Атырау, 21 қаңтар 00:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -12
$ 507.05
€ 594.82
₽ 6.51

Атырауда «Квадрат» пен КТҚ бойынша 47 млрд теңгелік жұмыстар тағы да мерзімінен кешіктірілуде

93 рет қаралды

Атырау билігі тағы да тұндырғышты тазарту және оң жағалаудағы кәріздік тазарту құрылыстарын қайта жарақтау жұмыстарының аяқталу мерзімін түзетті.

Еске сала кетейік, көлемі 500 гектар болатын «Квадрат» булану алаңын тазарту жұмыстары тұндырғышқа жақын орналасқан ескі кәріздік тазарту құрылыстарын (КТҚ) реконструкциялаумен бір уақытта 2022 жылы басталған еді. Жобаға тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, ал бас мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ.

Жоба бойынша екі нысанның да бір мезгілде пайдалануға берілуі қарастырылған. Алайда мерзімдер бірнеше рет кейінге шегерілді. Бұған құрылыс материалдарының, жұмыстардың қымбаттауы, қосымша геологиялық зерттеулердің қажеттілігі және басқа да түзетулер себеп болды.

Нәтижесінде КТҚ реконструкциясының құны бастапқы 18,5 млрд теңгеден 39,7 млрд теңгеге дейін өсті. Ал «Квадратты» тазарту бағасы өзгеріссіз қалды – 7,2 млрд теңге. Егер бұрын билік жариялаған мерзім 2025 жылдың соңына сәйкес келсе, енді барлық жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың айтуынша, қазіргі уақытта қолайсыз ауа райына байланысты «Квадратты» тазарту жұмыстары жүргізілмей тұр. Бүгінге дейінгі орындалған көлем – 55%. Ал кәріздік тазарту құрылыстарын реконструкциялау жалғасуда, оның 75%-ы аяқталған.

Еске сала кетейік, бес жыл бұрын сот «Квадратты» пайдалануға тыйым салған еді. Осыдан кейін «Атырау облысы Су Арнасы» КМК оң жағалаудағы ағын суларды төгу үшін балама болмағандықтан мерзімді кейінге шегеруді сұрады. Өткен жылдың маусымында бұл мерзім аяқталған соң кәсіпорын «Квадрат» пен КТҚ бойынша жұмыстар толық біткенше оны ұзартуға өтініш білдірді. «Бұл мәселе бойынша сот отырысы әлі өткен жоқ», – деді КМК басшысы Мейірім Қалауи.

Қазіргі уақытта «Квадрат» Атыраудың оң жағалауынан тәулігіне шамамен 15 мың текше метр лас суды қабылдап отыр. Ол атмосфералық ауаны тұрақты ластау көзі болып қала беруде.

Лев ГУЗИКОВ

«АЖ» мұрағатынан алынған суреттер

Кеше, 22:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.