Атырау, 25 декабря 07:46
 облачноВ Атырау 0
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

«Ақ Жайық» газетіне облыстық, қалалық мәслихат депутаттары атынан ашық хат

13 479 просмотров

«Ақ Жайық» газетіне

Облыстық, қалалық мәслихат депутаттары атынан


Ашық хат

Қазір облыста атқарылып жатқан алуан түрлі жұмыстар, сан шаралар, алып жобаларды бүкіл атыраулықтар қолдап, қуана-қуана игіліктеріне жарыса пайдаланып жатырғаны ақиқат екені рас.
Біз сол сан саланың барлығына тоқталмай-ақ, өңірде, облыста соңғы кезде қолға алынған үлкен жобалар халыққа қалай жеткізіліп жатыр, соған назар аударғымыз келіп отыр.
Бастау алған өндіріс орны шоғырланған біздің өңір үшін мәні зор, аса керек игі жобаның бірі - көгалдандыру шарасы болатын.
Бұдан бұрын да баспа беттерінде аталған жасылдандыру бағдарламасының бүгінгі қоршаған ортаның ластануы жағдайында маңызының зор екендігін баса көрcетіп, өз ұстанымдарымызды жариялаған болатынбыз. Себебі бұл сайлаушылардан, халықтан түсіп жатқан арыз-шағымдар мен сұраулар болатын.
Облыс әкімінің бастамасына бүкіл сан саланың мамандары, қоршаған ортаның жанашырлары, экологтар, дәрігерлер, бағбандар, қарапайым халық үлкен қолдау білдірді.
Біз де өз мәжілістерімізде тиісті мамандардың қатысуымен бағдарламаны сарапқа салып, талқылап, жан-жақты зерделеп, пайдасы мен нәтижесіне көз жеткізгеннен кейін бірауыздан дауысқа салып, келісім бердік.
Алайда, халық арасында түснібестік тудырып, «Ақ Жайық» газетінің аталған бағдарламаны теріс насихаттап, тек қана тәжірибе ретінде сынақ үшін алынған учаскелердегі көшеттерді өспей қалды, бюджет қаражаты далаға зая болып кетіп жатыр деп байбалам салып, халыққа шындыққа сай емес, өтірік ақпарат таратып отырғанына наразылық білдіреміз.
Америка газеттерінің редакцияларында мынандай мәтел бар: «Ақпаратты туған анаңыз хабарласа да тексеріп алыңыз».
Журналиске тексеру шеңберінде шындығына жетуге болатын ақпараттар мен фактілер растығы анықталмайынша, көпшіліктің назарына ұсынуға болмайды.
Бұрын да халыққа жете түсіндірілгендей, қолға алынған осы көгалдандыру жобасына бюджеттен қаражат бөлінген жоқ.
Ал бір түп ағаш белгілі бір межеге дейін өсіп, әбден жерсінгеннен кейін барып, қаржысы әр факт бойынша төленеді.
Оның өзінде демеушілер - жер қойнауын игеруші компаниялар есебінен жүргізіледі. Мәселенің бар мән-жайы осы.
Сонда халық қалап, біз, депутаттар қолдап отырған облыс, қала үшін маңызы зор жобаны дәйексіз сынаудағы мақсат не?
Бұл жеке бастың емес, бүкіл халық демалатын бір жұтым ауаның, жалпақ жұрттың өмірлік мәселесі емес пе?
Ал Сіздердің қалағандарыңыз болып, бағдарлама тоқтатылса не болмақ? Ертең алып-алып зауыттар, өндіріс орындары, мұнай-газ-химия кешендері салынғалы отыр. Сол кезде бүкіл қала қара түтін мен улы газге булыққанда халыққа не деп жауап бересіздер? Болашақ ұрпақ алдында қандай уәждерің бар?
Тек қана көгалдандыру емес, облыста іске асырылып жатқан көптеген жобаларды бұрмалап жазып, жүзеге асқан шаралардың бірін оң жағынан көрсетіп отырған жоқсыздар. Мысалы сумен, газбен қамту, жол мәселесі, дарынды балаларды шетелде оқыту, балық шаруашылығына қатысты, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, басқа да көптеген әлеуметтік салалардағы мың сан жұмысты халыққа жеткізіп жариялаудың орнына, тек қана жоқ кемшілікті іздеп, жамандауға тырысып бағуда.
Ол жұмыстардың бәрі түптің түбі әкімдік емес, біздер, яғни халық қалаулылары қолдап отырған бағдарламалар, сайлаушылардың ұсыныстары мен сұраныстарынан туындаған жобалар. Егер депутаттардың мақұлдауынан өткен осындай әр шараны жоққа шығарып, іске алғысыз ететін болсаңыздар, ендігі жерде әрбір газеттің нөміріндегі мақалаға талдау жасап, заңға қайшы келетін болса, әрбір журналисті сотқа беретін боламыз.
Дүние жүзіне аты мәлім медиа империяның басшысы Руперт Мердоктың дүниежүзілік медиа корпорациясының құрамындағы «News of the World» газетінің айналасындағы дауды өздеріңіз білесіздер. Лауазымды адамдарға, саясаткерлерге, атақты адамдарға, өнер адамдарына, спортшыларға, тіпті қарапайым он мың британдықтардың жеке өміріне қол сұғып, ар-намысына нұқсан келтіріп, өтірік ақпаратты таратқаны үшін басылым жабылып, сот алдында жауап беріп жатқанын білесіздер.
Сіздер шала-жансар, көшеден теріп келген сыңаржақ өсек-аяңды жазды екен деп, біз облыс халқының тұрмысын, өмір сапасын арттыру үшін атқарылып жатқан бірде-бір жұмысты тоқтатпаймыз. Сіздер бұл жұмыстар туралы, олардың қалай атқарылып, қандай қиындықпен жүзеге асып жатқаны туралы не білесіздер?
 
Біздер кез-келген жұмысты бастамас бұрын бірнеше комиссия отырысында талқылап, экономикалық сараптамалардан өткізіп, ғылыми-іздестіру шараларын жүргізіп, тиісті мамандармен әбден зерделеп барып, мәжілістерде қараймыз, халықтың талқысына ұсынамыз, елмен ақылдасамыз, сосын барып келісім береміз. Бір шараның бас-аяғында үлкен шаралар кешені атқарылады, бәрі оңайлықпен тура Сіздер ойлағандай жүріп жатқан жоқ.
Біз Сіздерді барлық мәжілістерге, комиссия отырыстарына, сессияларға шақырып, ешкімнің де ақпарат алуына кедергі болып отырған жоқпыз. Қашанда ашық, әріптестік тығыз байланысқа, қарым-қатынасқа, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.
Түсінікті, кейбір шешімін күтіп тұрған мәселелер бар екені рас. Мысалы, Индербор поселкесінің сумен қамтылуы бойынша көтерген мәселені қолдаймыз. Ол туралы ашық айтылып келе жатыр, дұрыс.
Спорт мәселесі де жиі көтерілуде. Егер өткенге көз салсаңыз, тап бүгінгідей облыста спортқа көңіл бөлінген жоқ. Қаншама спорт кешендері, нысандар, аулалар мен алаңдар салынды. Республикалық, халықаралық жарыстарда спортшыларымыз жеңімпаз атанып, кубоктар ұтып алып жатыр. Бұның бәрі жақсы нәтиже, биік көрсеткіш емес пе?!
Әрине, футбол бойынша біраз проблемалар бар екені жасырын емес. Қанша қаражат бөлінгенмен, ойдан шықпай отырғаны белгілі.
Міне, тізе берсе, осындай басқан аяқты шалып, алға жылжытпай, тек қана негативті мақалалар жазу Сіздердің басты ұстанымдарыңызға айналған.
Осының бәрі тек облыстық әкімдіктің атқарып жатырған жұмысы емес, біздің жергілікті жердегі өкілетті орган - мәслихат депутаттарының әрбір атқарылатын жұмыстың соңғы бір тиынына дейін келісіліп, таразыға салып, атқарып жатқан жұмысы.
Бұл сайлаушыларымызға, халыққа берген уәделеріміздің, сайлау алды бағдарламаларымыздың орындалысы. Бұндай халық арасында теріс түсінік тудыру арқылы сендер әкімдіктің атына емес, біздің, депутаттардың абыройына нұқсан келтіріп отырсыздар.
Халық арасынан жолданған жағымды материалдар, облыстағы атқарылып
жатқан оңды істер туралы ой-пікірлер, тіпті әр мақаланың соңындағы
халық талқысына ұсынған комментарийлердің жақтап жазғандарын өшіріп
тастап, жарияламай отырсыздар. Осының өзінен газеттің ұстанып отырған
саясаты айқындалады.
 
Біз хатымызды жолдай отырып, бұдан әрі осындай халыққа жалған ақпарат таратып, жағдайды бұрмалай көрсетіп, тұрғындар арасында күмән тудырып отырған басылымдарды заңға сәйкес сотқа беріп, халық алдында жауапқа тартатын боламыз.
Бұл цензура, сөз бостандығы мен ақпарат кеңістігіне шектеу қойылады деген сөз емес. Біз қашанда демократиялық принциптерді қолдаймыз және талап етеміз. Ал әлеуметтің мүддесіне жат, халық мүддесін көздемейтін, Конституцияға, заңға қайшы келетін ақпаратты жариялауға жол берілмейді
Журналист, басылым, ең алдымен қоғам, оқырман, көрермен, тыңдарман алдында жауапты, азаматтардың шынайы ақпарат алуын қамтамасыз етуі қажет.
Журналистер бұқара жұртшылыққа адал қызмет етуі тиіс. Адамзат құндылықтарына, ел мүддесіне қарсы келмейтін, белгілі топтың немесе жеке бастың мүдделерін орындайтын қолшоқпар болмай, өзіне берілген өкілет шеңберінде қызмет етулері бұлжымас қағида болуы шарт. Кез-келген қалам иесі өзінің жеке басын ешқашан да қоғамдық, халықтық ортақ мұраттан жоғары қоймауы қажет. Сондықтан тиісті органдар осы мәселені зерттеп тексеріп, тиісті шара қолдануын сұраймыз.
Ал облыстық, қалалық депутаттар бірауыздан қол қойып, жолдап отырған ашық хатты міндетті түрде газетке жариялауды талап етеміз. Егер баспа бетінде жарық көрмейтін болса, тиісті құқық қорғау органдарына шағымданып, процестерді бастайтын боламыз.

Облыстық мәслихат депутаттары:
1.    Артығалиев Муса Дәуітұлы
2.    Ғабдуллин Айбек Серікұлы
3.    Қуанышев Сайын Сәлімгерейұлы
4.    Бекқожиева Әлия Байжанқызы
5.    Қалиев Мұхамбетқали Қалиұлы
6.    Думлер Александр Филиппович
7.    Лұқпанов Сағындық Есенғалиұлы
8.    Рысқали Аманжан Сәулебайұлы
9.    Беркімбаев Бөріхан Сматоллаұлы
10.    Қаршегенов Оразғали Төлеуғалиұлы
11.    Нұрғалиев Бауыржан Иғылашұлы
12.    Дүйсемалиев Ерсайын Жексенұлы
13.    Айдашев Бағыт Айдашұлы
14.    Құлтекенов Қайыржан Климентұлы
 

Қалалық мәслихат депутаттары:

1.    Қазиманов Бекболат Хайдарұлы
2.    Теміров Болат Бисенұлы
3.    Жәкиева Гүлнәр Тұрабайқызы
4.    Нарымбаев Лұқман Төлегенұлы
5.    Рахманов Марат Рахметоллаұлы
6.    Сүлейменов Айбат Сүйеуұлы
7.    Тұхфатов Бауыржан Зайденұлы
8.    Ерубаев Серік Сәрсенұлы    
9.    Бекенов Талғат Сахибеденұлы
10.    Рысқалиев Болат Құлмұханұлы
11. Пастухов Александр Юрьевич
12.    Шеркешбаева Бағыт Кеңесқызы
13.    Нәжікенов Серік Ермекұлы
14.    Жиенбаев Тұрлан Ғұмарұлы
15.    Ташлыков Андрей Владимирович
16. Ихсанов Ерсайын Уалитханұлы
17. Юсупов Ермекқали Төлепқалиұлы
18. Әлшенов Рахметолла Қожықұлы
19. Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы


(На правах рекламы)

28 июля 2011, 12:37

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш Телеграм и на editor@azh.kz.

Комментарии отключены