
Қазақстанда соңғы он жылда балық пен теңіз өнімдерін тұтыну үштен бірге жуық өсті. Бұл ретте өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық сақталып отыр, ал балық өнімдерінің бағасы әлі де өсіп жатыр.
EnergyProm мәліметінше, 2025 жылы бір қазақстандыққа орта есеппен 14,6 кг балық пен теңіз өнімдерінен келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,8%-ға және 2015 жылғы көрсеткіштен 29%-ға жуық артық.
2026 жылдың бірінші тоқсанында орташа тұтыну жан басына шаққанда 3,6 кг-ды құрады.
Балық пен теңіз өнімдерін ең көп тұтынған — Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары (тоқсанына жан басына 5,8 кг). Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 5,4 кг-ды, Ақмола облысында — 4,8 кг-ды, Батыс Қазақстан облысында — 4,7 кг-ды құрады.
Балық өнімдерін ең аз тұтынған Шымкент қаласының тұрғындары болды — жан басына 1,8 кг. Бұл орташа республикалық деңгейден екі есе төмен.
Төмен көрсеткіштер Маңғыстау облысында — 2,5 кг, Ұлытау облысында — 2,7 кг және Астанада — 2,8 кг болып тіркелді.
Сонымен бірге Шымкент баға өсімі бойынша көшбасшылардың бірі болып шықты. 2026 жылдың тамызында қалада балық пен теңіз өнімдері өткен жылдың тамызымен салыстырғанда 22,4%-ға қымбаттады.
Баға тек Жетісу (24,5%-ға) және Ұлытау (22,6%-ға) облыстарында ғана одан да жоғары қарқынмен өсті.
Қазақстан бойынша орта есеппен балық өнімдері 12,3%-ға қымбаттады.
Кейбір өңірлерде баға, керісінше, төмендеді. Маңғыстау облысында балық пен теңіз өнімдері 6,5%-ға, Атырау облысында 3,9%-ға арзандады.
Өнімнің бөлек түрлері арасында бір жыл ішінде сүрленген скумбрия бағасы ең қатты өсті — 30%-ға жуық. Икра өнімдері 22,7%-ға, балықтан жасалған бұйымдар 19,8%-ға, шпроттар 18,4%-ға қымбаттады.
Сонымен қатар Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында жаңа ауланған, салқындатылған және тоңазытылған балық өндірісі 4,5%-ға артып, 30,4 мың тоннаға жетті. Әзірленген және консервіленген балық шығару, керісінше, төрттен бір бөлікке жуық азайып, 7,7 мың тоннаға дейін қысқарды.
В Атырау +26.8