
Әзербайжанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қойылады, деп хабарлайды АА.
Милли Меджлис үшінші оқылымда Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне, сондай-ақ «Ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы» және «Балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы» заңдарға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын мақұлдады.
Құжат балалардың құқықтары мен мүдделерін цифрлық ортада тиімді қорғау, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану және тиісті платформалардың қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленген.
Заң жобасын дайындау барысында халықаралық тәжірибе зерттелді. Құжатқа сәйкес, әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашу үшін ең төменгі жас шегі — 16 жас.
16–18 жас аралығындағы жасөспірімдер әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашып, оны пайдаланып, контент жариялай алады, бірақ тек заңды өкілдерінің келісімімен және бақылауымен.
Сонымен қатар, құжат әлеуметтік платформалар провайдерлерінің міндеттерін айқындайды: балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зиянды контенттің таралуына жол бермеу, жеке деректерді қорғау, қауіпті ақпаратты жедел жою және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау. Заң жобасы Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне жаңа баптар енгізуді де қарастырады.
Өтпелі ережелер заң күшіне енгеннен кейін әлеуметтік платформаларға жаңа талаптарға сәйкес қызметін бейімдеуге белгілі бір уақыт береді.
Заңның қабылдануы балалардың құқықтарын цифрлық ортада қорғауды күшейтуге, қауіпсіз ақпараттық кеңістік қалыптастыруға, әлеуметтік платформалардың қызметін құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруге және мемлекеттік бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
В Атырау +21.2