
Қазақстан-Ресей шекарасында бидай кебегі мен тоңазытылған қой етінің ірі партиясы кері қайтарылды. Батыс Қазақстан облысының инспекторлары ветеринариялық нормалардың бұзылғанын тіркеді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, жүк автокөліктері «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде тоқтатылды.
Заң бұзған бірінші жүк көлігі Ульянов облысынан Түркістан облысына 40 тонна бидай кебегін тасымалдаған. Тексеру барысында жүргізушіде ветеринариялық ілеспе құжаттардың жоқтығы, ал жүктің өзі қажетті термиялық өңдеуден өтпегені әрі таңбаланбағаны анықталды.
Екінші жағдайда транзиттік жүк ұсталды: Моңғолиядан Тәжікстанға Ресей мен Қазақстан аумағы арқылы 20 тонна тоңазытылған қой етін тасымалдамақ болған.
«Эпизоотиялық жағдайдың қолайсыздығына байланысты РФ аумағынан Қазақстан аумағы арқылы аталған өнімді транзиттік тасымалдауға қатысты уақытша шектеулер қолданылғаны анықталды», — деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Екі жүк көлігі де кері қайтарылды. Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы («Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу») бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері «Сырым» бекетінде осыған ұқсас 249 бұзушылық анықталған. Барлық ауыр жүк көліктері кері қайтарылып, 117 жеке және заңды тұлғаға қатысты айыппұл ресімделді. Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушыларға Қазақстан мен ЕАЭО-ның ветеринариялық-санитариялық нормаларын қатаң сақтау қажеттігін кезекті рет ескертті.
В Атырау +26.8