
Астанада Таиландтан елге есірткі заттарын заңсыз тасымалдаған Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімі шықты. Елордаға каннабис экстрактын тәттіге ұқсатып әкелмек болған 20 жастағы бойжеткен 16 жылға, ал халықаралық пошта арқылы есірткі жіберуді ұйымдастырған 39 жастағы ер адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотта белгілі болғандай, бірінші іс бойынша айыпталушы 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан жалпы салмағы 4,7 килограмды құрайтын екі шабадан каннабис экстрактын жеткізуге келіскен. Ол тыйым салынған затты тәттілердің арасына жасырып алып өтпек болған. Алайда заңсыз жүк елорда әуежайына ұшып келген сәтте шекарашылар мен құқық қорғау органдары тарапынан анықталып, тәркіленді. Сот шешімімен бойжеткен 16 жылға темір торға қамалды.
Екінші іс бойынша 39 жастағы азамат 2024 жылдың көктемінде Таиландтан Қазақстанға пошта қызметі арқылы есірткі партиясын жіберуді ұйымдастырған. Тыйым салынған заттар халық тұтынатын тауарлардың арасына жасырылған. Бұған дейін бұл сәлемдемені елде қабылдап алған үш адам сотталып, тиісті жазасын алған еді. Ал есірткіні шетелден жөнелткен негізгі ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланып, ұсталғаннан кейін сотқа тартылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.
Сот үкімдері әлі заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +17.1