
Жылыой ауданы Құлсары қаласында автотұрақтар құрылысы жұмысына 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінгенімен, өз мәресіне жетпей қалды.
Кейбір нысандар бос тұр, мердігермен келісімшарт бұзылған, компаниямен болған даулар сотта қаралып жатыр екен.
Мектеп және балабақша алдына автотұрақ салу мақсатында 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттамасы 22 нысанға жасақталып,оның 9-ы пайдалануға берілді. 2024 жылы бұл жұмыс жалғасын тапқанымен 4 жерде, яғни «Айгөлек-1», «Өркен» балабақшалары мен № 9, 15 мектеп автотұрағы бітпей қалды.
- Автотұрақ құрылысынсалу үшін өткен жылдың қаңтарында мердігер мекеме келіп, мектептің алдын қырып тастады да жоғалып кетті. Күн жылынғасын жұмысын жалғастырады деген, енді қарасын көруден қалдық. Қар еріп, жауын жауғанда балшыққа айналып, мектепке кіру қиын, - дейді №9 мектеп директорының міндетін атқарушы Шынар ТІЛЕПОВА.
Ата-аналар бұл мәселені растады.
- Автотұрақ болмағасын тұратын жер таба алмай сандалып кетеміз, мұнайлы мекен дейді, біздің кейпіміз осы. Автотұрақ болса мұндай қиындық болмас па еді,-дейді Ерлан.
Дәл осындай жағдай №15 мектепке де тән болып шықты. Мектеп алдына автотұрақ болмаса, оқушылардың қауіпсіздігіне қиын болып тұрғанын мектеп директоры Майра ТАҢАТАРОВА жасырмады. Өткен жылы төсеп кеткен шебендер ұшып шашырап жатыр. Бір төбе көрсеткеннен кейін мердігер жоғалып кеткен.
Құрылыс жұмыстарын «Казвесттеам» ЖШС жүзеге асырған. Мердігермен келісімшарт міндеттемелерді уақытында орындамағандықтан бұзылды. Оның үстіне бұл ЖШС басқа да мекемелердің жұмысын дұрыс атқармай, сотпен жосықсыз қатысушы болып табылыпты
«Енді басқа мердігерді анықтау шаралары қолға алынуда. Конкурс жеңіпазы анықталғаннан кейін дереу жұмысты жалғастыратын болады. Бұдан бөлек 6 автотұрақтың жобалау-сметалық құжаттамасының мерзімінің өтіп кетуіне байланысты түзету жұмыстары жүруде, қайта сараптамадан өткізіледі», - дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Бекет БОЗЖІГІТОВ.
Құлсарыдағы автотұрақ жырына қашан нүкте қойылары белгісіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +2 


