
Атырауда облыстық Жастар ресурстық орталығының бас есепшісі сотталды. Ол үш жылға жуық уақыт бойы өзіне жалақыны, сыйақыны және басқа да төлемдерді заңсыз түрде көбейтіп отырған. Бұл үшін мекеме басшыларының электронды қолтаңбаларын пайдаланған.
Н.Б. есімді азаматша 2022 жылдың ақпанынан бастап орталықта бас есепші болып жұмыс істеген. Қолында басшылардың электронды қолтаңбалары болғандықтан, ол төлем құжаттарын өз бетінше дайындап, қазынашылыққа жіберген. Алдымен дұрыс сомаларды енгізіп, кейін компьютерде өзіне қатысты бөлігін өзгертіп отырған. Алғашқы заңсыз аударымдар 20–50 мың теңге көлемінде болған. Кейін ешкім байқамаған соң, сомалар жүздеген мыңға жеткен.
Осылайша ол жүйелі түрде өзіне жалақы, сыйақы, материалдық көмек, сауықтыру төлемдері және тіпті іссапар шығындарын аударып отырған. Мәселен, 209 мың теңгені «іссапарға» деп алған, бірақ сот анықтағандай, іссапарға жіберу туралы бұйрық мүлде болмаған.
Үш жыл ішінде оған тиесілі 7,7 млн теңгенің орнына бюджеттен 29 млн теңгеден астам қаржы алған. Заңсыз иемденген сома — 21 327 673 теңге.
Сотта ол кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді және мемлекетке 7,3 млн теңгені өз еркімен қайтарғанын айтты. Қалған 14 млн теңгеден астам қаржыны Жастар ресурстық орталығының пайдасына өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Сот әйелді қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған бес жыл бойы материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметтерді атқаруға тыйым салынды.
Алайда ол әзірге колонияға жіберілмейді. Әйелдің кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, сот жазаны орындауды бес жылға дейін кейінге қалдырды, бірақ бұл мерзім бала 14 жасқа толғанға дейін ғана ұзартылады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +24.1