
Оның ашылғанына небәрі екі жарым ай болса да, алғашқы ақаулар байқала бастады.
Мамыр айында өткен салтанатты рәсімде лента қиылып, концерт ұйымдастырылып, отшашумен аяқталған еді. Алайда көп уақыт өтпей-ақ кеспетастар төсемі қисайып, жақтаумен түйіскен жерлерде ойықтар пайда болған. Қазірше бұл кемшіліктер аз көрінгенімен, тұрғындар жауын-шашын мен тасқын мұндай сапасыз жағалауды тез бүлдіреді деп алаңдаулы.
Бұдан басқа, Махамбет тұрғындарының айтуынша, бірнеше жылға созылған құрылыс кезінде Жайық жағасындағы барлық жасыл желек жойылған, ал жаңа жағалау бойына бірде-бір ағаш отырғызылмаған. Ұзындығы 4,5 шақырым болатын нысанда небәрі төрт орындық пен төрт қоқыс жәшігі ғана бар.
Жағалауды салушы бас мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ, ол Атырау облысында ірі жобаларды жиі атқарып келеді.

Осыған байланысты «Ақ Жайық» редакциясы облыс әкімі Болат Ақшолақовтың атына ресми сауал жолдады. Сұрақтар қатарында:
Жағалауды салу үшін мердігерге қанша бюджет қаржысы бөлінді және жобаның құны неше рет, қандай себеппен артты?
Техникалық қадағалау тендерін қай компания жеңіп алды және оған қанша қаражат жұмсалды?
Жаңа жағалау бойына жасыл желек отырғызу жобада қарастырылған ба?
Егер отырғызу қарастырылмаған болса да, бас мердігер не себепті «Атырау облысы бойынша елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларына» (Атырау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 11 желтоқсандағы №68-VIII шешімімен бекітілген) сәйкес өтемдік отырғызуды жүзеге асырмаған?
Жағалауды қабылдау актісіне қол қойған тұлғалардың аты-жөні кім және лауазымдары қандай?
Жағалаудағы ақауларды қай ұйым түзетеді және кімнің есебінен жасалады?
Бұл сұраққа жаңа өңір басшысы қандай жауап береді және ең бастысы, ол жауаптар қаншалықты толық әрі жан-жақты болмақ – мұны біз міндетті түрде оқырмандарымызға жеткіземіз.
Айтпаөшы, жақында ғана, өткен аптада «Павлодар өзен порты» АҚ Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында жағалауды бекіту жұмыстарына арналған тендерді жеңіп алды. Жобаның құны – 3,9 млрд теңге.
Лев ГУЗИКОВ
Фото/видео: «АЖ» оқырмандары
В Атырау +28.2