
Ортағасырлық қалашық аумағында салынып жатқан музей кешенін «Үйшік» деп атау ұсынылды.
Ақтөбе-Лаэти қалашығы XIII–XV ғасырларға жатады. Ол Томарлы ауылы маңындағы Жұлдыз-3 ықшамауданына жақын орналасқан. Ескерткішті өткен ғасырдың 60-жылдарының басында өлкетанушы Вячеслав Афанасьев пен мұнайшы-геолог Сапар Қарымсақов ресми түрде анықтаған. Дегенмен, мұнда гурьевтік оқушылардың 1925 жылы-ақ шағын қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі.
Ескерткішті егжей-тегжейлі әрі жүйелі зерттеу 1970-жылдары Гурьевте КСРО Ғылым академиясының Археология және этнография институтының Еділ-Жайық экспедициясы жұмысын бастаған кезде қолға алынды. Экспедицияны осы институттың ғылыми қызметкері Лев Галкин басқарды. Қазіргі ғалымдарға бұл жер Ақтөбе мекені деген атауымен белгілі. Ал Л. Галкин италиялық көпес-саяхатшы Пицциганидің XIV ғасырға жататын картасын тауып, онда бұл қала Лаэти деп көрсетілгенін анықтады. Осыдан барып ескерткіштің Ақтөбе-Лаэти деген қосарлы атауы қалыптасқан.
1993 жылдан кейін жүйелі археологиялық жұмыстар тоқтап, қазба жұмыстары өте сирек жүргізілді. Жалпы аумағы 52,7 гектар болатын қалашық іс жүзінде қоқыс үйіндісіне айналды. Жағдай 2024 жылдан бастап оңала бастады: аумақты қоршауға қаражат бөлініп, археологиялық зерттеулер тұрақты жүргізіле бастады. Сондай-ақ туристер үшін тартымды музей құру туралы шешім қабылданды.
«Ақтөбе-Лаэти қалашығы – ашық аспан астындағы музей» жобасын іске асыру биыл көктемде басталды. Жұмыстың тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бас мердігер – Жылыойдағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйін жөндеу және №8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарымен танылған «Жалынды құрылыс» ЖШС. Авторлық қадағалауды жобалаушы «Тоныкөк Құрылыс» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «Товарищество Экспертов-Строителей» ЖШС жүзеге асырады.
Жоба аясында әкімшілік ғимарат, садақ ату алаңы мен автотұрақ салынып, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. «Үйшік» деп аталатын кешеннің негізгі нысаны – үлкен ангар. Оның ішінде ортағасырлық қалашықтың көше желісін қайта қалпына келтіру жоспарланған. Жұмыстардың жалпы құны – 703,3 млн теңге (ҚҚС-ты қоса алғанда).
Құрылыс басқармасы «АЖ» редакциясына жобаның сметалық құны өзгермегенін, жұмыстар кестеге сай жүріп жатқанын және қазіргі уақытта оның 59%-ы орындалғанын хабарлады. Нысанды 2027 жылдың ақпанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, қазір Ақтөбе-Лаэти аумағында археологиялық қазба жұмыстары аяқталуға жақын. Оны Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары Алматыдағы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Татарстандағы (Ресей) Ә.Х. Халиков атындағы Археология институтының ғалымдарымен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Лев ГУЗИКОВ
Фото мен эскиздерді құрылыс басқармасы ұсынды.
В Атырау +23.5 







