
Атырау теміржол вокзалын қайта жаңарту жұмыстары кезінде бес метр биіктіктен құлап кеткен 42 жастағы ер адам облыстық ауруханаға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, ол басынан жарақат алып, нейрохирургия бөлімшесіне жеткізілген.
Оқыс оқиға 15 қазанда түске дейін болған. Жұмысшы құрылыс құрылғысынан құлап кеткен. Жанында болған тағы бір ер адам да, алдын ала ақпарат бойынша, жеңіл-желпі жарақат алған, бірақ дәрігерлер оны тексергеннен кейін үйіне жіберді.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі «Ақ Жайыққа» хабарлағандай, Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімі еңбекті қорғау ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», — деп хабарлады ведомстводан.
Вокзалды қайта жаңарту жұмыстарын «Батыс Альянс Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Шілде айында-ақ «ҚТЖ» басшылығы нысанды тексеру кезінде еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтап, мердігер ұйымдарға тиісті бақылаудың жоқтығын көрсеткен болатын. Ол кезде кемшіліктерді жою тапсырылған еді.
«Ақ Жайық» редакциясы ауруханаға түскен жұмысшының жағдайы туралы ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасынан нақтылап жатыр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +14.6