Атырау, 5 желтоқсан 21:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

«Квадрат» пен КТҚ құрылысы жыл соңына дейін аяқталады: биліктің жаңа мерзімі

Сурет Бейнежазба
523 рет қаралды

Атырауда билік өкілдері 2025 жылдың соңына дейін «Квадрат» булану алаңын тазарту жұмыстары мен кәріз суын тазарту қондырғысы (КТҚ) құрылысын аяқтауға уәде берді. Алайда бұл жоба бұған дейін бірнеше рет тоқтап, қымбаттап, қайта түзетілгендіктен, тұрғындар жаңа мерзімге күмәнмен қарайды.

Қалаға арналған техникалық су

Кәріз суын тазарту қондырғысы құрылысы аяқталған соң 2026 жылы бір жыл бойы техникалық сынақтан өтеді. Жоспар бойынша 2027 жылы толық іске қосылады. Сол кезде қондырғыдан тазаланып шыққан суды техникалық мақсатта — саябақтарды суаруға, автокөліктерді жууға және өндірістік қажеттіліктерге пайдалану көзделіп отыр. Бұл ауыз су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазір қалада саябақ пен көшелердегі жасыл-желек Жайық өзені суымен суарылады. Көлік жууға және басқа да техникалық мақсатта ауыз су пайдаланылады. Суды қалаға жеткізу үшін қосымша құбырлар тартылып, сорғы станциялары орнатылады. Сонымен қатар, электр генераторлар орнату арқылы тазарту жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыстарға инвесторлар тартылмақ.

Қазір техникалық су құбырын қалаға тарту мақсатында бірнеше инвестор қызығушылық танытып отыр. Олардың қатарында қытайлық инвестор да бар. Қарабатан бағытына су жеткізу мәселесі бойынша жобаны іске асыруға жұмсалатын шығындары секілді экономикалық есептеулер жүргізіп жатыр. Болашақта техникалық су KPI мен Қарабатан сынды өндіріс орындарына берілуі мүмкін.

Облыстық әкімдікте түсіндіргендей, егер құбыр желісіне миллиардтаған бюджет қаржысы салынса, ал тұтынушылар табылмаса, онда бұл қаржы босқа жұмсалады.

«Квадрат»: 500 гектарлық лас алаң

Қаланың оң жағалауынан келген кәріз суы күн сайын булану алаңының 500 гектарлық аумағына құйылып жатыр.  

Кәріз суын тазарту қондырғысы құрылысы мен «Квадрат» булану алаңын тазалау жұмыстары 2022 жылы басталған. Тапсырысшы - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Мердігер – Атыраудағы ғана емес, жалпы республика бойынша миллиардтаған ірі жобаларды тендерде ұтып алғыш «Палодар өзен порты» АҚ компаниясы. 

Кәріз тазарту қондырғысы құрылысы құны – 39 млрд 765 млн теңге, «Квадрат» булану алаңын тазалау жұмысы құны – 7 млрд 500 млн теңге. Кәріз суын тазарту қондырғысы аумағында автокөлік цехы, жөндеу цехы және әкімшілік басқару ғимараты орналасқан. 

Бөлімнің абаттандыру және көгалдандыру секторының меңгерушісі Мәулен Саламатовтың сөзінше, кәріз суын тазарту қондырғысы іске қосылған соң тәулігіне 31 мың текше метр кәріз суын техникалық су ретінде пайдалануға жарамды дәрежеге дейін тазартады. Сарыөзек елдімекеніндегі басты кәріз айдау станциясы арқылы магистралды кәріз суы құбыры арқылы кәріз тазарту қондырғысына тасымалданады. Қондырғыға жектен кәріз суы үш кезеңдік технологиялық тазарту процесінен өтеді. Су механикалық жолмен қоқыстан тазартылып, арнайы резервуарда араластырылып, бірқалыпты жағдайға келтіріледі. Осыдан кейін биологиялық реактор арқылы тазартылып, тұндырғышқа түседі. Соңында тазартылған судан бөлінген лай қайта өңделіп, «Квадрат» булану алаңына жіберіледі. Булану алаңында лас шөгінді тұнба кәріз суынан бөлініп алынады.

Геология және құрылыс мәселелері

Жобаның бірнеше мәрте қайта қаралғаны белгілі. Соңғы түзетулер өткен жылдан биылғы наурыз айына дейін енгізілді. Жобаға түзетулер жасалған кезеңде құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұрды. Түзетуге себеп болған мына жағдай: құрылыс алаңының жері сазды, батпақты болуына байланысты геологиялық зерттеулер қайта жүргізіліп, қада қағылып, жер өңделген.

«Бұл ерекшеліктер неге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу кезінде ескерілмеген?» – деп сауал қойды журналистер. Бұған М. Саламатов нақты жауап бере алмады, себебі оның айтуынша, «ол кезеңде бұл қызметте жұмыс істемеген».

Бұдан бөлек, 2023–2024 жылдары «Квадратты» тазарту жұмыстары материалдардың қымбаттауына және техникалық түзетулерге байланысты тоқтап тұрды. Әкімдік мәліметінше, биыл сәуірден бастап жұмыс қайта жанданып, қазіргі таңда 50 пайызы орындалған.

Сот және ақиқат

Еске сала кетейік, 2021 жылы сот «Квадрат» алаңын экологиялық зиянды азайту шаралары жүргізілгенге дейін жабу туралы шешім шығарған болатын. Алайда төрт жылдың ішінде нақты өзгеріс байқалмады: сарқынды сулар әлі төгіліп жатыр, иіске шағымдар көбейіп, жағдай әлі де күрделі күйде қалып отыр.

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен видеоны түсірген автор

9 қыркүйек, 23:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.