
Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасын өлтіру дерегі бойынша тергеудің жаңа мәліметтері белгілі болды.
Аймақ прокуратурасының Tengrinews.kz сайтына хабарлауынша, күдікті Ақбаян Мұқанғалиева стационарлық кешенді сот-психолого-психиатриялық сараптама өткізу үшін Алматы бойынша сот сараптамасы институтына жіберілді. Әзірге сараптама қорытындысы шыққан жоқ.
Бұған дейін сот санкциясымен әйел Атырау облысындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған болатын. Прокуратура өкілдері сараптамаға жіберу туралы шешім оның мінез-құлқындағы ерекшеліктер мен алғашқы берген жауаптарына байланысты қабылданғанын түсіндірді.
Күдікті мәртебесіне қарамастан, Мұқанғалиеваға әзірге нақты айып тағылған жоқ және бұлтартпау шарасы тағайындалмады. Барлық сараптама аяқталғаннан кейін ғана соңғы құқықтық баға беріледі.
Іс бойынша екінші күдікті — отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке де кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалды. Оның нақты қай жерде жүргізіліп жатқаны көрсетілмеген.
Тергеу мәліметтері бойынша, Сәрсемалиев бірнеше бап - бірнеше рет екі немесе одан да көп адамды өлтіру, ұрлық, алаяқтық бойынша айыпталып отыр.
Прокуратураның мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық бойынша айыптаулар қаза тапқандардың жеке заттарын ұрлауға және олардың малын заңсыз сатуға байланысты.
Еске сала кетсек, бұл деректер Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы бір отбасы мүшелерінің кісі қолынан қаза табуына қатысты.
2025 жылғы желтоқсанның аяғында бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кетті.
Қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптылардың, кейін олардың балаларының мәйіттері табылды.
Негізгі күдікті 29 жастағы күйеу баласыСұлтан Сәрсемалиев болып танылды. Ол қылмыстан кейін жұбайымен бірге елден кетіп қалып, оларға халықаралық іздеу жарияланды.
Ақпанда күдіктілер Индонезияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу барысында Сәрсемалиев отбасының екі мүшесін өлтіргенін мойындап, мәйіттер көмілген жерлерді көрсетті.
В Атырау -10