Атырау, 4 тамыз 17:28
 дождьВ Атырау +34.2
$ 475.38
€ 547.73
₽ 5.93

​Ақшолақов бір апта ішінде Атырау облысындағы қоқыс мәселесін жоюды тапсырды

111 рет қаралды

Өңір басшысы Болат Ақшолақов тұрғындардың уәжін ескере отырып, анықталған кемшіліктерді бір апта ішінде жоюды және бұл жұмысты жүйелі түрде тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының барысы талқыланды. Басқосуда елді мекендерді абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және цифрлық бақылау технологияларын енгізу мәселелері сөз болды. Мақат ауданында заңсыз қоқыс төгу фактілерін анықтауда өзін тиімді көрсеткен ұшқышсыз аппараттарды (дрондарды) енді Атырау мен Құлсары қалаларында да қолдану ұсынылды.

Облыс басшысы тұрғындар тарапынан айтылған шағымдардың негізді екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға жедел әрекет етуді жүктеді.

«Экология мәдениеті жекелеген адамдардың үлгі-өнегесінен басталады. Балаларымыз қандай жағдайда өмір сүріп, қандай үлгі көріп өссе, есейгенде тазалыққа деген көзқарасы дәл сондай болады. Сондықтан тұрғындардың уәжіне уақытында құлақ асып, іске бірден кірісуіміз керек. Анықталған кемшіліктер бір апта ішінде жойылуы тиіс. Тапсырмалардың орындалуы аппараттың әр апталық отырысында қаралып, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрақты бақылауында болады », — деді Болат Ақшолақов.

Жиында тиісті басқармалар мен департамент басшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

  • Экологиялық акциялар мен инфрақұрылым: Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Жантас Оспанның айтуынша, акция аясында 210 сенбілік өтіп, 6,5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сондай-ақ Құлсарыда «Барлаушы» саябағы ашылса, тамыз айында 4,4 гектарлық «Атырау» экосаябағы қолданысқа берілмек.

  • Заңсыз қоқыс орындары: Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов рейдтер мен ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған заңсыз қоқыс алаңдарының басым бөлігі тазаланғанын және жауаптыларға 648 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлады.

  • Құқық бұзушылықтар мен бақылау: Полиция департаментінің өкілі Әділбек Қозыбеков абаттандыру ережелерін бұзған 3 800-ден астам хаттама толтырылып, Атырау қаласындағы 35 проблемалық учаскенің электронды картасы жасалғанын жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша Болат Ақшолақов Атырау қаласы әкімдігіне абаттандыруға тартылатын арнайы техниканың дайындығына толық талдау жасауды, заңсыз қоқыс алаңдарын жоюды және экологиялық акцияларға мектеп оқушылары мен еріктілерді белсенді тартуды тапсырды.

Бүгін, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.