
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қаржылық тәртібін бақылауды күшейтуде.
2020 жылдан бері жеке медициналық ұйымдар саны екі есеге жуық артқанымен, қызметтің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай жақсармаған. Осыған байланысты 2025 жылдан бастап алғаш рет сапа индикаторлары енгізіліп, талаптарды орындамаған ұйымдарға экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды. Нәтижесінде бір жыл ішінде 2,8 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.
2026 жылы сапа индикаторларының саны 15-ке дейін көбейтілді. Сонымен қатар, медициналық қызметтерді автоматты бақылау жүйесі іске қосылып, заң бұзушылық анықталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болды.
Күндізгі стационар қызметтерінің тарифтері қайта қаралып, шығындар 2,1 млрд теңгеге қысқартылды. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмекке (МСАК) қаржыландыру тетігі өзгертіліп, халықтың белсенділігі артты: бір жыл ішінде медициналық көмекке жүгінбегендер саны 5,6 млн-нан 3,4 млн адамға дейін азайды.
Министрлік ақпараттық жүйелерді біріктіру, қызметті цифрлық растау және лицензиядан кейінгі бақылауды күшейту шараларын қолға алды. Бұл қадамдар денсаулық сақтау жүйесін ашық әрі тиімді етуге, қаражатты ұтымды пайдалануға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
В Атырау -8