Атырау, 30 қаңтар 16:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 503.17
€ 600.89
₽ 6.63

Атырауда АМӨЗ-де күкіртсутек пен көміртек тотығының артық мөлшеріне байланысты тексеріс басталды

88 рет қаралды

Жоспардан тыс тексерістің себебі — тұрғындардың шағымдары мен кәсіпорынға жақын орналасқан аудандарда ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенін көрсеткен мониторинг деректері болды.

Облыстық экология департаменті елді мекендерге жақын аумақтарда анықталған күкіртсутек, көміртек тотығы және басқа да ластаушы заттардың шекті деңгейден асуы мүмкін деген деректер бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.

Бұған дейін, 25 қаңтарда, Алғабас ауылындағы «Сая» бау-бақша қоғамының тұрғындары өткір жағымсыз иіс туралы шағымданып, жедел қызметтерге жүгінген еді. Осыдан кейін атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жасалды.

Экология департаментінің мәліметінше, артық мөлшер Мирный, Водник аудандарында және «Сасықсай» булану алаңдарында тіркелген. Бұл жерлерде күкіртсутек пен көміртек тотығының концентрациясы шектен асқан.

Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының деректеріне сәйкес, 19–25 қаңтар аралығында АМӨЗ маңындағы күкіртсутек концентрациясы шекті деңгейден 36,3 есеге дейін асып кеткен. Ал қала маңындағы Тасқала (Алғабас) ауылында — 17,5 есе, іргелес аумақта — 15 есе, Химпоселок ауданында — 36,3 есе артық болған.

Ал АМӨЗ-дың өз зертханасы 25 қаңтар күні атмосфералық ауада ластаушы заттардың шекті деңгейден асқанын тіркемегенін хабарлады.

Бүгін тұрғындар редакцияға тағы да таңертеңгі шығарындыларға қатысты шағым түсірді. Олардың айтуынша, «Шалқыма» мен салық басқармасы маңында тыныс алу мүмкін емес, ал мұндай иістер жиі қайталанатын болған.

Кәсіпорыннан жедел түсініктеме алу мүмкін болмады. АМӨЗ баспасөз хатшысы демалыста екенін айтты. Жарияланған сәтте зауыттан ресми түсініктеме келіп түскен жоқ.

Экология департаменті тексеріс нәтижелерін қосымша хабарлайтынын жеткізді.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 14:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.