Атырау, 29 марта 19:50
 ясноВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ізгіліктің ізі өшпейді

PR
17 249 просмотров

Даңқтың жолы әрдайым даңғыл емес,

Абыройдың жолы әрдайым арналы емес,- деп Әйтеке би айтқандай, көптің көзі, мыңның алдында жүрген, ел тізгінін ұстаған азаматтардың басы қашанда дауға қалып жүретіні тарих сахнасынан белгілі. Артында халқына ғасырға татырлық жағдай жасап, артта қалған тұрмыс бітімін, тіршілігін жарыққа алып шыққан жампоз жан, білгір маман, іскер басшы, озық әкім, креативті менеджер атанған Рысқалиев Сәулебайұлы Бергейдей азаматтың елден еркінен тыс мәжбүрлі түрде кеткеніне, міне, биыл 9 жылдың турасы болды. Осы ел үшін құрбан болған азаматтың артында жасап кеткен ізгілікті ізін күнделікті қарап, қаншама халықтың күнде пайдаланып жүрген әлеуметтік стратегиялық нысандарына зер сала және барша халықтың арасында «кеткізген» күннен бері Бергейді мақтап айтқан әңгімелерін күнде естіп отырып, еріксіз Махамбет бабамыздың:

«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос.

Исатайдан айрылып,

Жалғыздықпен болдым дос.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!

Ел қорғаны мен едім.

Мен де айрылдым елімнен;

Көл қорғаны сен едің,

Сен де айрылдың көліңнен.

Аспанда ұшқан қызғыш құс!

Сені көлден айырған –

Лашын құстың тепкіні.

Мені елден айырған –

Хан Жәңгірдің екпіні,- деген екі ғасыр бұрын жырлап кеткен жыры тап бүгінде қайталанып жатқандай көрінеді.

Сөзсіз, оның артында сан сапат атқарылған жұмысқалды. Қай саланы алып қарамаңыз, облыстың бүкіл мәселесін жоғарыда қорғап, қолдап, уәдесін аяғына жеткізіп, Ер Ерлікке пара-пар үлкен іс атқарғанын көзіміз көрдік. Алғаш облысқа әкім болып келгенде не бары 39 жаста болатын. Бұл деген жаңа ғана қанаты қатайған, жастықтың албырт кезеңі емес пе! Ілкіде, Елбасы әкеліп Атырау облысы әкімі етіп тағайындағанда, көптің ойында күмән болғаны да жасырын емес, жас екен, албырт екен, қолынан келер ме екен дегенде ой болды. 

Сөзсіз, ол жас еді ол кезде! Бірақ отызында орданы ойсырата бұзған бұл азамат қырқында қамалды қақыратты. Иә, дәл солай! Өйткені, 100 жыл мұнай өндірсе де, у мен шаң жұтып, тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген жергілікті халықтың аузы татып ішер таза суы, жүрер жолы, жағар жөнді жарығы жоқ, тіпті, ауыл түгілі қаланың ішінде кей жерлерде жылудың орнына көмір жағып, үйінің қасынан өтіп жатқан табиғи газға қолы жетпей, көмелеш күйе болып күй кешкені күні кеше ғана. Қара балшыққа батып, қоқыстан арылмай, инфрақұрылымы тозып, мұнайлы астана деген атына заты сай келмей жатқанын кезінде өз көзімізбен көрдік.

Жердің, елдің байлығына қарамастан, облыс орталығына күні кешеге дейін жеткілікті көңіл бөлінбей, қаланың дамуы өскелең заман талабынан кенже қалғанын, тұрғындарға жайсыз тигенін жақсы білеміз.

Қазір Атырауды сол күндермен салыстыра алмайсыз. Мүлде өзге кескін, жаңа келбет. Атыраудың қаласында да, ауылында да  бұрын-соңды болмаған жаңа құбылыс, түбегейлі өзгеріс.  Ол облыс басына келген күннен бастап барлық саланы жан-жақты қамтып, облысты түлетудің қамына жедел кірісті. Қордаланған, халықтың үмітін үзген өзекті мәселелердің шешілуі кең  үрдіс алды.

Жергілікті жердің мүддесін қорғауға келгенде темірдей тегеурін мен жүйелі тәртіпті шебер қолдана білді. Біздің Атырауға керегі де осындай қабілет-тін. «Билік дегеніміз – жұмсақ қолғап киген темір қол» деген герцог Чарльз V. Расында да, темірдей тәртіп болмаған жерде нәтиже де жоқ, оның үстіне бюджеттік жұмыстың айналасында.

Кейде осындай жарты ғасырға татырлық жүкті небары алты-ақ жылда атқарған қылыштай жастың қарқынына таң қаласыз. Ер айтпас, айтса, қайтпас деген. Ол сертін серік етті. Уәде мен намысты ту етті. Айтқан сөз атқарылған іспен дәлел болды.

«Түстік өмірің болса, кештік мал жи» деген атам қазақ. Алысты таразыға салып, болжамдай қарап, алдына бір жылдық емес, он жылдықтардың жоба-жоспарын құрып, тайға таңба басқандай мақсат қойды. Мысалы, Атырау қаласындағы Жайық өзені арқылы өтетін 4 көпірді жоқ деп елестетіңізші, мүмкін емес, иә?! Былтыр жазда орталық көпір жөндеуге жабылғанда қандай кептеліс болды қалада. Ол туралы халықтан мың сан шағым түсті. Қаншама жол апаты орын алды, адам өлімі болды. Егер осы көпірлер жоқ болса, қала тіршілігі тек кептелісте тұрар еді!

Еске ұстар бір ғана факт, Бергейге дейін қалада Жайық өзені арқылы өтетін жалғыз көпір әрең салынған болса, оның басқару кезеңінде қалада бес ірі көпір, Индерде 1 көпір, шағын өзендер арқылы үш көпір, Қазақстан-Ресей шекарасындағы Қиғаштың үстінде де бір көпір салынып, екі жақтың байланысы одан әрі беки түсті. Бұндай  істі біз армандап па едік!

Осы тұста айта кету керек, кезінде облыс халқы еңбегін елеп, өз қолынан шыққан облыс орталығындағы жаңа көпірге есімін беруді ұсынғанда сол жерде халық алдында бәрінен бас тартып, атақтан, мадақтан, даңғазадан бойын аулақ салғанына куә болдық. Бүгін өзі кетсе де, осы көпірлерден өткен сайын халық Бергей көпірі деп атап, алғысын айтып жатады.

Оның қол жеткізген жетістігінің бірі - жоғарыдан сұрамай-ақ, ішкі тетіктердің бәрін іске қосып, облыста атқарылатын жұмыстардың қаржысын да шеберлікпен қиыстырды.  Бұл да іскерліктің, тапқырлық пен ұтқырлықтың белгісі. Мұның еш қоспасы жоқ. Әйтпесе, берген қаржыны жұмсап, қалғанына жоқ деп қарап отыратындарды көргенбіз. Ел экономикасының негізін құраушы жергілікті өндіріс орындарынан ғасырдан астам уақыт бойы тонналаған мұнай мен газ өндірілсе де, елдің қажетіне қаражат таппай қиналған кездер болған. Осы жерде кейбір көреалмас диван батырлардың Бергей жасаса, оның қызметі, жанқалтасынан шығарып істеген жоқ дегендеріне айтарымыз - күн артынан күн өткеріп, креслода шалбарын тоздырған талай әкім осының бірін жасаса, біреу қолынан қақты ма? Не кедергі болды? Бұндай жұмысты ұйымдастыру жүзден бірдің қолынан келетін іс!

Және ол әкім ретінде облысты көркейтемін деген жергілікті халықтың алдындағы уәдесінде тұрды. Тіпті, бірнеше есе асырып атқарды. Бүкіл облыста, оның ішінде қаладан бастап, аудан орталықтары, ауылдарда осыған дейін тарихта болмаған ұлан-ғайыр істер жасалды.

Бүкіл облыстың, қаланың инфрақұрылымы, инженерлік жүйесі түбегейлі өзгерді. Және бұл мәселелер алдағы 40-50 жылға шешілді. Барды бар деу - парыз. Бұндай жұмыс бізде қашан болып еді!  Бұндай ауқымды құрылыс, құрыштай қайнаған қызу еңбек дүрілдеген кеңес дәуірінде де кездеспеген жай еді.

Қарапайым халықты саясат емес, күнделікті өмірдегі қажеттілік толғантатыны жасырын емес. Әр тұрғынның өмір сүріп, бала тәрбиелеп, денсаулығын түзеп, еңбек етуі үшін Бергей әкім болған кезде Атырау облысында басқа өңірде жоқ мүмкіндіктер жасалғанын ерекше атап өтуіміз керек. Бұл - ең бастысы. Және бұл - халық мойындаған анық ақиқат. Адал ұл ер боп туса — ел тірегі. Осыдан артық айта алмассың.

Мемлекеттің саясатын аяғына дейін мінсіз жүргізіп, оны нақты іспен халықтың тұрмысына айналдыру, әр отбасының өмірінен көрініс таптыру кез келгеннің қолынан келер іс емес! Қаншама әкім өтті, талайды көрдік, бірақ тап Бергейдей тау қопарған толағай істі адамды көрмедік. Шындық осы!

Елдің бағын ашпаса, Ер мұратқа жетер ме!

Ердің бағын ашпаса, Ел мұратқа жетер ме!

Ері мұратқа жол бастап, Елінің бағы ашылып, халықтың мейманасы тасып, абыройы артты! Бұл кезең Атырау облысының ең жоғары көркею-өркендеу кезеңі болып қалды тарихта! Бұл елдің бағы шарықтаған кезі деп білеміз! Атырау тарихында, халық жадында Бергейге дейін және Бергейден кейін деген алтын жазба қалды! Одан кейін келген үш әкім Бергей Рысқалиев атқарған жұмыстың үштен бірін де жасаған жоқ! Оған халық куә!

Жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек,

Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек! Осындайда айтылса керек!

Ердің  сыншысы – елі деген. Қандай да басшының сөзі іспен дәлелденіп, сол әрекет-қимылдың нәтижесі ел көңілінен, жалпы қа­лың жұрттың ойынан шығып жатса ғана халықтың сеніміне ие болады.

Даңққа тұлпар дүлдүлдігімен жетеді,

Абырой мен атаққа азамат біліктілігімен жетеді. Сондай ел алғысы мен сеніміне бөленген азаматтың бірі де бірегейі Атырау облысын басқарған осы жалғыз әкім Бергей Сәулебайұлы Рысқалиев. Оның жасап кеткен әр ісін халық әлі күнге жыр қылып айтуда! “Сүйер ұлың болса, сен сүй – сүйінерге жарар ол” деп ұлы Абай өсиет еткендей, қаншама жала мен қара күйе жағылса да туған жерін, елін, халқын сүйсінткен, кезінде жас та болса бас болған экс-іскер басшы әлі де атыраулықтардың мақта­ны­шына, махаббатына айналған ерекше тұлға.

Қазір де ол мақтау мен мадаққа еш мұқтаж емес, бізсіз де оның атына әр тарап­тан ақ адал алғыс, жақсы лебіздер, жылы пікір айтушылар көп екені белгілі. Алай­да, біз өмір сүріп отырған қоға­мымыздың мү­шесі ретінде бүкіл халық болып бірауыздан азамат ерге деген шы­найы ықыласымызды, өзіміз куә болып жүрген ерен істер мен жұрт аузындағы айтылып жүрген жақсы сөздерді тағы да паш етуді жөн санадық.  Және бұл ат төбеліндей шоғырдың емес, ауыл-аймақ, аудан, қала, жалпы облыс халқының көкейіндегі риясыз ой. 

Елдің қамын ойлаған басшыны қай уақытта да халық қолдайды, қуаттайды, жер үшін ерен еңбек сіңірген дара тұлғалы ұлдарын қадірлеп, өнегесін мақалдап, кейінге мұра етіп қалдырып отырған.

«Айтылмаса сөз жетім».  Бұл сөз 9 жылдан бері халық аузында айтылуда. Өкініштісі сол, оны жоғарыда естір құлақтың жоғы! Халықтың жанайқайына көңіл бөлінер емес!

Өмірдің ауыр жүгі күштіге түскен қашанда. Осындай елі үшін жанаямай, бар күш-қайратын, жігерін, арман-мақсатын, өмірін, денсаулығын құрбан етіп қызмет атқарғанда, саясат сайқалдың білдей ердің басын дауға салып, адам сенгісіз, ертегіше қолдан құрастырылған қылмыстық аңыз құрастырып, оған негіз ретінде жалақор, өтірікшінің ойдан құрап жазған қара күйесі себеп боларын білді ме екен?! Сөзсіз, қашанда сұқ көздер мен сұғанақ тілдер көп болады. Ердің басына не іс түспеген!

Қарап отырсақ, Атырау облысы өмірінде тоқырату, күйзелту, прессинг тоқтаған емес. Жоғарыда айттық, алтын қазба байлықтың үстінде отырса да, өмірі пайдасын көре алмай, енді ғана қолы жеткенде, өңірді  көтерген, жағдайын жасаған Бергейдей жасты қолдан қылмыскер етіп жасап шығарды. Атырау облысында жұмыс жасап осы айтылған игілікті істердің басы-қасында жүрген атқамінер апталдай 30–ға тарта азамат 17 жылға сотталып бір кетті.

Елімізде жер дауы көтерілгенде алаңға тек қана Атырау халқы жиналып, бас көтерді. Оны ұйымдастырды деген айыппен 2 бірдей азамат түрмеге отырғызылып, ондаған қарагөз азаматтар қудалауға түсті.

Сонымен қатар, ауасы мен суы күн сайын ластанып, халық тегін таза ауа жұтудан қалды. Экология полигонды аймақ деңгейінде. Жаңа туған нәресте, балалар, жастар кілең шетінен ауру. Әскерге баратын адам қалмай барады. Оған қоса 2020 жылы жазда пандемия кезінде халық ковидтен қынадай қырылып жатқанда, облыстық аурухана халықты емдемек түгіл, есігін ішінен жауып алды. Ал облыс әкімі халық алдына бір рет шықпады. Халық дәрі жоқтықтан көрші Астрахань қаласынан дәрі тасып, жан сақтап қалды.

Енді кеше Атырауда тағы да атышулы дәрігерлер ісі аяқталып, алды 17, 16 жылды арқалап тағы кете барды. Оның ақ-қарасы бір Аллаға аян. Бұл жерде де күдік басым! Ал дәрігерлер облыстағы ең мықты талай ана мен баланы өлімнен арашалап қалған білікті бетке ұстар мамандар!

 Халықтың дені жұмыссыз, жартылай аш, кедейлік шегінде азар күн көріп отыр. Не жұтар ауасы, не ішер таза суы, не жұмысы, не ішер асы жоқ, қамауда, қыспақта отырған қара халық шарасыз күй кешуде.

Аққанда Жайық жарғабақ тіліп,

Тартқанда дала ағайран –

Басы жоқ ақын тарлан ат мініп,

Шығады түнгі Қараойдан.

Не деген шексіз жолым қасірет!

Дауылға не айтам есірген,

Бірдеңе деуге ...ОНЫҢ БАСЫ ЖОҚ

Ал менің ....тілім кесілген!

Қос  ақын – мынау басқыр қырға әйгі,

Түртіп оятпақ тұқымын...

Ол болса менің басымды ымдайды,

Көрсетем тілдің тұқылын.

Қалады Жайық жарғабақта ұлып

Жым болып желік сайтаны...

Жалғыз жолаушы тарлан ат мініп

Өз моласына қайтады....

Біздің жағдай осылай қазіргі!

Міне, Махамбет бабасының ізін жалғар ерлер жалаға ілініп, елдің бетке шығар атқамінерлері тоз-тоз болып қуғынға түсті, осылай!

Жүк ауырын нар көтерер,

Іс ауырын ер көтерер!

Қанша қара күйе жағылып, бүкіл билік астындағы БАҚ Бергей Рысқалиев пен оның командасын қылмыскер, жемқор етіп көрсеткенмен, ол абырой мен намысты ту еткен ер, шетелде жүріп, Американың Конгресінде өзінің және оған қатысты ашылған қылмыстық істің саяси негізі бар екенін ашықтан ашық дәлелдеді. Ал Конгресте біздегідей «мәке», «сәкеге» жол жоқ екенін жақсы білеміз! Ердің туы – намыс!

Және бір дәлел – істің қолдан құрастырылғанының көрінісі – заңсыз арестке қойылған бүкіл дүние мүлкі Жоғарғы Соттың шешімімен босатылып, кері қайтарылды. Бұл әділдікке де сыртта жүріп қол жеткізді. Ал былыққа батқан елде жүріп, мұндайға қол жеткізбек түгілі тірі қалары екіталай еді!

Біз сенеміз, Бергей - ар мен ала жіпті аттамайтын, жалғандықты қостамайтын адал азамат. Ол халқын тонаған емес, елдің қазынасын толтырған, суықтан қорғап, қорған болған, жеріне айбын болған адам.

Әттең, қазіргідей елдің тоқырау, дағдарыс кезеңінде Атырау халқы Бергейді кері қайтар деп ұлардай шулап жатыр. Оны әлеуметтік желілерде, жалпы халық жиналған кең орталарда айтуда. Ел даналығы «Сен емес, сені іздесін» деген.  Халық өзі сенген, сенімі мен көңілінен шыққан басшыны іздеуде. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Көпшіліктің  осындай тұжырым жасауы - оның қажымас қайраты мен елге деген сүйіспеншілігін, туған жерге деген перзенттік борышын адал атқарған азамат ретінде шынайы бағалау. 

Облыс әкімдігінің креслосына біреулер келіп, біреулер кетіп жатыр. Дегенмен, тап осылай елге күш-жігерін аямай төгіп, адалқызмет еткен басшы қайталана ма деген сұрақ мазалайтыны да жасырын емес.

Сондықтан Атырау облысының халқы оның билік тұғырына қайта оралуын қалайды, қашанда қолдайды, қазір келсе, Атырау халқы оны ақ киізге көтеріп, аяғын жерге тигізбей қарсы алары сөзсіз!

Сөзімізге орай, бүгін дөп түскендей, Бергей Рысқалиевтің  туған күні екен!  Ердің жасы – елу деген! Елудің төртеуі еңсерілген екен. Құтты жас болын!

Құрбан болған қаһарман, Халықтың перзенті, маңдайыңа көлеңке түсіртіп, азаматтық абыройыңа нұқсан келтіргендер тарихтан жазасын алады, оған сеніңіз! Себебі ақиқаттың аты жалғыз! Қанша қара күйе жағылса да, саф алтын қашанда бағасын жоғалтпас! Елдің сынығы өзің едің, «қазақ» деп соққан жүрегің, өзегіңнен тепкендерден көңілің шайлықпасын! Қалың елің сенімен бірге! Қайда да «қарагөзім»деп жүріп едің, сол ұлтжандылығың, елді, жерді көркейтем деген ниетіңді сұқ көздер теріс ұғынғанына куәміз! Ақиқат орнайды, сөзсіз! Қайда болсаң да, аман жүр! Атыраудың әр адамы қашанда саған риза және риясыз тілеулес! Шындық пен әділеттік орнап, Атырауға, туған жерге табан тірегеніңді қалаймыз және қолдаймыз! Бұл көптің көкейіндегі дұға-тілек!

Жасың құтты болсын, арда Ұл!

Аман-есен қауышқанша күн жақсы!

Атырауың сенімен бірге!!!

Атырау облысының бір топ азаматтары

21 января 2021, 13:35

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш WhatsApp +7 771 37 800 38 и на editor@azh.kz