
Атырау облысы Махамбет ауданында ескі ұңғыманың жанынан құстың өлексесі табылды.
Әлеуметтік желіде Таңдай ауылына жақын жерден түсірілген бейнежазба тарады. Кадрлардан жағасында құстың өлексесі жатқан қою майлы сұйықтыққа толы су айдынын көруге болады. Жазбаға қарағанда, олардың кейбірі осы сұйықтыққа бөккен. Бейнежазба авторы бұл ластану құстардың қозғалуына кедергі келтіріп, қырылып қалуына себеп болуы мүмкін деп болжайды. Десек те, сұйықтықтың құрамы мен құстардың қырылу себебі әлі анықталған жоқ.
«АЖ» бұл бейнежазбаны Атырау облысы бойынша экология департаментіне жолдады. Редакцияның сауалына жауап ретінде Жайық учаскесіндегі тарихы бірнеше онжылдыққа созылған K-30J апатты ұңғымасы туралы ақпарат берілді.
Ұңғыма бар, бірақ құжаты жоқ
K-30J ұңғымасы сонау 1965 жылы бұрғыланған. Кейін ол Атырау облысының экологиялық мәселелері тізіліміне енгізілді. Дегенмен, бүгінде нысанның нақты техникалық сипаттамасын анықтау қиынға соғып тұр, өйткені қолжетімді архивтерде бастапқы құжаттар сақталмаған.
«Архивтерде ұңғыма бойынша бастапқы геологиялық-техникалық және атқарушылық құжаттаманың болмауы оның конструкциясын, тереңдігін, технихалық жай-үйін және сұйықтықтың келу сипаттамасын нақты анықтауға мүмкіндік бермей отыр», – деп хабарлады экология департаментінен.
Қазір Жайық учаскесі бұрын «TUMAR PETROL» ЖШС деп аталған «TUMAR I-Energy» ЖШС пайдалануында. Көмірсутектерді барлау және өндіруге арналған келісімшартқа компания 2022 жылғы 8 қарашада қол қойған.
Келісімшарт жасалғаннан кейін Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыға учаскеде апатты ұңғыманың бар екенін хабарлады. Бұл ретте экологтардың жауабынан белгілі болғандай, компанияға берілген материалдарда да, аукциондық құжаттамада да ол туралы, оның апатты жағдайы мен оған қатысты міндеттемелер жайлы ешқандай мәлімет болмаған.
Осылайша, бұрынғы апаттың салдарынан арылуға кім жауапты деген сұрақ туындады. Департаменттегілер жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелер заңнамаға сәйкес жауапты жер қойнауын пайдаланушы тарапынан орындалуы тиіс екенін түсіндірді. Бұл ретте бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелері туралы мәселе бұрын қолданыста болған келісімшарт шарттары мен учаскені тапсыру-қабылдау құжаттарын ескере отырып қарастырылуы қажет.
Жоюға тырысқанымен нәтиже шықпады
Энергетика министрлігі бұған дейін ұңғыманы жою үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындаған, алайда іс жұмыстарды орындауға дейін жетпеді.
2013–2015 жылдары «Эмбамұнайгаз» АҚ мәселені шешуге әрекеттеніп көреді. Мамандар ескі ұңғыманың аузын іздеп, котлованнан сұйықтықты сорып алуға және апатты жою үшін көлбеу бағытталған дублер-ұңғыма бұрғылауға тырысты. Бірақ жұмыстарды аяқтау мүмкін болмады.
Кейін жергілікті әкімдік адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарларына қауіп төнгендіктен, компаниядан қауіпті аумақты қоршап беруді сұрады. Қоршау орнатылды.
Компанияның бағалауынша, бұл қоршау 2024 жылғы су тасқыны кезінде құрамында көмірсутек бар сұйықтықтың қоршаған ортаға таралу қаупін азайтуға да ықпал еткен.
Алты ай бақылау жүргізу ұсынылды
2026 жылғы 26 шілдеде «TUMAR I-Energy» ЖШС Энергетика министрлігіне дайындық және инженерлік-іздестіру жұмыстарын келісу туралы ұсыныс білдірді.
Компания котлованнан сұйықтықтың құрамын, көлемін және қайта келу сипатын анықтау үшін бақыланатын бақылау-диагностикалық сорып алуды жүргізуді ұсынады. Сорып алынған сұйықтықты герметикалық ыдыстарға жинау, ал нысанның жай-күйіне аспаптық бақылау жүргізу жоспарланып отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, мониторинг алты айға дейін созылуы мүмкін. Жұмыстарды жүргізудің нақты шарттары мен қажетті қауіпсіздік шараларын мамандандырылған ұйым анықтап, кейін белгіленген тәртіппен келісілуі тиіс.
Экология департаментіндегілер зерттеу жүргізу қажеттігін шынайы технихалық деректерсіз апатты жоюдың қауіпсіз әдісін таңдау мүмкін емес деп түсіндіреді. Жою жұмыстары өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, техникалық негізделген жоба негізінде жүргізілуі тиіс.
Бұл ретте сұйықтықтың тек сыртқы түріне қарап, оның құрамын, көзін және келу қарқынын нақты анықтау мүмкін емес.
Тексеруден кейін компания ұңғыманы жою бойынша ұсыныстар дайындап, оны уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынуды жоспарлап отыр.
«АЖ» бұл туралы осыдан 13 жыл бұрын жазған
Біздің редакция үшін Таңдай түбіндегі ұңғыма хикаясы таңсық емес. 2013–2014 жылдары «АЖ» бұл мәселені көтерген болатын, ол кезде де жағдай дәл осындай еді.
Ауылдан шамамен бір жарым шақырым жерде, ескі бұрғылау қондырғысының орнында мұнайға ұқсас сұйықтыққа толған котлован болды (суретте). Жергілікті тұрғындар мұнда бұрғылау жұмыстары 1960 жылдардың аяғында басталып, кейін тоқтатылғанын айтқан еді. Уақыт өте келе су айдыны пайда болып, ол ауыл тұрғындарының, ең алдымен, төрт түлікке төнетін қауіпке байланысты алаңдаушылығын туғызды.
Бақсай ауылдық округінің сол кездегі әкімі Жұмабай Бисенов «АЖ» тілшісіне нысанның бұған дейін «КаспианЛиман-Ойл» ЖШС-не берілгенін, кейін оған деген құқық Исатай ауданының тұрғындарының біріне өткенін айтқан болатын.
Оның айтуынша, сонау 2007 жылы су айдынының айналасында топырақ үйіндісі жасалып, қоршау орнатылғанымен, уақыт өте келе қорғаныс құрылыстары бұзылған.
2014 жылы Бисенов редакцияға қоршауға қатысты қиындық туралы қайта хабарлады. Оның айтуынша, «Ембімұнайгаз» АҚ қоршау орнатқанымен, кейін оны қайта алып тастаған.
«ҚазМұнайГаз» АҚ жұмысшылары оны жер қазу жұмыстарын жүргізу үшін алып тастады-ау деймін, дәлірек айта алмаймын. Осы мәселе бойынша мен жүгінген құзырлы органдар егер мұнда жоспарланған жұмыстар жүргізілмесе, шұңқырға топырақ төгіледі немесе қоршалады деп сендірді», – деген еді ол кезде әкім.
Бұл мақала жарияланғаннан кейін он екі жыл өтсе де, Таңдайдың жанында майлы сұйықтыққа толған шұңқыр әлі жатыр. Өткен онжылдықтарда апатты жою үшін жобалар жасалды, ұңғыманың аузына жетуге де әрекеттер болды, бірақ істі соңына дейін жеткізе алмады. Енді жоюдың қауіпсіз әдісін ғана емес, бұл жұмыстарды жүргізуге кім жауапты екенін де анықтау қажет.
Айнұр САПАРОВА
Сурет «АЖ» мұрағатынан
В Атырау +17