
Атырау мұнай өңдеу зауытына санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бірақ кәсіпорын бұл шешіммен келіспеді. Ал экология департаментінің тексерісі әлі де жалғасуда.
Айыппұл салынғаны туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Омаров брифингте хабарлады.
Айыппұл көлемі – 1600 АЕК, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша салынған.
Жауапкершілік халықтың санитарлық-эпидемиологиялық амандығы мен гигиеналық нормалар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін көзделген.
Е. Омаровтың айтуынша, жауапкершілікке тартуға табиғи ресурстар басқармасының ұйғарымы негіз болған. Зауыт шағымдану құқығын пайдаланып, материалдарды сотқа жолдады. Бұдан бөлек, Атырау облысының экология департаменті кәсіпорынға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр, оның қорытындысы жақын уақытта жарияланбақ.
Тексеріс бастауға 25 қаңтарда тұрғындар өткір жағымсыз иіс туралы шағымдары себеп болды. Осыдан кейін Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» филиалының мамандары ауа сынамаларын алды. Талдаулар күкіртсутектің артық екенін көрсетті: Кеңөзек ауылдық округінің Тасқала ауылында концентрация нормадан 17,5 есе жоғары, іргелес аумақта – 15 есе, ал Химпосёлок ауданында – 36,3 есе жоғары болған.
Өңірде атмосфералық ауаның сапасын бақылауға арналған автоматтандырылған 50 станция жұмыс істейді, олардың 21-і Атырау қаласында орналасқан. Мәліметтер тұрғындарға AirKZ қосымшасы арқылы қолжетімді. Ластаушы заттардың концентрациясы көтерілген жағдайда арнайы топ оқиға орнына шығып, қосымша өлшемдерді СЭС пен экология департаментінің мамандары жүргізеді.
Ал жағымсыз иістің нақты көзін әзірге анықтау мүмкін болмады.
«Бұл аумақта бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді, сондықтан иістің дәл АМӨЗ-ден шыққанын нақты айтуға болмайды. Қаңтарда жел оңтүстік-шығыстан соққан еді», — деді Омаров.
Атырау мұнай өңдеу зауыты өз қатысын жоққа шығарып, шығарындылардың көзі емес екенін мәлімдеді.
Күкіртсутек деңгейі ондаған есе артса да, нақты қай кәсіпорынның шығарындыларға себеп болғаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10