
Атырау қаласының тұрғыны бірнеше отадан кейін денсаулығының күрт нашарлауына және дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегеніне шағымданып, құзырлы органдардың қылмыстық іс қозғауына қол жеткізді. Зардап шегушінің айтуынша, дәрігерлердің салғырттығы мен емдеу шараларының тым созылып кеткеннен ол бала сүю мүмкіндігінен айырылған.
Атырау қаласында медициналық көмекті тиісінше көрсетпеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алмагүл Қонарбаеваның мәлімдеуі бойынша бұл жағдай оның денсаулығының күрт нашарлауына әкеп соқтырған.
Іс жәбірленушінің арызы негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы («Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша тіркелді.
Бұл ақпаратты Атырау облысының Полиция департаменті растады.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша күдікті тұлға анықталады», — деп хабарлады Атырау облысы ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Жәбірленуші Қонарбаеваның айтуынша, бәрі 2025 жылдың күзінде басталған. Сол жылдың 25 қыркүйегінде ол облыстық онкологиялық диспансерде аналық без кистасын алып тастау бойынша ота жасатады. Ауруханадан шыққаннан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлайды: тоқтамай қан кеткен, ауырсыну күшейіп, әлсіздік пен ұйқысыздық мазалайды.
Ол өзі тіркелген қалалық №7 емханаға жүгініп, сондағы дәрігерлер оған облыстық онкодиспансердің онкогинекологына жолдама береді. Алайда, емделушінің сөзінше, диспансер мамандары оны «біздің учаскеге жатпайсыз» деген сылтаумен қабылдаудан бас тартқан. Осыдан кейін емхана оны дәл сол мекенжайға қайта жолдаған.
Науқас әйел дәрігердің қабылдауына кіре алмай жүргенде, оның денсаулығы одан сайын нашарлап, қан кетуі тоқтамаған.
2025 жылдың 17 желтоқсанында жағдайы мүлдем қиындаған әйелге жедел жәрдем шақырылады. Ол Сарыөзек ықшамауданында орналасқан Атырау облыстық ауруханасына жеткізіліп, оған шұғыл түрде ота жасалады. Дәрігерлер науқастың қос жатыр түтігін де алып тастауға мәжбүр болады. Осы отадан кейін А. Қонарбаева бала сүю мүмкіндігінен айырылғанын жеткізді. Оған қоса, сол жылдың 31 желтоқсанында бел тұсындағы ісікке байланысты әйелге тағы бір мәрте ота жасалған.
Денсаулығына зиян келген тұрғын Атырау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, прокуратураға, Денсаулық сақтау министрлігіне және Атырау облысындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шағымданған.
Жәбірленушінің айтуынша, арнайы құрылған комиссияның тексерісі де, тәуелсіз сараптама қорытындысы да дәрігерлер тарапынан жіберілген өрескел заңбұзушылықтарды толықтай растап отыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +30.2