Оқушылар ерлігі
Құрманғазы ауданы Шортанбай ауылында тұратын жоғары сыныптың екі оқушысы ерлі-зайыпты жұпты судан құтқарып қалды.
Мұз ойылып кетіп, суға батып бара жатқан жұпты оқушылар бірінші болып көрген. Шортанбай орта мектебінің 9 және 10-сынып оқушылары Арман САРЖАНОВ пен Рүстем НЫҒЫМЕТОВ бірден үстеріндегі күртешелерін шешіп, оның жеңін ұстатып, адамдарды мұз бетіне қарай тартып шығарған.
***
Ержүрек қыз
2014 жылдың 2 наурызы 9 жасар Динара НҰҒМАНОВАНЫҢ есінде ұзақ сақталады. Ол сол күні өзінің ағайын інісі – 5 жасар Муслимді судан құтқарып қалған болатын. Кіп-кішкентай ғана батыл қыз осы оқиғаны есіне түсірсе, өзін мақтаныш сезімі билейтінін жасырмайды.
Олар сол күні Сарыөзекте тұратын әжелерінің үйіне қонаққа келген болатын. Өзектің маңында ойнап жүрген балалардың ең кішісі Муслим апаларының қарсылығына қарамастан, мұздың үстінде ойнауға жүгіріп кеткен. Оның мұз ойығына түсіп кеткенін бірінші болып Динара көрген.
- Мен ойықтың суы інімнің маңдайына дейін жеткенін байқап қалдым. Қасына жүгіріп бардым да, қолымды созып шығарып алдым. Өзім суға кетіп қаламын деп қорыққаным жоқ, себебі мен суға кетпеймін деген ойда болдым, -дейді Динара.
Ержүрек қыз Дамбы поселкесінде тұрады, өзі 3-сыныпта оқиды.
***
Абайлаңыз, шұңқыр!
Мұнай төгінділерін жинауға арналған бұл үлкен шұңқыр Махамбет ауданы Таңдай ауылынан 1,5 шақырым қашықтықта жатыр. Ондаған жыл өтсе де, шұңқырдың айналасын қоршау ешкімнің ойына келмегендігі қайран қалдырады.
- Бұл шұңқыр, шамамен, 60-жылдардың басында қазылған болуы керек. Оның асты терең. Қасына бала барып қала ма, мал түсіп кете ме деп қорқамыз. Былтыр қыста біз тұрғындар болып дабыл көтергеннен кейін айналасын қоршап еді, кейін оны алып тастапты, -дейді таңдайлықтар.
Бақсай ауылының әкімі Жұмабай БИСЕНОВТЫҢ ақпаратына сүйенсек, қоршауды «Ембімұнайгаз» АҚ жасаған.
- Алайда, «Қазмұнайгаз» АҚ оны алып тастады. Себебі олар сол жерді қайта қазып қарамақ, не үшін екенін білмедім. Мен хабарласқан тиісті орындар «егер қазу жұмыстары жалғаспаса, онда шұңқырды бітеу немесе айналасын қоршау жұмыстарын бастаймыз» деп сендіріп отыр, - деді Ж. Бисенов.
***
Майкөмгенде – жаңа амбулатория
Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылында 25 адамды қабылдайтын жаңа амбулатория пайдалануға берілді.
Оның қүрылысына облыс бюджетінен 84 млн теңге бөлінген болатын. Бүл амбулаторияда стационар бөлімі де жүмыс істейді.
***
Бағасы асып кеткен
Исатай ауданы прокуратурасы бөлшек саудада бағаны шектік межеден асырған кәсіпкерлерге қатысты айыппүл салды.
Мәселен, «Аз-Зикр» ЖШС аудандық орталық ауруханаға жанар-жағармайды үстеме бағасымен сатқан. Серіктестік дизель отынының бір литрін – 110 теңгеден, АИ-80 бензинін 96 теңгеден, AИ-92 бензинін 120 теңгеден мемлекеттік мекемеге өткізіп келген.
Сондай-ақ, бүған жеке кәсіпкер Г. НҰрсафиеваның тарапынан да жол берілген.
Кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға прокуратураның Атырау облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментіне енгізген ұсынысы арқылы ҚР ӘҚБтК-ның 147-12 бабының 1-бөлімімен әрқайсысына 200 АЕК көлемінде айыппүл салынды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА