
Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк құрылысы басталды. Жобаға видеобайланыс режимінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бастау берді.
Жобаны биоферментацияға маманданған қытайлық Fufeng Group компаниясы жүзеге асырады.
Бірінші кезеңде өндірістік кешенді құруға салынатын инвестиция көлемі 350 млн долларды құрайды. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады.
Екінші кезеңде қуаттылықты жылына 3 млн тонна жүгеріге дейін арттыру, сондай-ақ шығарылатын өнім түрлерін кеңейту жоспарлануда. Осы кезеңдегі инвестицияның жалпы көлемі 1,15 млрд доллар деңгейінде мәлімделді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өнеркәсіптік парктің құрылуы 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын Қазақстанда астықты терең өңдеудің толық өндірістік циклін қалыптастырады деп күтілуде. Министрліктегілер сонымен қатар бұл жоба агроөнеркәсіптік сектордың экспорттық әлеуетін арттыруға және Қытаймен өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеді.
В Атырау +26.8