
Перетаскадағы лотос отырғызу оқиғасының экологиялық салдарын әлі ешкім бағалаған жоқ. Ғалымдар зерттеуге қаржы күтіп отырғанда, ал салалық ведомстволар бөгде өсімдіктерге жүйелі мониторингтің жоқ екенін мойындап отырғанда, табиғат адамның қателігі мен өз бетінше әрекет еткені үшін есеп айырыспайды деген үміттен басқа амал жоқ.
Еске сала кетейік, сіздің тілшіңіздің Атырау облысындағы лотос отырғызудың сәнге айналған үрдісіне жасаған жақын арадағы зерттеуі мұндай эксперименттердің күмәнділігін ғана емес, жергілікті су айдындарына экологиялық қауіп төнуі мүмкін екенін анықтаған болатын («Атыраудағы лотос авантюралары»). Атап айтқанда, сөз Перетаска өзеніне отырғызылған лотостар туралы болып отыр, ол жерге тұқым Қытайдан жеткізілген. Жерсінген өсімдік белсенді түрде қаулап өсіп жатыр және Ботаника және фитоинтродукция институты ғалымдарының ескертуінше, белгілі бір жағдайларда инвазивті түрге айналып, жергілікті флораны ығыстыруы, судың оттегі балансын бұзуы, балықтардың қырылуына, су айдынының батпақтануы мен тартылуына әкелуі мүмкін.
Мамандар сырттан келген өсімдіктерді ғылыми сәйкестендіру, кешенді экологиялық бағалау және тұрақты мониторинг жүргізу қажет екенін алға тартады. Бұл ретте бөгде өсімдіктерді табиғи су айдындарына өз бетінше отырғызу экологиялық заңнама талаптарын бұзу болып табылады. Басқаша айтқанда, туристер үшін тартымды жаңа орынды құруға деген ниет пен әрекет салдарынан табиғатқа зиян келген жағдайда жауапкершіліктен босатпайды.
Резонанс тудырған жарияланымнан екі ай өткен соң «АЖ» редакциясы Перетаскадағы лотос алқабының айналасындағы қазіргі жағдайға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, көпшілік асығыс Қызыл кітапқа енген деп жариялаған өсімдіктің түрін анықтау мүмкін болды ма?
Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнар Ситпаеваның айтуынша, молекулалық-генетикалық талдау үшін Институтта қаржы ресурстары қарастырылмаған. Сондықтан Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына шаруашылық шартын жасау ұсынылды.
«Шаруашылық шарты аясындағы қаржыландыру қажетті зертханалық зерттеулерді орындауға және өсіп тұрған лотостың түрін барынша дәл сәйкестендіруге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ол.
Табиғи ресурстар басқармасының өзінде 2027 жылы молекулалық-генетикалық зерттеулерге тапсырыс беру жоспары туралы хабарлады. Ботаника саласында маманданған ғылыми институттардан баға ұсыныстары алынып қойған. Зерттеулер облыстық бюджет есебінен жүргізіледі, әрі әзірге Перетасканы кешенді экологиялық бағалау және тұрақты мониторинг жүргізу туралы сөз болып отырған жоқ.
Бұған дейін өңірлік флораның (соның ішінде инвазивті, сирек кездесетін және шаруашылық үшін құнды түрлердің) жай-күйін бақылау Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына жүктелгені хабарланған болатын. Оның өкілдері жазда-ақ Перетаскадағы лотос учаскесін қарап шыққан, бірақ қауіпті ештеңе көрмеген.
«Көзбен шолып тексеру нәтижесі бойынша лотостың өсуінің жағымсыз әсер ету белгілері анықталған жоқ, өйткені тексеру сәтінде лотос дамудың бастапқы сатысында болды, оның қалың өскіндері айқын сипатта болмады», — дейді инспекция басшысы Ризабек Дәулетов.
Лотостарға қатысты оқиға жергілікті флораны зерделеу және оның жай-күйін бақылау саласындағы бірқатар жүйелі проблемаларды ашып көрсетті. Белгілі болғандай, инспекция өңірде бөгде және әлеуетті инвазивті өсімдік түрлеріне мониторинг жүргізбеген. Мұндай өсімдіктерді анықтау, олардың қаі түріне тиесілі екенін белгілеу және таралу ауқымын бағалау мақсатында Каспий теңізінің атырабы, Жайық өзені және басқа да су айдындарында арнайы зерттеулер де жүргізілмеген.
Инспекцияда бөгде және әлеуетті инвазивті өсімдіктердің нақты түрлері, олардың өсетін жерлері, таралу ауқымы, сондай-ақ олардың табиғи экожүйеге әсер ету нәтижесі туралы мәлімет жоқ. Тіпті Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерінің өсетін жерлерін есепке алу мәліметтері де жоқ! Мұндай орындардың деректер базасы мен тізілімі қалыптастырылмаған.
Бұл оқиғаның басты қорытындысы Перетаскадағы лотостардың әлі күнге дейін сәйкестендірілмегенінде де емес. Өңірлік ведомстволардың бөгде өсімдіктерді уақтылы анықтау және бақылау құралдарына іс жүзінде ие болмай отырғаны әлдеқайда алаңдатады. Жүйелі мониторинг жоқ, толыққанды есеп жоқ, әлеуетті қауіпті түрлердің таралу ауқымы туралы деректер жоқ. Сонда өңірдегі экологиялық тәуекелдерді олар айқын байқалған кезде ғана байқауды жөн көретін болып тұр. Ал ол кезде одан келген қауіп-қатердің алдын алуға тым кеш болуы мүмкін.
Жақында әлеуметтік желіде Перетаска жағалауындағы жер учаскесін біреулер «жекешелендіріп» қойғаны, ал болашақта жер иесі лотостың гүлдеуін тамашалағысы келетіндерден ақы алуға ниетті екені туралы ақпарат тараған болатын. Алайда Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров бұл қауесетті жоққа шығарды. Ол лотос өсетін аудандағы жерді әкімдік ешкімге бермегенін атап өтті. Азаматтардың ортақ пайдалананатын су нысандарына қолжетімділігін шектеу заңсыз.
Лев ГУЗИКОВ
Суретті түсірген Юлия ВАХМИСТРОВА
В Атырау +3.4