Атырау, 23 қаңтар 17:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 505.71
€ 591.43
₽ 6.65

Атырау мұнай өңдеу зауыты өзіне жаңа «Сасықсай» салмақ

108 рет қаралды
Сасықсай 2021 жылы
Сасықсай, 2021 жыл

Жаңа булану алаңын салу қажеттілігі ескі тоғанды толық қалпына келтірудің мүмкін болмауына байланысты туындады.

Еске сала кетейік, 2021 жылы жалпы аумағы 1336,2 гектар болатын сол жағалаудағы булану алаңдарын қалпына келтіру жобасы басталған еді. Бұл жер халық арасында «Сасықсай» деген атаумен белгілі. Ол оң жағалаудағы «Квадратпен» бірге Атырау қаласының ауасына жағымсыз иіс шығаратын негізгі көздердің бірі ретінде аталған болатын.

Сасықсай 1945 жылдан бастап зауыттың ағынды суларын қабылдады, кейінірек қаланың сол жағалауындағы барлық тұрмыстық қалдықтар да осы жерге төгілді. Сондықтан Tazalyq жобасы аясында бұл тоған «зауыттық» және «қалалық» деп екі бөлікке бөлінді, әрі оларды кезең-кезеңімен құрғату үшін секторларға жіктеді.

Қалалық бөлікті қалпына келтіру жұмыстары белгіленген мерзімде, 2023 жылы аяқталды. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 961,02 млн теңге жұмсалды. Бас мердігер – «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы. Сол жағалауда ұзаққа созылған кәріз-тазарту құрылыстары да аяқталып, енді сол жағалаудың барлық тұрмыстық қалдықтарын қабылдап, тазартқаннан кейін оларды булану алаңының қалпына келтірілген бөлігіне тастап отыр. Ал зауыттық бөлік бойынша Tazalyq жобасы ұзақ уақытқа тоқтап қалды.

Бұған дейін хабарланғандай, зауыт төрт сектордың тек екеуін ғана қалпына келтіре алды. Сол жағалаудағы кәріз-тазарту құрылыстары «Атырау облысы Су Арнасы» кәсіпорнының балансында тұр. Олар технологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндіктен зауыттың ағынды суларын қабылдаудан бас тартты . Кәріз-тазарту құрылыстары тек тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға арналған, олар өндірістік қалдықтардан өзгеше. Соның салдарынан қалпына келтіру жұмыстары тоқтап қалды, өйткені зауыттың ағынды суларын жұмыс кезеңінде төгетін орын табылмады.

АМӨЗ секторлары, 2023 жыл

Атырау мұнай өңдеу зауытының ресми түсіндірмесіне сәйкес, өткен жылдың жазында кәріз-тазарту құрылыстары зауыттың ағынды суларын қайта қабылдай бастаған. Алайда қыркүйек айында кәсіпорынға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан хат келіп, онда ағынды суларды қабылдаудан бас тартылғаны айтылған. «Тазарту құрылыстарының жұмысының бұзылуы және биологиялық процестердің ағындылар құрамына бейімделе алмауы» себеп ретінде көрсетілген.

Атырау облысы әкімдігімен жағдайдан шығу жолдарын талқылау барысында мұнай өңдеу зауыты жаңа булану тоғанын (шамамен көлемі 500 гектар) салу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар нормативті-тазартылған ағынды суларды жеткізу үшін төрт шақырымдық құбыр тартылады және Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес геомембранды оқшаулау жасалады.

Қазір зауыт мамандары жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Жаңа булану тоғанын қажетті инфрақұрылымымен бірге 2026–2027 жылдары салу жоспарланған. Бұл жұмыс жобалық құжаттамаға ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана басталады. Сол кезде ғана Tazalyq жобасына қайта оралу мүмкіндігі пайда болады.

«Булану тоғанының құрылысы аяқталып, ағынды суларды жаңа алаңға бағыттау ұйымдастырылғаннан кейін қолданыстағы булану алаңдарының 3-ші және 4-ші секторларын кезең-кезеңімен құрғату және қалпына келтіру жұмыстары басталады. Қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру 2027–2029 жылдарға жоспарланған», – делінген «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің «Ақ Жайық» редакциясының сауалына берген жауабында.

Лев ГУЗИКОВ

Суреттер «АМӨЗ» ЖШС мен ашық дереккөздерден алынған

Бүгін, 13:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.