
Құлсары қаласында 2024 жылы басталған автомобиль тұрақтарының құрылысы әлі күнге дейін толық бітпеген. Жоспарланған төрт нысанның ішінде екі мектеп пен бір балабақша жанындағы тұрақтар да бар.
№9 мектеп жанында салынуы тиіс автотұрақ жобасының құны 28 млн 771 мың теңгені құрады. Бұл жобаны аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырған, ал мердігер ретінде «KazWestTeam» ЖШС таңдалған.
Мердігер тапсырысшы, аудандық жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөлімімен келісім шартқа отырғаннан кейін құрылыс жұмысын бастаған. Тұрақ көлемі қырылып, шебен төккен, бірақ ол да біркелкі емес. Алайда ЖШС неге екені белгісіз жұмысын одан әрі жалғастырмай тастап кетеді. Бүгінге дейін аумақ дәл сол күйінде тұр.
Енді оның зардабын мектеп ұжымы мен ата-ана, оқушылар бастан кешіруде.
- Көлікпен келсек машинаны қоятын жер жоқ, айнала аласапыран болып жатыр. Оның үстіне жауын-шашынның арты балшыққа айналып берекетіміз кетеді. Аяқ басар жер қалмайды, техникалық қызметкерлердің қолынан тряпкасы түспейді. Балаларымыздың тап-таза аяқ киімі былғанып жатқаны. Ал құрғақ күндері тіптен қиын, топырақ борап тұрады. Шебендер шашылып дым қалмаған. Мектепке кіріп-шығудың өзі қиындап тұр. Үшінші жылға айналды, көрген күніміз осы,-дейді шағымданушылар.
"Думан" ықшам ауданында орналасқан №19 мектеп жанынан автотұрақ салуға 22 млн 562 мың теңге қаралып, 2024 жылдың 4 шілдесінде келісім шартқа отырған. Бірақ ЖШС мұны да бітірмей тастап кеткен. Саусақпен санарлық күнде жаңа оқу жылы басталады.
"Автожолшылар" ықшам ауданындағы "Өркен" балабақшасы алдынан (22 млн 562 млн), "Атамұра" ықшам ауданынан (20 млн 605 мың) автотұрақ құрылыстары үш жылдан бері жылжымастан қалған.
Төрт автотұрақ жобасының бастапқы жалпы құны шамамен 94,5 миллион теңгені құраған.
- Бұл жұмыстарды "KazWestTeam" ЖШС-не 2025 жылдың мамыр айында аяқтау міндеттелген еді. Алайда олар жұмысты орындамады, келісім шартты біржақты үзуге тура келді. Одан бөлек Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына беріп, ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылды,-дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов.
ЖШС орындамай кеткен құрылыс жұмыстары инфляцияға байланысты жобалық-сметалық құжаттамаға қайтадан түзетулер енгізіліп, сараптамадан өткен. Енді түзетілген жобаларды іске асыру үшін қаржы сұратылмақ.
Қазіргі таңда төрт автотұрақтың құрылысына қатысты жағдай белгісіз күйінде қалып отыр. Олардың бастапқы сметалық құны 94,5 миллион теңге болғанымен, қайта есептеуден кейін қанша қаржы қажет болатыны және қашан бөлінетіні әзірге анық емес. Сондай-ақ осы қаражаттың қанша бөлігі мердігер «KazWestTeam» ЖШС-не нақты төленгені де белгісіз.
Осылайша, құрылыс басталғанына екі жылдан астам уақыт өтсе де, төрт автотұрақтың қашан аяқталатыны туралы нақты мерзімдер әлі белгіленбеген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +25.1