Соңғы бір жиында облыстың ардақты ақсақалы, белгілі тұлға, академик Муфтах Диаров ағамыз облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы Рысқалиевтің өңірге басшы болып келгеннен бастап атқарған ісіне ризашылығын білдіріп, Атыраудағы бір көпірді «Бергей көпірі» деп атауды ұсынған болатын.
Осы ұсынысты кейін облыстық мәслихат депутаттары қолдап көтерген кезде, қашанда елге қарапайым да да кішіпейіл, мадақ-мақтауды қолдамайтын мінезімен танымал облыс әкімі әңгімені қалың қауымның алдында: «Үлкен кісінің, ардақты ақсақалдың менің халық үшін жасаған азды-көпті еңбегімді жоғары бағалағанына разымын. Бірақ, осы әңгімені доғаралық. Енді алда осы мәселені көтермейтін болайық. Халыққа еңбек ету - әр әкімнің міндеті.
Біз - Елбасының тапсырмаларын орындау үшін осы орынға тағайындалған халық қызметшісіміз. Ол үшін ешқандай мансап та, атақ та іздеп жүргеніміз жоқ.
Рас, үлкен жұмыс атқарылды. Менің командам көмектесті. Міне, осы жерде облыстық мәслихат депутаттары тұр. Солармен бірлесіп жұмыс жасадық. Қажетті қаражатты бірлесіп іздедік, бөлдік. Халық үшін істеген жұмысты бұлдайтын түгі жоқ. Қайталап айтамын, халыққа қызмет ету әр басшының міндеті. Сондықтан бұл әңгімені қысқартайық»,- деп, үзілді-кесілді қарсы болып, шорт кескен еді.
Алайда, елдің қамын ойлаған басшыны қай уақытта да халық қолдайды, қуаттайды, жер үшін ерен еңбек сіңірген дара тұлғалы ұлдарын қадірлеп, өнегесін мақалдап, кейінге мұра етіп қалдырып отырған.
«Халық айтса қалт айтпайды» деген. Көпшіліктің осындай тұжырым жасауы облыс әкімін қолпаштау, жарамсақтану емес, қажымас қайраты мен елге деген сүйіспеншілігін, туған жерге деген перзенттік борышын адал атқарған азамат ретінде шынайы бағалау.
«Атадан жақсы ұл туса, қар үстіне от жағар» деген.
Өлкені басқаруға келген күннен бастап ақ барлық саланы жан-жақты қамтып, облысты түлетудің қамына жедел кірісті.
Ең бір қиыны, оның басқару кезеңі жаһандық қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келді. Бұл кез-келген басшыны електен өткізіп, сынайтын өте қауіпті шақ. Алайда, ол қиындықты жеңіудің амалын тапты. Қаржыны өзгеден алақан жайып сұрап жатпай-ақ облыстың ішкі мүмкіндіктерін іздестірді.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істеу арқылы бүкіл облыстың абыройын асқақтатты. Және тап осы қысылтаяң уақытта атқарушы орган үлкен – үлкен жобаларды жүзеге асырды. Іскерлік деген осы емес пе!
Бүгінгі кезең - Атырау елі тарихының алтын парағы басталған кез.
Бүгін Атыраудың қаласына да, даласына да бұрын-соңды болмаған жаңа құбылыс, түбегейлі өзгеріс әкелді. 60-70 жылдап қордаланып, халықтың үмітін үзген өзекті мәселелер шешілу үрдіс алды.
Шындықты ашып айту – адал парыз. Осыдан бұрынғы облыстың жағдайы мен қазіргі келбеті Сіз бен бізге тайға таңба басқандай аян. Мысалы, біздің, депутаттардың, орташа жасы 40 пен 60 жас аралығында. Осыған дейінгі жергілікті жердің жағдайын, проблемасын, қай тұсының ақсап жатқанын, бізден жақсы білетін адам жоқ.
Сан салаға көз жіберсек:
Ғасырдан астам уақыт тонналаған мұнай мен газ өндірілсе де, осынша байлықтың үстінде тұрған қарабайыр халық не көріп еді. Басқаны айтпағанда, ақыры, ішетін суы, үйінде жылуы, жүретін жолы жоқ еді ғой. Ең болмаса, мұнайдың ең соңғы қалдығы да өзімізге бұйырмай, арбаның дөңгелегінің майын басқадан сатып алып келдік.
Ал бүгін ше! Өз жеріңде тұрса да, жұмыс түгілі, айналасына жақындатпайтын жер-жаһанның алпауыт компанияларына мыңдаған өз қарагөздеріміз жұмысқа орналасты. Тек орналасып қоймай, олардың аяқ асты болып келген әлеуметтік-тұрмыстық, еңбек жағдайлары, ең бастысы, еңбек ақылары шетелдіктермен теңестірілді. Осыған дейін тұмсығын сұға алмаған әкім-қараларға қарағанда, өз азаматтарының ар-намысы мен жағдайын жақсарту үшін «ақырып теңдік сұрап», айтқанын орындатып, әділеттілік орнатты.
Облысы өркендеген, халқы тату, еңбекқор, ең бастысы, келешегі кемел Атырау өңіріне шетелдік алпауыттар да қызығушылық танытып, мұнай мен газ өндіруге мол инвестиция салуда. Инвесторлардың әлеуметтік жауапкершілігін көтеріліп, әлем бизнесі де тығыз қарым-қатынас орнатуда. Расында да, шетелдік ірі-ірі компаниялармен мәмілелесіп, ел Президентінің стратегиялық жоспарларын мүлтіксіз атқара білу осыған дейінгі талай басшылардың қолынан келмеді және бұның еш қоспасы жоқ.
Тұңғыш Президентіміз - сарабдал саясаткер, маман таңдауда аса сергек қарайтын көреген қайраткер.
Бұл әкім облысты көркейтемін деген Елбасы мен жергілікті халықтың алдындағы уәдесіне тұрды. Тіпті, бірнеше есе асырып атқарды. Бүгінде бүкіл облыста, оның ішінде қаладан бастап, аудан орталықтары, ауылдар осыған дейін тарихта болмаған ұлан-ғайыр істер жасалды.
Халықтың зәру тұстарын тез аңғарылып, ауыл-аймақтардың мұқтаждарын дөп басылды. Сөйтіп бар күш-жігерін жұмсалып, аса қажет жобаларды алдын ала таразыланып, халыққа ең керекті деген бағдарламаларды жүзеге асыруға кірісіп кетті.
Республикада бүкіл инфрақұрылмының 70 пайызы тозып, бұл жұмыстарға енді кірісіп жатқанда, Атырау өңірінде ірі-ірі деген басты инфрақұрлымды құрайтын бағдарламалар аяқталып келеді.
Оның ішінде соңғы жылдары бірнеше жүздеген білім беру мекемесі, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, спорт сарайлары, оның ішінде алғаш рет мұз айдыны, кәсіби спортқа арналған бассейн, ауылдың дарынды балаларын жаттықтыратын үлкен спорт мектеп-интернаты, кітапханалар, мәдениет үйлері іске қосылса, 500-ге жуық шақырым жол, үлкені–кішісі бар, 8 бірдей көпір, жүздеген шақырым су құбыры, газ желісі, жылу жүйесі, жарық линиясы, канализация құрылығысы, 2 канализация суын тазартатын алып нысан (КОС), 2 су тазарту-сүзу станциясы (фильтровальная станция) салынды. Сондай-ақ ондаған апаттық үй құлатылып, 1 млн. 600 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бірнеше аса қажетті, индустриялық-инновациялық өндіріс орны ашылды. Бұндай жұмыс бізде қашан болып еді! Осының бәрі тек үш-төрт жылда жасалды дегенге кім сенеді! Ғажайып емес пе! Ауқымды құрылыс, құрыштай қайнаған қызу еңбек дүрілдеген кеңес дәуірінде де кездеспеген жай еді.
Қай салаға да тек қана өрлеу, өсу тән.
Бүгінгі күні кез келген аудан орталығы қаламен теңесуге бет алды.
Ауыл – түпқазығымыз. Мал өсіретін шаруашылықтардың саны артып, жергілікті тұрғындар да еңбекке бет қойып, мал басын көбейте бастады.
Егін шаруашылығы күрт даму үстінде. Ондаған жекелеген қожалықтар көкөніс, жеміс-жидек өсірумен нықтап айналысуда. Көптеген жылыжайлар, азық-түлік –көкөніс қоймаларын салынды. Енді бір-екі жылда облысты қажетті тамақ өнімдерімен толық қамтитындай дәрежеге жетеді.
Бұл да билік тарапынан көрсетілген қолдау, бөлінген қаржы ең бастысы, жұмысты ұтымды ұйымдастыра білгеннің нәтижесі.
Ұзақ жылдар құрып кеткен шаруашылықты аяғынан тұрғызу оңай іс емес. Соған қарамастан, ұлан-ғайыр жұмыс атқарылды.
Қазір санаулы елді мекендерден басқа ауылдың бәрінде адамға не керектің бәрі жасалған. Қаладан еш кемі жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл ауылдың инфрақұрылымы жақсартылды.
Осыны пайдаланып, жастар ауылды көтеруге қайта бастады. Әрине, мұндай барлық жағдайы бар жерге кім келгісі жоқ. Бұл еңбектің еш теңеуі жоқ. Басқа-басқа, қатарынан бүкіл ауылдардың жағдайы бір мезгілде осылай көтеріледі десе ертегі дер едік.
Осы айтқандардың бір ғана жарқын көрінісі - ұзақ жылдар жоғарғы органдар назарынан тыс қалып, мешеу тіршілік кешкен, қараша күздің күйін кешіп, жастары қалаға босып, елді мекендердің тұрғындары жылы орнын суытып, тарап көшіп жатқан Қызылқоға ауданы өмірінің күре тамырына қан жүгіріп, тіршілік бітті.
Есімізде, Қызылқоға ауданында бір жиында облыс әкімі ауданға газ тартуды қолға алатынын айтқанда, «Қазақта «қуанған мен қорыққан бірдей» деген, халық сес білдірмей сілтідей тынып, үнсіз қалды. Содан қайта естерін жиып, бір бірінен сүйінші сұрап, құшақтасып, алды көздеріне жас алып жатты. Сол кездегі үміт оты әр қызылқоғалықтардың жұмыр жүрегінде жанса, бір жылдан соң арман болған көгілдір отын ауданның әр ошағында маздап тұр. Ауыз судың зардабын тартып келген халықтың су мәселесі, одан басқа проблемасының бәрі шешілді. Керемет деп осыны айт.
Бұл аудан алдағы уақытта ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған, ата кәсіпті өркендетудің шынайы үлгісін көрсеткен, бүкіл облыстың мақтанышына айналатын жетекші өңірдің бірі болады. Оған күмән болмасын.
Сонымен қатар ұзақ жылдар қара суға зәру болып, суды тасып ішіп, қиындық көріп келген келген Мақат, Жылыой аудандарының басты су проблемасы өз шешімін тапты. Одан да басқа қордаланып, жыр болып келе жатқан біраз шаруа іске асты. Бұлар да алып жобалардың бірі.
Қазір Жылыой орталығы – Құлсары қаласын екінші Атырау жасау мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бүкіл қала асфалтталып, ажарын асыратын тас жолдар төселіп, абаттандырылып, жарықтандырылып, жасылдандырылып жатыр. Бірнеше әлеуметтік маңызды нысандар салынып, ескісі жаңартылып, Құлсары келбеті түбегейлі өзгеруде. Бұрынғы әрі тайған ауылдың бет-бейнесінен тірішілігі қайнаған, жаңарған, әдеміленген үлкен қалаға айналуда. Болашақта облыстың екінші басты қақпасына айналары сөзсіз. Осындай іргелі үлкен істер барлық ауданға тән. Құрманғазы ауданының орталығы – Ганюшкино селосы да алдағы уақытта қалаға кейпіне енеді. Қазір жұмыстар басталып кетті және ол күн де алыс емес.
Өз облысымыздың орталығы – Атырау қаласының ажары бүкіл атыраулықтардың мақтанышына айналды. Тіпті, келген қонақтар Еуропа елдерінің қалаларына ұқсата бастады. Шынында да дәл солай. Қаланың көркіне көрік қосқан әдемі құрылыстармен қатар, әлеуметтік нысандар қатарынан бой көтерді. Салынған білім, денсаулық объектілерінен басқа, кеңестік дәуірде Атыру қаласында жалғыз көпір әрең салынған болса, бүгінде төрт көпір салынып, бесіншісі бітуі жақын. Одан басқа көпірге тең келетін жол айрық, қаланың бүкіл көшесі асфалтталынып, басты-басты көшелерге тас жол төселуде. Бүкіл қала абаттандырылып, жарықтандырылып, жасыл желекке, өмірде болмаған гүлзарларға толып, көз қуантады.
Жадымызда бар, осы азамат қала әкімі болып жасаған 8 айда қаланың 10 жылдық стратегиялық жоспарын жасап, сол уақыттан-ақ қалай жұмыс жасаудың жолын көрсетіп кетті. Қазір қалада атқарылып жатырған жұмыстар осы жоспар бойынша жүріп жатыр. Сол кезде темірдей тәртіптің арқасында бір айда қалаға елу-алпыс жылда болмаған күртік қардан, тау-тау болған күл-қоқыстан тазартып, жарқыратып, жайнатып қоя берді. Бытырап жатқан шаруашылықтарды, қызмет көрсетуші кәсіпорындарды - бүкіл күштің бәрін жұмылдырудың арқасында осы тығырықтан да шығарды.
XXI ғасыр – білімділер ғасыры, ұлы жазушы М.Әуезов: «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деген екен.
Артта келе жатқан білім саласындағы атқарылған ұшан-теңіз жұмыстың арқасында жағдай қазір түбегейлі өзгерді. Бүкіл білім ошақтары қайта салынып, жаңартылып, материалдық-техникалық база күшейтілді. Күрделі проблема - кадрмен қамту мәселесі бір жылда шешімін тапты. Осылардың нақты нәтижесін енді білім сапасындағы жоғарғы көрсеткіштен көріп жатырмыз.
Денсаулық сақтау саласына қойылып отырған талап биік, қолдау да мол. Өткенмен салыстырғанда, халықтың табиғи өсімі артып, өлім көрсеткіші төмендеді. Аурушаңдық азайып, тұрғындардың салауаттылығы артып келеді. Бұл ең бастысы.
Сонымен қатар мәдениет саласындағы тоқырауға да тоқтау салынды. Соңғы жылдары соны серпіліс туды, мәдениет қызметкерлері жігерленді. Облыс орталығы мен аудандарда, ауылдарды мәдениет үйлері қайта салынып, жабылғаны кері ашылып, күрделі жөндеуден өтіп, халыққа қызмет ете бастады. Ел мәдениетінің өркендеуі өркениетке жасалған бетбұрыс.
Спорт саласына жаңа тыныс әкелді. Бұрын бүкіл облысқа бір-ақ спорт кешені болатын. Қараңызшы, қаншама спорттық нысан бой көтерді.Облыста қазіргі заманғы талаппен, озық технологиямен жабдықталған қуатты спорт инфрақұрылымы қалыптастырылды. Ал облыс спортшылары да бұл қамқорлыққа жарыстағы жетістіктерімен жауап беруде. Үш бірдей ел кубогін: футболдан, баскетболдан, волейболдан жеңіп алды. Күні кеше мүгедек-волейболшыларымыз Америкада өткен жарыстан алтын жүлдемен оралды. Әлі талай дүбірлі додаларда көш бастайтынымызға сөз жоқ. Ең бастысы, өнерлі жастарға деген үлкен қолдау бар.
Жергілікті халықты тұрғын үймен қамтып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуда үлкен жұмыс атқарылды. Соңғы жылдары қатарынан ардагерлер, 500-ге тарта мұғалім мен дәрігер, 300-дей құқық қорғау қызметкері, ондаған мәдениет қызметкерлері, спортшылар, баспасөз құралдарының өкілдері, мүгедектер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, жүздеген апатты үйлердің тұрғындары жаңа пәтерге ие болып, қаншама отбасы қуаныш пен бақытқа бөленді.
Облыстың әлеуметтік бейнесін жақсарту үшін қаржы табу оңай іс емес. Бірақ қанына сіңген қасиет-талапшылдықтың, ізденіс пен талаптың, тапқырлықтың, ұтқырлықтың арқасында ел күткен алып жобаларды абыройлы жүзеге асырып, уақытында іске қосып, облыс тұрғындарын қуантып келеді.
Мұның бәрі, алдымен, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі болса, осы міндетті мүлтіксіз орындап, аяғына жеткізіп отырған қазіргі облыс әкімінің осыншама ерен еңбегіне жергілікті халықтың ризашылығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Аймақ басшысы сертке берік қайраткер екенін іспен танытты.
«Айтылмаса сөз жетім». Әкім де өзінің өмір сүріп отырған ортасының перзенті. Ел үмітін ақтаған ердің абыройын асқақтату азаматтық борышымыз. Атыраулықтар өз басшысының іскерлігін орынды ұлықтауда. Ол-елдің атын шығарған ер. Осындай үлгілі істерге қарап, өсіп келе жатқан жастар тәрбиеленеді, жаңа буын қалыптасады.
Алдын ала ештеңе айтпай-ақ қояйық. Бірақ Атырауды Атырау етіп биікке көтеріп, беделі мен абыройын тасытты. Облыс басшысы ретінде қалай жұмыс істеудің өзіндік қолтаңбасымен сара жолын салып, келесі келетін әкімдерге ең бірінші болып, озық үлгісін көрсетті. Қайталанбас, мүмкін, енді ешкімнің қолынан келмейтін іс атқарылғаны анық. Оған уақыт төреші. Бірақ тап осындай «Тәуекелмен тау қопарған» ерен еңбектің болашақта баламасы болмайды.
Білеміз, біздің облысты ондаған майталман, тәжірибелі азаматтар басқарды. Олар да әрине, қызметтерін мүмкін-діктерінше атқарды. Мүмкін қабілет-қарымы тартпады ма, мүмкін ынта-жігері аз болды ма, алайда, облысты тап бүгінгідей көркейтуге қол жеткізе алмады. Оны халық біледі және бұл ел өміріндегі боямасыз шындық.
Әкімдіктің креслосы мәңгілік емес. Біреулер келер, біреулер кетер. Дегенмен, тап осылай елге күш-жігерін аямай төгіп, адал қызмет ететін басшы қайталана ма деген сұрақ мазалайтыны да жасырын емес.
Құрметті жерлестер, ардақты атыраулық азаматтар! Әр жердің маңдайына біткен біртуар алтын жүректі, абзал азаматы болады. Сондай тұлға бүгінгі облыс басшысы деп білеміз. Сондықтан әсем ғимарат, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жатқан маңызды нысан - орталықтағы көпірді Атырау облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы Рысқалиевтің есімін беруді қалалық мәслихат депутаттары біз де қолдаймыз және өзі қарсы болса да, бұл көпірді халық арасында бейресми түрде оның атымен атай беретін боламыз. Тұрғындардың қалауы да осы. Елінің жарқын болашағы үшін жан аямай күресіп, туған жеріне өлшеусіз еңбек сіңірген бұл Азаматқа қандай құрмет көрсетсек те лайық.
Атырау қалалық мәслихатының депутаттары:
Жәкиева Гүлнәр Тұрабайқызы
Нарымбаев Лұқман Төлегенұлы
Рахманов Марат Рахметоллаұлы
Теміров Болат Бисенұлы
Сүлейменов Айбат Сүйеуұлы
Тұхфатов Бауыржан Зәйденұлы
Ерубаев Серік Сәрсенұлы
Бекенов Талғат Сахибеденұлы
Рысқалиев Болат Құлмұқанұлы
Пастухов Александр Юрьевич
Шеркешбаева Бағыт Кеңесқызы
Нәжікенов Серік Ермекұлы
Қазиманов Бекболат Хайдарұлы
Ташлыков Андрей Владимирович
Ихсанов Ерсайын Уалитханұлы
Юсупов Ермекқали Төлепқалиұлы
Әлшенов Рахметолла Қожықұлы
Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы
29 июля 2010, 00:00