
Жаңа булану тоғанының құрылысы 2027 жылға шегерілді. Бұған дейін жұмысты биыл бастау жоспарланған еді.
Нысанның құрылысы 2027 жылдың II тоқсанында басталмақ. Алайда нақты мерзімдер жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана анықталады. Құжаттама әзірге дайын емес.
Еске салсақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты әзірге қолданыстағы «Сасық сай» деп аталатын булану алаңдарын толық қалпына келтіре алмай отыр. Кәсіпорынға бекітілген төрт сектордың тек екеуі ғана ретке келтірілген.
Мәселе сол жағалаудағы кәріз-тазарту құрылыстары зауыт ағындарын қабылдаудан бас тартқаннан кейін туындады. Себебі олар технологиялық талаптарға сәйкес келмеген. Соның салдарынан қалпына келтіру жұмыстары уақытша тоқтатылды: кәсіпорынға ағындарды төгетін орын қалмады.
«Сасық сайдың» қала әкімдігінің балансындағы бөлігі белгіленген мерзімде қалпына келтірілді. Мониторинг қорытындысына сәйкес, бұл аумақ қазір бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз экологиялық қауіп төндіреді.
Сонымен қатар су айдынын қоқиқаздар мекендей бастады. Мамандар олардың пайда болуын экожүйе жағдайының оң көрсеткіші деп бағалайды.
Қазіргі таңда бұрынғы тоғанның қалаға тиесілі бөлігі тәулігіне 15–16 мың текше метр тазартылған ағынды қабылдап отыр.
Бұл арада Атырау мұнай өңдеу зауыты жаңа булану тоғанының жобасын әзірлеуді жалғастырып жатыр. Нысанға жеткізуші құбыр тартылып, зауытқа жақын маңда – Атыраудың оңтүстік өнеркәсіптік аймағында орналастырылмақ. Учаске аумағы шамамен 500 гектар болады.
Қазір кәсіпорын жер телімін уақытша жалға алу актісін рәсімдеуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобаны іске асыруға кірісуге болады.
Құрылысты 2027 жылдың II тоқсанында бастау жоспарланып отыр. Жоба бойынша қоғамдық тыңдаулардың өтетіні әзірге нақтыланбады.
Лев ГУЗИКОВ
Сурет: ҚМГ telegram-каналы
В Атырау +31.7