
Бір түнде Атырау тұрғыны екі көлікті айдап әкетіп, кейін өзгенің велосипедіне мінген.
Бұл істегі ең ерекше жағдай – маусымдағы екі ұрлық оқиғасы еді. 8 маусымға қараған түні ер адам алдымен иесі кілтін салонда қалдырған ВАЗ-2110 көлігін айдап кеткен. Қала ішінде біраз жүрген соң, машинаны Жұбанов көшесінде тастап кеткен. Бірақ жарты сағаттан кейін Панфилов көшесінде тағы да ішінде кілті қалған Lada Priora көлігін байқап, оны айдап СМП-163 ықшамауданына дейін барған да сонда қалдырған.
Оның қылмыстық әрекеті мұнымен тоқтамады. Кейін Алмагүл ықшамауданындағы үйлердің бірінің жанынан Stels 710 велосипедін жымқырған. Велосипедпен Панфилов көшесіндегі КамАЗ жанына барып, кабина астындағы металл жәшікті ашып, аккумуляторды ұрлаған.
Істің тағы бір эпизоды – оның жүк тіркемесінің металл борттарын ұрламақ әрекеті. Солардың бірін қабылдау пунктіне апарғанымен, қабылдаушы металлдың ұрланғанын сезіп, алудан бас тартқан. Кейін қаскөй қалған борттарды басқа пунктке апармақ болғанда ұсталған.
Сотта айыпталушы көліктерді айдап кетуді, велосипед пен аккумуляторды ұрлағанын мойындады, бірақ тіркеме борттарын ұрлағанын жоққа шығарды. Оның ойынша, бөтеннің борттарын шешіп алу – ұрлық емес, себебі металлды қабылдау пунктіне өткізіп үлгермеген, демек қылмыс болмаған.
Сот бұл уәжді негізсіз деп танып, барлық эпизодтарды біріктіріп, оған қатаң режимдегі мекемеде 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +24.1