Атырау, 24 қараша 11:12
 дождьВ Атырау +3.4
$ 455.12
€ 498.99
₽ 5.55

Экология министрі Атырау облысындағы ірі өндіріс орындарының жұмысын тексерді

49 рет қаралды
Фото ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметінен
Фото ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметінен

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, Теңіз кен орнының, Атырау мұнай өңдеу зауытының және табиғат қорғау ұйымдарының жұмысымен танысты. Сапардың негізгі тақырыптары мұнай-газ кәсіпорындарының экологиялық қауіпсіздігі, Каспий экожүйесінің жай-күйі және өңірдің биоалуантүрлілігін қорғау болды.

Теңіз кен орны мен Атырау мұнай өңдеу зауытына барған кезде министр кәсіпорындардың өндірістік қызметіне және экологиялық талаптардың сақталуына назар аударды.

Қуантыровтың айтуынша, «Теңізшевройл» және Атырау мұнай өңдеу зауыты сияқты ірі табиғат пайдаланушылар жер қойнауын игеру саласындағы шағын және орта бизнесті қоса алғанда, басқа компанияларға үлгі болуы тиіс. Бұл ретте экологиялық нормаларды, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын, ESG қағидаттарын сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану маңызды.


Жұмыс сапары барысында Каспий теңізінің экожүйесіне де ерекше назар аударылды. Министр сирек кездесетін жануарлар түрлерін қорғау, браконьерлікпен күресу және табиғи ресурстарды сақтау жұмыстарымен айналысатын Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен кездесті.

Сондай-ақ Қуантыров Жайық өзенінің атырауы мен Каспий теңізінің жағалауында орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына барды. Оның аумағы 111,5 мың гектарды құрайды. Бұл аумақ халықаралық табиғат қорғау маңызына ие: сулы-батпақты алқаптар Рамсар тізіміне енгізілген, ал резерват 2014 жылдан бері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісінің құрамына кіреді.

Бұдан бөлек, Экология министрлігінің басшысы облыстық экология департаментінің ұжымымен кездесіп, ведомство ғимаратын, қызметкерлердің еңбек жағдайын және зертхананың жабдықталуын көрді. Кездесу барысында экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелері талқыланды.

Бүгін, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.