
Атырау облысының Махамбет ауылында бес жыл бойы салынған жағалауға 17,8 млрд теңге жұмсалды. Ақауларға «толы» нысан әлі күнге дейін ресми түрде пайдалануға берілмеген.
Еске салсақ, аудан орталығындағы жаңа жағалауды «Павлодар өзен порты» АҚ салған еді. Мамыр айында бұл жағалауды салтанатпен ашты, ал небәрі екі жарым айдан кейін алғашқы ақаулар көріне бастады. Жергілікті тұрғындар оларды фото және бейнежазбаға түсіріп, «АЖ» редакциясына жолдады. Тиісті жарияланымнан соң редакция Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың атына ресми сауал жолдады. Ауыл тұрғындары нысанның сапасына күмәнданып, нөсерлі жауын немесе күшті тасқын мұндай жағалауды әп-сәтте қиратып кетуі мүмкін деп алаңдауда.
Сауал жаңа облыс басшысының қолына тимей, Махамбет аудандық әкімдігіне жолданған. Ол жақпен біраз «айқасқаннан» кейін ғана шенеуніктер толық ақпарат берді.
Сонымен, ұзындығы 4,5 шақырым болатын жағалаудың құрылысына тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Жобалық-сметалық құжаттаманы 33,4 млн теңгеге «DIPCO» ЖШС әзірлеген, ал «Павлодар өзен порты» АҚ құрылысқа 2021 жылы кіріскен. Техникалық қадағалауды 300 млн теңгеге «АДС Сапа» ЖШС жүргізген.
Аудан әкімдігі Қайрат Нұрлыбаевтың қолы қойылған хатта ауыл тұрғындарының «жағалауда бар болғаны төрт орындық орнатылған» деген сөзін жоққа шығарды. Әкімдік мәліметінше, барлығы 4,5 шақырымға төрт емес, тұтас он орындық қойылған, әрі сонша қоқыс жәшігі бар.
Жоққа шығарды да, әңгіме бюджет сомалары мен нысанды пайдалануға қабылдау актісіне келгенде бірден жалтаруға кірісті. Тек қайталанған сауалдан кейін ғана, ҚР «Масс-медиа туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдарының нормаларын бұзуға болмайтынын түсіндірген соң, аудан әкімдігі бес жылдық «ғасыр құрылысы» салық төлеушілерге 17,8 млрд теңгеге (ҚҚС-пен бірге) түскенін хабарлады.
Жалпы алғанда, жағалаудың бастапқы құны 12,1 млрд теңге (ҚҚС-пен бірге) болған, алайда кейін жобалық-сметалық құжаттама бір рет түзетіліп, баға күрт өскен.
Аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Асылхан Шакимов қол қойған басқа хатта түсіндірілгендей, қымбаттау «құрылыс материалдарының, жабдықтардың және көлік-логистикалық қызметтердің бағасының өсуіне, сондай-ақ жобалық шешімдерді қолданыстағы құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіруге» байланысты болған. Бірақ жобалық шешімдерде нақты қандай олқылықтар болғаны айтылмаған. Сонымен қатар, бас мердігерге әлі күнге дейін 2,5 млрд теңге төленбеген.
Дәл осы өзен порты алдындағы қарыздың салдарынан жағалауды пайдалануға қабылдау актісіне толық қол қойылмаған. Бұған қоса, аудан әкімдігінің дерегінше, компания атқарушы құжаттардың толық пакетін тапсырмаған.
Ал жағалауды ашу кезінде дүркіретіп той жасағандар «ҚР Құрылыс кодексіне сәйкес, нысанды пайдалануға беру заңды болып саналуы үшін қабылдау актісі тиісті түрде рәсімделіп, бекітілуі тиіс» екенін біле ме екен?
Егер жағалау заңсыз пайдалануға берілген болса, ол ешкімнің балансында бола алмайды – құжаттар толық болмағандықтан оны тіркеуге құқықтары жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, жағалаудың қазір иесі жоқ.
«Ақауларды енді кім түзетеді?» деген орынды сұраққа аудан әкімдігі түсініктеме берді: бұл міндетті бас мердігер өз қаражаты есебінен кепілдік міндеттемелері аясында орындауы тиіс.
Редакция әкімдікпен хат алмасып жатқанда, біреулер жағалаудағы бүкіл олқылықты алдымен жұлынған бұталармен бүркемелеп тастаған (бәлкім, ешкім байқамасын деген оймен шығар!), кейін тура мағынасында «сылап тастауға» кіріскен.
Құрылыс кезінде кесілген ағаштар мен жағалаудағы жасыл желектің толық жоқтығына қатысты әкімдік қазір жағалау бойымен автожол және веложол салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын хабарлады. Сол жобада жасыл желек отырғызу да қарастырылған.
«АЖ» редакциясы жағалауға қатысты жағдайды, оның ішінде құқықтық қырларын да бақылауды жалғастырады.
Лев ГУЗИКОВ
Махамбет ауылы тұрғындарының видеосы
В Атырау +22.3