
Атырау облысында жұмыссыз азаматтарға арналған тегін кәсіптік оқыту курстары басталды. Қазір жоба аясында 55 адам жаңа мамандықты меңгеруге кірісті. Бағдарлама «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асуда. Негізгі мақсат — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлап, азаматтарға тұрақты жұмысқа жол ашу.
Бұл курстар жұмыссыздарды сұранысқа ие мамандықтарға оқыту арқылы еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ, тек білім беріп қана қоймай, адамдарға өзіне сенім артуға, жаңа өмірге қадам жасауға мүмкіндік береді.
Басқарма басшысы Полымбек Хасановтың айтуынша, оқу мерзімі қаңтар мен сәуір айлары аралығын қамтиды. «Біздің міндет — адамдарға тек мамандық үйрету ғана емес, оларды нақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін құрал ұсыну. Бұл жоба жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік ашып, өз күшіне сенуге көмектеседі», — дейді ол.

Оқу төрт аккредиттелген орталықта өтіп жатыр. Атап айтқанда: токарь мамандығы — Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде; аргонды дәнекерлеу (газэлектрдәнекерлеуші) және инертті газ ортасында балқымайтын вольфрам электродымен қолмен дәнекерлеу — APEC PetroTechnic колледжінде; дефектоскопист (бұзбай бақылаудың бес әдісі) — Apec Training Center орталығында; ал жарылысқа төзімді электротехникалық және бақылау-өлшеу жабдықтарын инспекциялау мен аудиттеу — Edil-Oral.kz оқу орталығында жүргізілуде.
Курс қысқа мерзім ішінде теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, қатысушыларға нақты өндірістік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Тыңдаушыларға түскі ас қарастырылған.
Жоба аясында Жылыой ауданынан 12 адам оқуға жіберілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, курстардың басты мәні — тек мамандық үйрету емес, адамдарға жаңа мүмкіндік беру және кейін жұмысқа орналасуына қолдау жасау. Бұл бастама өңірде сұранысқа ие техникалық кадрларды даярлауға бағытталған.
Қатысушылар да бұл мүмкіндікті жоғары бағалап отыр. Мәселен, Жаңақаратон ауылының тұрғыны Қалыбай Құтышев пен Құлсары қаласының тұрғыны Нұрберді Төлеуғожин Edil-Oral.kz оқу орталығында жарылысқа төзімді электротехникалық және бақылау-өлшеу жабдықтарын инспекциялау мен аудиттеу бағыты бойынша білім алған.

Қалыбай Құтышев 2012 жылдан бері жұмыссыз. Негізгі мамандығы электромонтер болса да, жұмыс табу оңай болмаған. Ол биыл жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, жұмыссыздарға арналған кәсіптік оқыту курсы туралы ұсыныс алған. Үйде отыра беруден жалыққан Қалыбай өзі ізденісте жүргенде жаңа кәсіп игеруді жөн көрген. «Жаңа мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасқым келеді. Бұл — өмірімді өзгертуге жақсы мүмкіндік», — дейді ол.
Ал Құлсары қаласының тұрғыны Нұрберді Төлеуғожин 2024 жылы желтоқсанда Теңіз кенорнында жұмыс істеп жүріп қысқарып қалған. Ол бұған дейін «Мұнай-газ ісі мамандығы» және «автоматизация және басқару» бойынша екі мамандықты меңгерген. Алайда, қос дипломы бола тұра тұрақты жұмыс таба алмаған. Жұмыспен қамту орталығына тіркелгеннен кейін жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік беретін курс туралы естіп, оқуға ниет білдірген. Оның айтуынша, оқу барысында барлық жағдай жасалған. «Жатақхана берілді, үш мезгіл тамақ ұйымдастырылған. Курсты аяқтаған соң жұмысқа орналасамын деп жоспарлап отырмын. Бұл курстар тек білім беріп қана қоймай, болашақ жұмысың үшін жауапкершілік пен сапалы қызмет етуді үйретеді», — дейді ол.

Жаңа білім алу, біліктілікті арттыру ешқашан кеш емес. Бұл - қайта өсу мен даму жолы.
Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар адамдарға өзіне сенім беріп қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына да үлес қосады. Курсты аяқтаған түлектер алған білімін өндірісте қолданып, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алады деп күтілуде.

Бұл бастама жаңа бағыт іздеген жандарға алға сеніммен қадам жасауға күш береді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік форматы бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысымен адамдардың өмірінде нақты өзгеріс әкелетінін көрсетеді. Ондаған отбасы үшін бұл тек оқу емес – тұрақты табысқа, өзіне сенімділікке және жарқын болашаққа бастайтын жол.
В Атырау -10