Атырау, 26 қараша 16:51
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жаңа округтің ескі проблемалары

2 844 просмотра

Бәйгетөбе ауылына жету үшін ауыл мен кенттің арасын бөліп тұрған теміржол рельстерін біраз айналуға тура келеді. Мұнда да қордаланған мәселелер аз емес.

Мақат ауданындағы Бәйгетөбе ауылдық округі осыдан небары бес ай бұрын ғана құрылды. Мұнда 1500-ға жуық адам тұрып жатыр. Олар үшін Мақат кентіне жетудің өзі мұң. Ал оған тіке апаратын жолдың ұзындығы бір шақырымға да жетпейді. Қыста тәуекел етуге болмайды, себебі тегіс жол жоқ. Ал қираған айналма жолмен сегіз шақырым жол жүресің. Таксистер мұнда келуден бас тартады. Тағы аспалы көпір бар, бірақ оның үстімен қараңғы уақытта жүру қауіпті. Әсіресе, қар жауғанда көпір үсті тайғанақ болады.

Ерғазы ЖОЛАМАНОВ есімді жергілікті тұрғын жол мәселесі бойынша жергілікті әкімдікке бірнеше рет шағымданғанын айтады:

- Мен тіпті көлік жолының сызбасын сызып, нұсқамды қарастыруын сұрап, ұсыныс жасадым. Бірақ әкімдердің жиі ауысуынан сызбаларым қайта-қайта жоғалып кете береді.

Бәйгетөбе ауылдық округінде үш жыл бұрын 525 оқушыға арналған мектеп тұрғызылды.  Бүгінде мұнда 215 оқушы білім алып жатыр. Осы ауылдық округке бір шақырым жердегі мұнай айдау стансасы мен екі шақырымда орналасқан 402-ші разъезд де қарайды. Олардың маңдарында, әрқайсысында, 40-тан астам отбасы тұрады,  олардың ішінде мектеп жасындағы балалар да бар.

- Біздің балалар жолдың жоқтығынан іргедегі Бәйгетөбе мектебіне қатынай алмай отыр. Оқушылар жолсыз жермен жүріп көрген, бірақ сортаң жерге батып қала береді. Сондықтан, біздің балаларымыз аспалы көпір арқылы өтіп, Мақат кентіндегі мектептерде оқуға мәжбүр. Осы мәселені біз аудан әкімдігіне құлаққағыс еттік. Бірақ ешқандай қозғалыс жоқ, - дейді Салтанат ЕРҒАЛИЕВА.

Тағы бір алаңдатып тұрған мәселе - қоқыс төгетін жер. Аудандағы жалғыз полигон осы ауылға келетін жолдың дәл іргесінде орналасқан. 14 жылда айналасы қоршалмаған полигонда қоқыстар әр жерде тау болып үйіліп жатыр. Мал осы қоқыстарға барып жайылады. Жаздың күндері өзінен-өзі бықсып жанған қоқыстардан айнала түтіндеп, тұрғындардың  тұншығып жатқаны.

- Әрине, проблема көп, бірақ өз алдына округ болып құрылғаннан кейін кейбір мәселелер шешіле бастады. Мәселен, мектептің бір жақ бөлігін балабақша етіп ашу көзделуде, біз соған қуаныштымыз, - дейді Бәйгетөбе орта мектебінің қызметкерлері.

Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі Қоныс ТӨЛЕУОВ аталған мәселелермен таныс екенін және оларды шешуге тырысып жатқанын айтты:

- Ауыз су қорын сақтауға арналған қазанды биыл жөндеуден өткіземіз деп отырмыз. Оған бюджеттен ақша бөлінуі тиіс. Сондай-ақ, мектептің жанынан 100 орындық балабақша ашпақпыз. 402-ші разъезд тұрғындарына газ құбырын тарту мәселесі де жоспарда бар, мамандар сметалық құжатты жасақтауға кірісті. Ал қоқыс полигоны көктемде қоршалады. Сол кезде қоқыстарды тазарту жұмыстары қолға алынбақ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.