныс аймағының (СҚА) кеңейтілуіне байланысты күрелуі тиіс қала шетіндегі Перетаска ауылының тұрғындары арасында болған әңгіме дауға ұласып, нәтижесіз аяқталды.

«МӘСЕЛЕ ТЕК БАҒАДА»

Жиналыс зауыт басқармасының қабырғасында өтіп, оған Жайық-Каспий Орхусс орталығының жетекшісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Орақ БИСЕМБИЕВ, зауыт, қалалық әкімдік өкілдері, Перетаска тұрғындарының бастамашыл тобының мүшелері қатысты. Халық АМӨЗ басшылығының алдына басты екі сұрақты қойды: көшіру қашан болады және бұл үдеріспен кім айналысады - қалалық әкімдік немесе зауыт?

Бірінші сұраққа АМӨЗ бас инженері Денис КОЗЫРЕВ жауап берді. Оның айтуынша, қазір зауыт Хош иісті көмірсутегі кешенінде (ХКК) қосу-баптау жұмыстарын жүргізуге дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар жаздың соңына қарай бітуі керек. Мұнайды терең өңдеу кешеніндегі (МТӨК) жұмыстарды жыл соңына қарай аяқтау жоспарлануда, осыдан кейін қосу-баптау жұмыстары басталып, содан кейін кешен қолданысқа беріледі.

Image 1

Бұрын хабарлағанымыздай, ҚР вице-премьері Бердібек САПАРБАЕВ Атырауға жасаған сапары барысында ХКК кешенін қосуға байланысты 2015 жылы бес тұрғын үй мен бір жер учаскесі күреледі деген болатын. Бір тұрғын үй бойынша мәселе шешілді, ресімдеу рәсімі жүріп жатыр. Қалғандары бойынша сот жалғасуда. МТӨК-ті іске қосуға байланысты 2016 жылғы екінші кезеңде 105 тұрғын үй, түрлі мақсаттағы 55 жер учаскесі және 3 екі қатарлы үй күреледі. ҚР заңнамаларына және Бас прокуратураның түсініктемесіне сәйкес, күрелгені үшін өтемақы төлеуді «АМӨЗ» ЖШС пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жүзеге асыруы қажет.

Зауыттың позициясын заң департаментінің директоры Асқар РАХМАНОВ баяндады. Ол бастапқыда, 2011 жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы, АМӨЗ және Атырау облысы әкімдігі арасында көшірумен әкімдік айналысады деген келісім болғанын, тіпті меморандумға қол қойғанын атап өтті. Осыған байланысты қалалық әкімдік тәуелсіз аудитор тартып, Перетаска тұрғындарының жылжымайтын мүліктеріне бағалау жүргізген.


БАҒАЛАР ӘР ТҮРЛІ

- Алайда 2013-2014 жылдарда меморандум өз күшін жойды. Сол кездегі ҚР мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН бүгін біз жетекшілікке алып отырған «Жол картасын» бекітті. Зауыттың тұрғындарды еріктерінен тыс көшіретін заңды құзіреті, заңдық негіздемелері жоқ. Дегенмен, адамдар өз мүліктерін зауытқа сатуға дайын, мәселе бағада болып тұр. Біз Азаматтық кодекстің 400-бабын негізге аламыз, ол бойынша егер екі тарап та мәміле жасауға дайын болып, тек жекелеген мәселелерде келісім таппай отырса, бұл жағдайда осы келіспеушілікті шешу үшін сотқа жүгінуге болады. Біз 2013 жылы жасалған бағалау бүгінгі күн талаптарына жауап бере алмайтына, өйткені оның 2014 жылғы теңге девальвациясынан бұрын жасалғанына келісеміз. Алайда тұрғындардың барлық талаптарын орындап, айтып отырған бағаларына келісуге зауыттың мүмкіндігі жоқ. Соңғы шешімді соттан күтеміз. Қазіргі уақытта бір үй бойынша сот шешімін алдық және сот белгілеген бағаға сатып алуға дайынбыз. Қалған меншік иелері бойынша сот процесі аяқталған жоқ. Қазақстанда бұрын мұндай тәжірибе болмағандығы істі қиындатып отыр. Мемлекеттік қажеттілікке байланысты тұрғындарды көшіру механизмі заңнамада жазылған, ал біздің жағдайымыз көрсетілмеген. Біз жай ғана тұрғындармен келісімге келуіміз керек. МТӨК жобасы бойынша көшіруге келетін болсақ, биыл көкөністеріңізді сала беріңіздер. Осы жылдың жазына дейін тұрғындармен ХКК жобасы бойынша келісімге келіп, механизмді тәжірибеге қосамыз деп үміттенемін. Сол бойынша келесі жылы сіздерді көшіретін боламыз (жиналыста негізінен МТӨК санитарлық-қорғаныс аймағына кіретін тұрғындар болды – Л.С).

Image 0

Перетаска тұрғындары сайлаған бастамашыл топтың жетекшісі Александр ГУЩИН ҚР «Жер туралы» Заңының бабын мысалға келтірді. Онда меншік иесіне берілетін өтемақы жер учаскесі мен оған салынған құрылыстың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады делінген. Зауыт өкілдері бұған қарсы емес екендерін атап өтті.

Алайда, нарықтық құн астарынан нені түсінуге болады? Зауыт тұрғындар мүлігіне 2013 жылы жасалған бағалауды негізге алады, ал бұл, тұрғындардың айтуынша, тәуелсіз бағалау компаниясы ұсынған бағадан екі есе төмен. Сотта АМӨЗ мемлекеттік сараптама жүргізілгені туралы уәждерін айтып отыр, ал оның есептеу әдісінің жеке меншік бағалау компанияларында қабылданған әдістерден көп айырмашылығы бар. Перетаска ауылы тұрғындарының айтуынша, ХКК санитарлық-қорғаныс аймағында қалған бес үйдің тұрғындарының біріне қалалық әкімдіктің бағалауы бойынша 14 млн. теңге есептесе, сот өтініші бойынша жасалған мемлекеттік сараптама одан төмен сома – 12 млн. теңге шығарған. Ал тәуелсіз бағалау компаниясы бұл мүлікті 33 млн теңгеге бағалап отыр.

Адамдардың өздері үйренген жерлері, бау-бақшалы жеке үйлерін тастап, бәрін жаңадан бастайтындарын есепке алатын болсақ, тұрғындардың наразылықтарымен келісуге болады. Кейбір үйлердің саман тастан салынғанын және оның қайыршақтас немесе кірпіштен салынған үйлерден арзанға бағаланатынын да ескеру керек. Адамдар өздеріне берілген өтемақыға Атыраудан жақсы үй сатып ала алмаймыз деп дұрыс қауіптеніп отыр.

Алайда, Перетаска тұрғындарының басқа еш шаралары жоқ. Тұрғындардың өзі ХКК мен МТӨК қосылмаса да, зауытпен көрші тұру денсаулықтарына кері әсер етіп жатқандарын айтуда. Енді олар үйлерін өз беттерінше сата алмайды.

АМӨЗ де осындай жағдайда қалып отыр. Мемлекет сияқты олар өтемақымен келіспеген тұрғындарды еріктерінен тыс көшіре алмайды.

Осылайша, жиналысқа қатысушылардың бірі айтқандай, «тығырықты жағдай» орын алып тұр.

Дегенмен, АМӨЗ басын ашып айта алатындай сәттер де жоқ емес. Атап айтсақ, нақты қандай үйлер СҚА-ға кіретіні туралы. Анықтағанымыздай, адамдар бұл ақпараттарды да білмейді және «алаңдаулы» күйде өмір сүріп жатыр екен.

- Заң бойынша сіздер көшіру туралы бізге бір жыл бұрын ескертулеріңіз керек. Біздің отбасымыз, жоспарларымыз бар, біз өзімізді қашан көшіретінін дәл білуіміз қажет,- дейді тұрғындар.

Алайда нақты жауап болмады.

Ш. Ізтілеуова Перетаска тұрғындарына ортақ адвокат жалдап, мүлікке тәуелсіз бағалау жүргізу туралы сотқа ұжымдық өтініш беруге, ал осыған кететін қаржыны кейін сот шығындары ретінде зауыттың төлеуіне талап қоюға кеңес берді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.