Атырау, 7 тамыз 14:17
 дождьВ Атырау +29.2
$ 467.48
€ 539.52
₽ 5.73

Атырау тұрғыны дәрігерлік қателікке байланысты тергеуді жеделдетуді талап етуде

113 рет қаралды

Алмагүл Қонарбаева бірнеше айдан бері қалалық №7 емхана мен облыстық онкологиялық диспансердің дәрігерлерін жауапкершілікке тартуды талап етіп жүр. 

Оның айтуынша, медициналық көмек көрсету кезіндегі қателіктер ана болу мүмкіндігінен айырып, денсаулығына ауыр зардаптар әкелген.

Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, полиция медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ол кейін №7 Атырау қалалық емханасында пациенттерді қолдау қызметінің басшысы болып жұмыс істеген Мұрат Құрбановтың әрекетсіздігі бойынша полицияға арыз түсірген. Қазір Құрбанов - Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Облыстық полиция департаменті редакцияның ресми сауалына жауап бере отырып, іске қатысты медицина қызметкерлерінен жауап алынғанын және тағайындалған сот-медицинналық сараптама қорытындысы шыққан соң процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлады.

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде Қонарбаеваның арызында көрсеткен фактілер №7 қалалық емхана бойынша «негізді», ал облыстық онкологиялық диспансер бойынша «жартылай негізді» деп танылды.

Атап айтқанда, тиісті көрсетілімдері бола тұра ота уақытында жасалмаған, бейінді маманның тағайындаулары орындалмаған, отадан кейінгі бақылау тиісті дәрежеде жүргізілмеген. Сонымен қатар, тиімділігі дәлелденбеген терапия тағайындалып, №7 қалалық емхана мен облыстық онкологиялық диспансер арасындағы сабақтастықтың (өзара байланыс) болмауы сияқты кемшіліктер анықталған.

Тексеру қортындысы бойынша анықталған өрескел бұзушылықтардың орын алуына жол берген №7 қалалық емханасының учаскелік дәрігер-гинекологына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 80-бабының 2-1-бөлігі бойынша әкімшілік шара қолданылды. Тексеріс аясында медициналық іс құжаттарды жүргізуде жіберген бұзушылықтар бойынша облыстық онкологиялық диспансердың жауапты маманына да осы аталған бап бойынша әкімшілік шара қолданылды.

Тексеру материалдары, оның ішінде тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары, процессуалдық шешім қабылдау үшін облыстық полиция департаментіне жолданған.

Қонарбаева бұдан бөлек №7 қалалық емхананың пациенттерді қолдау қызметінің бұрынғы басшысы Мұрат Құрбановтың әрекеттеріне баға беруді сұраған.

Алайда денсаулық сақтау басқармасы да, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаменті де бұған негіз болмағанын мәлімдеді.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қайсар Абдалиев ресми сауалымызға берген жауабында Қонарбаеваның арызы бойынша жүргізілген тексеру кезінде Құрбановтың іс-әрекетіне баға берілмегені және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс түспегенін алға тартты. Оның айтуынша, тексерулер жалпы емхана қызметіне қатысты жүргізілген, ал жеке қызметкерлердің әрекеттеріне баға берілмеген.

Дегенмен, Абдалиев «пациенттерді қолдау қызметінің негізгі функциясы - медициналық көмектің сапасын бақылау және емделушілердің құқықтарын қорғау» екенін растады.

Қызметтік тексеру қорытындылары нәтижесінде №7 қалалық емхана басшысының орынбасары Нұрқаным Үмбетқалиеваға тәртіптік жаза аясында сөгіс берілген.

Басқармада, егер құқық қорғау органдары процессуалдық шешім қабылдап, тиісті ұсыныс енгізсе, қосымша шаралар қаралатынын атап өтті.

ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті Қонарбаеваның шағымында Құрбановтың әрекеттеріне қатысты мәселе көтерілмегенін хабарлады. Сол себепті Құрбановтың қызметтік әрекеттеріне немесе функционалдық міндеттерін орындауына қатысты жеке тексеру жүргізілмеген. Оған қатысты медициналық көмек көрсету кезінде жіберілген бұзушылықтар немесе кемшіліктер туралы жеке қорытынды шығарылмаған және аталған лауазымды тұлғаға қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданбаған.

Алмагүл Қонарбаева материал дайындалып жатқанда редакцияға денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсіп қалғанын хабарлады. Қазір ол өзін күтуге де, дәрі-дәрмегін алып тұруға да хал-жағдайы болмай тұрғанын айтады. Осыған байланысты жан-жақты көмекке зәру екенін және мүгедектік туралы анықтама алу үшін жұмыстанып жатқанын жеткізді.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.