Атырау, 26 қараша 05:44
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Үрейді алған шұңқыр

4 563 просмотра

Махамбеттен Исатай ауданына баратын жол жиегіндегі  шұңқыр.

Махамбет ауданына қарасты Таңдай селосынан 1,5 шақырым жердегі бұрғылаудан қалған қара майға толы шұңқыр біраздан бері ауыл адамдарының үрейін туғызып отыр.

Махамбеттен Исатай ауданына баратын жол жиегіндегі бұл шұңқыр кезіндегі бұрғылаудан қалған «естелік» болып шықты. Мұнай төгілгенін немесе мұнай қалдығы ма, оны ешкім білмейді. Көлемі 5х5 метр болатын алып шұңқырдың орта тұсы аздап бүлкүл қағады. Жерасты қабатындағы газ қысымынан пайда болып жатқан бұл бүлкүлдің соңы немен аяқталары да белгісіз. Қай жылдары екені белгісіз, айналасын топырақпен көмкергенімен, ол жермен-жексен күйге түскен. Қызығушылықпен ұзындау ағашты көлшіктегі сұйықтыққа батырып қарап едік, қара май жағылып қалды. Айналасы да қара майға былғанған, қасына жақындап бару мүмкін емес. Қоқыстар да баршылық.

- 60-шы жылдардың аяғында бұл жерлерде бұрғылау жұмыстары жүргізілді, тоқтап қалды. Көп кешікпей осы көлшік пайда болды. Бірақ бұған бас ауыртып отырған жанды көрмейсің, иесіз әрі қоршаусыз қалғандықтан малымыз түсіп кете ме деп зәреміз жоқ. Бұл не нәрсе, әлде жер асты байлығы ма, егер қажетсіз болса, неге көміп тастамайды, - дейді таңдайлықтар таңданыстарын жасыра алмай.

Бұл қауіпті аймақ туралы Махамбет аудандық прокуратурасына хабардар еттік. Кейін бізге Бақсай селолық округінің әкімі Жұмабай БИСЕНОВ хабарласты.

- Бұдан 46 жыл бұрын, неден болғанын білмеймін, осы қарамайлы көлшік пайда болыпты. Кейін «КаспианЛиманОйл» ЖШС қарамағына көшіп, одан Исатай ауданының бір азаматы иелік ете бастаған. 2007 жылы жан-жағы топырақпен көтеріліп, қоршалды. Бірақ жылдар өте оның бірі де қалған жоқ, - дейді Ж. Бисенов.

- Бұл аймақ кімнің иелігіне қарайды?

- Соны біле алмай отырмын. Негізі Бақсай оругіне қарауы керек қой. Мен күні бойы осы іспен айналыссам да нақты иесін таба алмай отырмын. Бұған дейін бұған мал түсіп кетті дегенді естімеппін. Егер иесі табылмаса, онда қоршауды өз күшімізбен жүргізетін боламыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.